HALYQLINE.KZ Облыс әкімдігінің қолдауымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан құрылған «Business-Start» жастар кәсіпкерлігі орталығының ұйымдастыруымен өткен стартап жобалар байқауының жартылай финалдық кезеңі өз мәресіне жетті. Жартылай финалға 85 жоба ұсынылып, нәтижесінде 21 жоба финалға жолдама алды. Оның ішінде университет студенттерінің де жобалары бар. Енді болашақ жас кәсіпкерлердің жобаларына инвестор тарту көзделіп отыр.
«Business-Start» бизнес инкубаторының резиденті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Дидар Сәрсенбек болашақта D cube анимациациялық студиясын ашып, отандық мультфильмді жарыққа шығаруды көздейді. D cube анимациялық студиясының жобасы қолдау тапса, графикалық технологияларды қолдану арқылы түрлі анимациялық, жарнамалық және мультипликациялық бейнероликтер әзірлейтін болады. Осыған дейін бірінші кезеңде ерекше жобасы үшін қаржылай сыйақыға ие болған еді. Қазір ол «Шашбау» атты жаңа жобасын ұсынуға дайындық үстінде. Қазақтың қыз-келіншектері тағатын сәндік қолданбалы әшекей бұйымдарының жасалу жолдары, шығу тарихын мультфильм арқылы көрсетпек.
Финалист Тасқынбайқызы Қаракөздің бағыты – каллиграфия өнері. Қаракөз – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Араб-ағылшын тілі» мамандығы бойынша жоғары білім алған, діни және мәдени каллиграфияның шебері. Қазіргі таңда өз қолымен жазылған мұсылмандық діни және мәдени каллиграфиялық картинкаларды жасап, табыс табуда. Сондай-ақ, ақылы түрде каллиграфия өнеріне қызығушыларға курс өткізеді.
Дидар Сәрсенбек, Қорқыт ата атындағы қызылорда университетінің студенті, «Kyzylorda Business Hub» облыстық стартап жобалар байқауының финалисті:
– Отандық мультфильмді жарыққа шығару – бала күнімнен арманым. «Kyzylorda Business Hub» – мен үшін үлкен мүмкіндік алаңы. 1 кезеңде ұтып алған қаржыға бизнесіме қажетті планшет сатып алдым. Менің жобамда мықты техниканың болуы маңызды рөл ойнайды. Финалдық кезеңде өз жобамның маңыздылығы мен артықшылығын көрсету арқылы инвесторлардың көмегімен бизнесімді толықтай ашамын деген ойдамын. Өз идеясы бар жастарға қазір мүмкіндік өте көп. Техниканың қарыштап дамыған уақытында отандық өнімдердің санын өсіру жастар үшін үлкен міндет болмақ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!