Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сағымдағы сағыныш

10.06.2021, 9:30 1398

Осыдан бір жыл бұрын қапы­да Құдай қосқан қосағымен, бала-шағасымен араздаспай, қоштаспай кете барған ер-аза­маттарымызға мен сияқты артында қалған жұбайларының атынан сағымдағы сағыныш – «Ескерткіш» болсын деп осы естелігімді  арнап  отырмын.

Сағыныш сезімнің елесі екен ғой, көзге елестеп, жүрегіңді сыздатады. Сенің маған арнап айтатын қалжың сөздеріңді сағындым. Жас кезімізде ешкімнен қысылмай-ақ көпшіліктің көзінше, әрине, жолдастарымыздың арасында отырғанда мені жақсы көретініңді айтқаныңда ұялып қалсам да іштей мақтанатынмын. Жастығым шығар, ол кезде «тәубе, тәубе» демеппін. Қырықтан асқаннан кейін тәубеге келіп, бағалап, бұл деген сыйластыққа ұласуы керек деп іштей түйдім.

Жұбайлық өмір сүйіспеншіліктен басталып, сыйластықпен өтеді екен, егде тартқан кезде аяушылыққа ұла­сады екен  ғой.

Осыдан бір жыл бұрын…

Өсем деген ұлды бағып,

Кетем деген қызды бағып,

Өмірімнің бара жатыр жұлдызы ағып… – деп, ақын Есенқұл Жақыпбеков жырлағандай, жақын жандарын сарыуайымға салып, балаларымның арқасүйер  әкесі,  шаңырағымның көркі болған асыл азаматым, адал жарым Наурызбай Қожахметұлынан қапы­да айырылып қалдым. Өмірдің барлық қиындығын бірге көріп, жеңіп, 47 жыл  бақытты  өмір  сүрдік.

Қазақтың салт-дәстүріне сай «Басын  қарайтуды», «40 күндік асты», «100 күндік асты» жасап, енді 1 жылдық ас беруге дайындалып жатырмыз.

«40  КҮН»

Мен ес білгелі марқұмның артында қалған отбасы 40 күндік ас береді. Осы 40 деген киелі сан екен. Әр аптаның бейсенбісінде садақа жасаумен, Алладан саған иман сұраумен, құран бағыштаумен  өткіздік.

Өзіңе арнап мәңгілік мекенің – төрт құлағыңды, бейітіңді салуға көп ойландым. Басқа да ойларым болған, бірақ ойланып-толғанып осы жергі­лікті материалдан жасауға бел байладым, балаларымыз да келісті. Сен де кей жағдайда өзің білесің дей салып, менің шешімімді мойындайтыныңды білемін ғой. Риза бол, жаным… Сол мекенің өзіңе жайлы, топырағың торқа болсын. Осылай  зырғып  40 күн де  өтті.

«100  КҮН»

100 күн жүзіңді көрмей, уақыт жылжымай қалғандай қараңды көзіме елестету, есікті ашып кіріп келсе екен деген алдамшы елеспен отыру қиынның  қиыны  екен.

Бұндай болар деп кім ойлаған?

Бірге өмір сүрген кей кездерімді есіме түсірсем, қиын деген сәттерімнің өзі сенің арқаңда оңай шешілген екен. Әрдайым сені ата-бабаңның аруағы қолдайды деп ойлайтын едім. Мүмкін солай болған да шығар. Өйткені әрбір көрген қиындығымыздың арты қайырлы болып бітетін. Қазір Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамын, менің маңдайыма сендей азаматты берген, рақмет Аллаға, тәубе, тәубе!

Жүз күнде жүз ойланып шеше алмай отырған сұрақтарым бар, ол сұрақтарды қалай шешемін, ұрпағымыз ол шешімімді қалай түсінеді? Сол сұрақтарға ең болмаса бір ауыз жауап айтпай  кеттің-ау,  жаным.

Қалай шешемін? Өзің айтатындай балалардың миын ашытпа деп, оларға еш салмақ салдыра көрме деп күнде жалынамын  Жаратушыға.

Ішіңде не ой кетті, білсем соны іске асыруға кірісер едім, бірақ білмеймін. Қолымнан енді  сен үшін не  келеді?  Әр  бейсенбіде 7 күлше таратып, күніге 8  рет  құран  бағыштап  отырмын.

«1  ЖЫЛ»

«Өткен күндерден алыс, келер күндерден жақын жоқ» демекші сенімен бірге өмір сүрген бақытты күндерім алыстап  кетті  ғой, бір жыл  болды.

Мақала бойы айтып отырған асыл азаматым – кезінде ақ бас толқындары көбік шашқан, балығы тулаған, шағаласы шулаған Аралдың тумасы Нау­рызбай Қожахметов.

1963 жылы мектеп бітіріп, Алматы халық шаруашылығы институтына түсіп, 1970 жылы оны бітіріп, Қызыл­орданың сауда саласына жолдамамен келіп, қызметке  кіріскен.

Біз 1973 жылы бас қостық. Менің бағалауымша Наурыздың адамдық қадір-қасиеті, парасаты өте биік еді.  Қандай қызметте болса да жұмысына өте мұқият, сауатты, тындырымды, сөзіне ісі сай, көшбасшы, ұжымның ұйытқысы  бола  білді.

1973 жылы мен институт бітіріп, ауылға барып жұмыс істеп, ата-анама, бауырларыма көмектесуім керек деге­німде, «Екеуміз бірге көмекте­сейік, маған сенім артуыңа болады, шын сөзім» деген еді. Сол сөзінде тұрды. Бауыр­ларыма әкесіндей қамқорлық жасады. Маған деген адалдығы мен бірсөзділігі үшін басымды иемін. Өзіне де талай рет рақметімді айтқанмын. Балаларының  алдында да әкелік пары­зын толығымен өтеді, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған кезде көрегенділік танытып, абыройлы қызмет атқарды. Тіршіліктің түйткілдерінде көп нәрсе әйелге байланысты ғой, мен де осындай азаматтың абы­ройын арттыру үшін өз-өзімді дамытып, жан-жақты болуға, атыма затымды сай қылуға  ұмтылып  отырдым.

Маған да, балаларыңа да риза бол, жаным.

Біз саған ризамыз. Сағынып, торы­ғып бір сәт көз жасыма ерік  берсем, артынан  өткенге салауат, барға қана­ғат етіп, өзімді сабырға шақырып отыр­ған  жайым  бар.

Осыдан бір жыл бұрын біздің басы­мызға түскен қайғыға ортақтасып көңілқос білдірген барлық ел ағала­рына, тума-туыс, жекжаттарға, құда-құдағиларға, сыныптас құрбыларыма, көрші­леріме, барлық ағайынға, Наурызбай­мен жұмыстас болған азаматтарға өзімнің, бала-шағамның атынан көп-көп рақмет айтамын. Алла­ның ризашылығы үшін жасаған қызметтеріңіз Алладан қайтсын, әрдайым амандықта, жақсылықта бас қосайық. Артыңда қалған біз оқыған құранның нұрымен пейіште шалқып  жүргейсің,  азаматым.

Көшелі жерде көш бастаған, алқалы жиында сөз бастаған, өр мінезді, сөзге шешен, мінезге бай ер-азаматы­ма, қасиетті Қосым Қожа бабаларының аруағы қолдаған әулетіміздің басшысына, шаңырағымның тірегі, балаларымның асқар тау әкесіне, менің 47 жыл бірге бақытты өмір сүрген жан жарым Наурызбайға арнаған сағымдай болып отырған сағыныш «Ескерткішім» – осындай.

Жұбайы  АҚЗИЯШ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: