Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет тарапынан қолдау бар

26.08.2021, 10:30 539

Арал жұртшылығы қыс қамымен қарбаласып жүр. Жауын-шашынның мөлшерден аз түсуі, ауа температурасының өте жоғары болуы, Сырдария өзеніндегі су деңгейінің жеткіліксіздігі өңірді қуаңшылыққа ұшыратты. Қалыптасқан табиғи ахуал әсіресе, мал шаруашылығын дамытуға кері әсерін тигізуде. Төмендегі дерекке көз салсақ.

Бүгінге дейін 590 бас мал (оның ішінде 6 мал басы құжаттандырылмаған) өлімі тіркеліп, тиісті сала мамандарымен актіленіп, жойылған. Енді «Теңіз төскейінде төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында қандай шаралар жасалуда?» деген сауалға жауап іздесек.

Бұл тұрғыда қолға алынған жұмыстар аз емес сынды. Мал өлімінің алдын алу, қауіп­сіздік шарала­рын күшейту мақсатында аудан­дық төтен­ше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссия отырысы 4 мәрте өткізіліп, суаттар мен көл жиектеріне ауыл тұрғындарынан құралған еріктілер көмегімен кезекшілік жұмыстары ұйым­дастырылып,  САLL-орталығы  іске қосылған. Сондай-ақ, пада мәселесі күшейтіліп ветеринариялық топтармен ауру малдарға тегін емдеу жүргізілуі мал өлімін тоқтатуға септігін тигізгенін атап өткен жөн. Бас­ты мәселенің бірі саналатын шөп шығымына байла­нысты ауылдық округтер «қызыл», «сары» және «жасыл» аймақтарға бөлініп, тізбесі бекітілді. Нәтижесінде «қызыл» аймаққа – 13 ауылдық округ, «сары»  аймаққа – 7 ауылдық округ және  «жасыл»  аймаққа – 3 ауылдық  округ  енгізілген.

Болған жағдайды жан-жақты зерделеу жұмыс­тары  нәтижесінде ағымдағы жылдың 23-ші  маусым  күні  төтенше  жағдайлардың  алдын алу және оларды жою жөніндегі аудандық комиссияның кезектен тыс отырысы өткізіліп, аудан көлемінде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабыл­данып, 12 шілде күні ҚР Әділет  министр­лігінен тіркеуден өткен. Мына маңыз­ды жайтты көпшілік назарына ұсынсақ. Мал басын нақтылау жағдайды дұрыс саралап, оң шешім қабыл­дануына әсер етері белгілі. Аралдағы ел ағаларының биылғы төлді қоса есепте­генде және алда­ғы қыста даладағы барлық малды қолға ұстау қау­пін ескере отырып, аудан­дағы   төрт   түлікке қажет­ті шөптің  көлемін  205822  бас малға 180 күн­ге 184640 тонна деп  тайға  таңба  басқандай  дәл  есептеп  қойыпты.

Арал өңірінің облыстың оңтүстік аудан­дарына қарағанда өзіне тән табиғи ерекшелігі, қиыншылығы барын жоғарыдағы деректен де аңғаруға болады. Алла сәтін салсын десек те, Арал ауданы әкімі Серік Сермағамбетов­тің мамандығын, өмірлік бай тәжірибесін, теңіз төскейіндегі қабырғалы қауымның ауыз­бір­шілігі молдығы мен шаруаға ептілігін ескерсек, «есебі нақтының – есесі кетпей­ді»  дегенге  сенгің  келеді.

– Аталмыш мәселе аудандық штабпен күндел­ікті мониторинг жасалып, жергілікті шаруа қожалық­тарымен бірге тиісті есеп­темелер жүргізілді. Қазіргі таңда ауданға сырттан тасымалданған шөптің есебі 14684 тонна  болса, аудан аймағынан орылған шөп көлемі 36453 тоннаға жетіп отыр. Яғни, аудан­ға қажет­ті 184640 тоннаның 51137 тоннасы (27,6 па­йыз) қамтамасыз етілді. Аудан­да  тіркелген 205822 бас малдың 144279 басы – жеке тұрғын­дарға, ал, 61543 басы шаруа қожалықтарға тиесілі. Айта кетер жайт, аудандық штабпен алдағы қыста қорада тұратын және далалықта болатын мал басы нақтыланды (Ақпарат үшін: Қарақұм, Жіңішкеқұм, Сазды, Атанши өңірінде және көршілес Ақтөбе облысының Жайсаңбай аймағымен Шалқар ауданына қарасты жайылымдық жерлерде). Нақтырақ айт­қанда, жеке шаруашылықтардың 62938 бас малы алдағы қыста сырттағы жайылымда болады деп  күтілуде. Сәйкесінше 81341  бас  малы  қолда (үйдегі қоражайда) тұрады және біз бірінші кезекте осы жеке тұрғындардағы мал басын жем-шөппен қамтамасыз етудеміз. Шаруа қожа­лықтарында тіркелген 61543 мал басына қажетті шөп азығы да назарда тұр. Есептемелерге сәйкес, оларға 61303 тонна шөп қажет. Бүгін­гі күні 2000  тоннадан шөп астам шөп қоры шаруа қожалық­тарда жасақталды, – дейді осы жұмыстың  басы-қасында  жүрген  азаматтар.

Орайы түскенде мемлекет тарапынан шаруа­ларға әрбір малдың басына төленетін мемлекеттік қолдаудың да бар екендігіне тоқтала кетсек. Атап айтсақ, жем-шөп алу үшін жұмсалған шығындарын өтеу (субсидия), биылғы жылға Қызылорда об­лы­сына республикалық бюджеттен 1 млрд 700 млн теңге қаржы қаралып отыр. Осы қаржыға тиісті өтініштерін электронды жүйе арқылы тапсыра алады. Яғни, әрбір шаруа қожалықта электронды «құпия кілт» бар. Сол арқылы «ҚОЛДАУ KZ» жүйесі­не кіріп, әрбір төрт түлік бойынша қабылданады. Өтініш тап­сы­руды бұрын 50 бастан асқан аналық малда­ры бар шаруашылықтар тапсыратын болса, қазір 30 бастан асса құжат тапсыруға мүм­кіндік берілді. 18 айға толған аналық сиырға – 15000 теңге, 36 айға толған аналық жылқыға -10000, 36 айға толған аналық түйеге – 10000 және қойға – 2500  теңге)  болып  белгіленген.

Төтенше жағдайға байланысты ауданда арнайы жұмыс тобы құрылып, қуаңшылыққа байланысты күнделікті шараларға мониторинг жүргізуде. Сондай-ақ, Арал қаласынан және 12 елді мекеннен ерікті азаматтардан жасақтар құрылды. Аталған жасақтар қазіргі таңда Қазалы ауданының Қарашеңгел, Көларық  округінен, Қармақшы ауданының  Жаңажол ауылынан және Сырдария ауданы Н.Ілия­сов және Шіркейлі ауылдарынан шабындық жерлерін шабуға жұмылдырылуда. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданына барып жергілікті шаруашылық өкілдерімен  кездесіп, шөп бағасын  қолжетімді етумен қатар шабындық жерлерді оруға келісім  жасал­ған. Бұл  ауданда қолға алынған жұмыс­тардың  бір  бөлігі  ғана.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: