HALYQLINE.KZ Биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталады. Оқу жылы 2-3-4 курс студенттері үшін 1 қыркүйектен, 1 курс және магистранттар үшін 6 қыркүйекте басталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова баяндады.
Университетте аралас оқыту нысаны жоспарланған, дәрістер – онлайн түрде өтсе, семинар, зертханалық және қолданбалы сипаттағы практикалық сабақтар санитарлық режим мен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып күндізгі формата жүргізіледі.
«Қазіргі таңда университетте жалпы қызметкер саны 838 болса, оның 497-сін профессор-оқытушылар құрайды. Жалпы білім алушылар контингенті 2019-2020 оқу жылында 5300 құраса, 2020-2021 оқу жылында 6242 өсіп, басталайын деп отырған жаңа оқу жылында 7000-нан асады деп күтілуде. Бұл – университетіміздің имиджі арта түскендігінің белгісі», – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Б.Кәрімова.
Бүгінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде білім беру бағдарламаларының саны – 126. Оның ішінде, бакалавриат бағдарламасы бойынша – 78, магистратура – 35 және докторантура – 13. Сонымен бірге 95 білім бағдарламасы жаңартылып, ҚР БББ реестіріне енгізілді. Оған қоса, 7 инновациялық білім беру және 2 бірлескен білім беру бағдарламасы әзірленді. Бұнымен қатар, өткен оқу жылында университетте бірқатар жаңа бастамалар көтеріліп, көптеген жұмыстар атқарылды. Соның ең маңызды жаңалығының бірі – түлектерге өзіндік үлгідегі диплом беру. Биыл алғаш рет университет дипломдары 1500-нан астам түлекке табысталды.
«Биылғы оқу жылы да бірқатар өзгерістермен басталғалы отыр. Қазіргі уақытта оқу процесін дайындау жұмыстары аяқталды. Оқу форматын ескере отырып, сабақ кестесі жасалды. Дене шынықтыру сабақтарын қоспағанда, білім алушылар аудиторияда болған уақытта бетперде режимі сақталады. Оқу ғимараттары санитарлық талаптарды сақтауға қажетті дезинфекциялық тунельдер, қол термометрі, санитайзерлермен қамтамасыз етілген.
Өңіріміздегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, оқытушылар мен студенттерге барлық сақтық шаралары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде университет қызметкерлерінің 97 пайызы, білім алушылардың 79 пайызы екпе алды. Оқу ғимараттары мен жатақханаларға «Ашық» бағдарламасы арқылы ғана кіруге рұқсат етілген. Ғимараттарға «жасыл» немесе «көк» мәртебесі бар білім алушылар, «жасыл» мәртебесі бар педагогтер мен қызметкерлер кіре алады», – деді Б.Кәрімова.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!