Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Спортқа бөлінген ақшамен біз шенеуніктерді асырап жатырмыз

06.10.2021, 9:15 600

HALYQLINE.KZ

Спорт менеджері ретінде айтайын, бізде ұлттық спорттың бірнеше түрі бар. Мысалы, күрес, бәйге, көкпар, жамбы ату. Қазақты қазақ қылып келген ұлттық ойындарымыз – осылар. Сол ұлттық спорт түрлерін бүкіл әлемге танытуымыз қажет. Мектеп бағдарламасына енгізіп, бұқаралық спорт ретінде дамытуымыз керек. Футболды айтайық. Ата-бабамыздан қалған спорт па еді? Неге оған миллиардтаған ақша шашамыз? Бюджеттен футбол мен хоккейге бөлініп жатқан соншама қаржы – жемқорлардың жемі. Жартысынан көбі дөкейлердің, әкімдердің құлқынына құйылады. Африкадан, Еуропадан келген қатардан қалған легионерлердің бізге қажеті жоқ. Олардың отаны басқа. Жаны ауырмайды. Намыспен ойнамайды. Шетелден жаны ашымайтын жалдамалы футболшы әкелгенше, аудан орталықтарынан жабық футбол алаңын ашып, ауыл балаларын аладопқа үйреткеніміз өнімді болар еді. Исландияның тәжірибесі – шетелден мықты жаттықтырушыларды жалдайды. Бізге сол жолды таңдап, ауыл-ауданға сондай мықты жаттықтырушыдан бір-бір адам әкеліп, қаржыны соларға шашсақ, соның нәтижесі әлдеқайда жақсы болар еді. Бірнеше жылда әлем чемпиондарын тәрбиелей алмасақ та, қазақ футболының бұғанасы бекитін еді. Шығын да аз болар еді. Спортқа бөлінген ақшамен біз шенеуніктерді асырап жатырмыз. Миллиардтаған қаржы спортшыларға жетіп жатқан жоқ.

Қазақстанда екі трамплин бар. Екеуінің бағасы – 2 млрд доллар. Бізде 200 шаңғышы бар дейік. Оның 90 пайызы басқа ұлт өкілдері. Сонда ақшаны қайда, кімге, не үшін шашып жатырмыз? Ұлыбританияның өзі осыдан он жыл бұрын ғана алғашқы трамплиндерін салды. Өйткені олар қажетті спортқа ғана ақша бөледі. Ал біз ше? Біз көтере алмайтын шоқпарды белге байлауға әуеспіз. Мұның бәрі ысырапшылдық. Бұл спортты дамыту үшін емес, шенеуніктер өздерінің қалтасын толтыру үшін жасалып жатқан қарекет. Олимпиададан қоламен қайтқан спортшылар – сол жемқор шенділердің құрбаны…

Арман  ШОРАЕВТЫҢ  «Жас  Алаш»  газетіне  (№75, 16.09.2021 ж)  берген  сұхбатынан.

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: