Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Гүлшара Әбдіқалықова: «Сыр өңірінде 35 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде»

08.07.2021, 17:25 478

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен «Бірлік пен бейбітшіліктің 30 жылы» тақырыбында Қызылорда облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХIІІ сессиясы өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Атап айтсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясының қорытындысы бойынша Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеттерін талқылау, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының жаңа орынбасарын қоғамдық негізде тағайындау.

Сессияға Қызылорда облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, Қызылорда қаласы әкімі және онлайн байланыс арқылы аудан әкімдері, этномәдени бірлестік жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар, облыстық Ассамблеяның құрылымдарының жетекшілері қатысты.

Аймақ басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ел дамуында аса маңызды рөл атқаратынын назарға салып, алдағы уақытқа бірқатар міндеттерді жүктеді.

– Биыл бірлігі бекем, татулығы жарасқан Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. Тәуелсіздік – бұл ең алдымен біздің ортақ тарихымызға тағзым, кемел келешегімізге нық сенім. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, халықаралық беделге ие қуатты мемлекетті қалыптастырдық. 2020 жылы әлемді құрсауына алған пандемия жағдайында халқымыз індетті еңсеру жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алды. Облыстық ассамблея мүшелері осы істің бел ортасында болып, үлкен қолдау көрсетті. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады» – деген сөзінің мазмұны терең.

Іргелі мемлекет атануымызда, бірлік, келісім және өзара қолдау қағидаттарына негізделген Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше. Бүгінде Алаштың анасына баланған Сыр өңірінде 35 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Осы ретте, қазақстандық патриотизм, азаматтық теңқұқықтық қағидаттарын, мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін, алуан түрліліктегі бірлікті ілгерілету, ұлтты тұрақты жаңғырту жөнінде шаралар қабылдану қажет. Этномәдени бірлестіктердің мүшелерін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысына тартып, этноәлеуметтік процесстерге мониторинг жүргізіп, қоғамдық келісімді бұзу ықтималдығы жоғары көріністерге талдау жасау арқылы оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірленуі керек. Қайырымдылықпен айналысып жүрген кәсіпкерлер мен меценаттарды ынталандырудың және қайырымдылықты дамытудың жаңа форматты шараларын ұйымдастыру маңызды, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Мұнымен қоса, облыс әкімі «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жұмысын жандандыру мақсатында аймақтық жастар ұйымдарымен бірлескен іс-шаралар кешенін жүзеге асырып, облыстық ассамблеяның Аналар және Қоғамдық келісім кеңестерін этносаралық байланыс алаңы ретінде пайдалануды тапсырды. Және этносаралық қарым-қатынас, қайырымдылық, волонтерлік және мемлекеттік тілді үйрену орталықтары ретінде достық үйлерінің жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті.

Отырыста модератор ретінде сөз бастаған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары Серік Ахмет Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ирина Шек, Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Волонтерлер орталығының жетекшісі Ильдар Гафуров, облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Олег Ким және облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Дильфура Байрахтароваға сөз берді. Спикерлер бейбітшілік пен келісім, ұлттық құндылықтар, әлеуметтік, қоғамдық даму мәселелері бойынша пікірлерін ортаға салды.

Сессияда облыстық Ассамблея Кеңесін осы лауазымға ауыстыру қағидатына сәйкес ұсынымдар бойынша аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы ретінде Ирина Шекті қоғамдық негізде төрағаның орынбасары қызметіне тағайындап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, осы қызметте болған Ильдар Гафуровке жақсы жұмысы үшін алғысы білдірді.

Облыстық ассамблеяның XХІІІ сессиясын қорытындылаған аймақ басшысы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова алдымызда кемел келешекке, жарқын болашаққа жету жолында ұлт үшін атқарылуы тиіс ұлы істер бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, ел тұрақтылығын сақтауда, індеттің күшейуіне байланысты вакцинация жұмыстарын насихаттауға атсалысуда, қуаңшылық кезеңінде елді бірлікке шақыруда облыстық Ассамблеяның орны ерекше екенін назарға салды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: