Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адал әрекет

03.04.2021, 10:00 483

HALYQLINE.KZ 2012 жылы желтоқсан айында Испанияның Наварр қаласында жеңіл атлетикадан чемпионат өтті. Жарысқа әлемнің ең мықты спортшылары, соның ішінде Кениялық Абель Мутаи да қатысты. Абель Мутаи 3000 метр қашықтыққа жүгіруден Лондондағы Олимпиада ойындарының қола жүлде иесі болатын. Мутаи бұл жолғы Наварр турнирінде де жеңістің төрінен көрінді.

Жанкүйерлер шулап, қол шапалақтай бастап еді, кениялық желаяқ Мутаи өрескел қателік жіберіп, финиш сызығына он метр қалғанда тоқтап, мәреге жеттім деп ойлап, шеткі сызықты кесіп өтті. Испан тілінде қашықтықтың соңы тек он метрден асып бітетінін түсінбеді!

Екінші болып жүгіріп келе жатқан испандық Иван Фернандес Аная кениялық Мутаиды қуып жетті. Испандық спортшы дәл осы сәтті пайдаланып, бірінші орынға оп-оңай жетер еді… Бірақ қарсыластың қателігін пайдаланып, чемпион болуға ар-ұяты жібермеді! Испандық Иван Фернандес кениялық Мутаиға финиш сызығы арыда тұрғанын қолымен көрсетіп түсіндіріп әлек болды. Оны басып озбады. Финиш сызығына дейін жеткізіп салды. Өзі екінші болып сызықты аттады.

Жарыс біткен соң, журналисттер қаумалап, Иван Фернандес Анаяға сұрақтар жаудырды. Виториядан келген 24 жастағы бұл жүгіруші (5000 метрге жүгіруде Испания чемпионы) былай деп жауап берді:

«Жоқ, мен шынымен жеңгім келді. Испания құрамасы атынан Еуропа чемпионатына бару үшін мен басып озып жеңуім керек еді. Бірақ мен бұлай жеңіске лайық емес едім. Үзіліс ұзаққа созылып кетті, рас. Егер ол қателеспегенде, бас жүлдені оңай алар еді. Мен үшін алтын медаль жеңіп алудан гөрі ар, абыройымды сақтау маңызды. Білесіз бе, біз футболда, қоғамда, саясатта кейде қандай әділетсіздіктер болып жатқанын көреміз… Адамдар жиі өрескел теріс мінез-құлық үлгілерін көрсетеді. Мен керісінше, осылай адамшылық танытқаныма қуаныштымын. Және адал әрекет жасадым».


Аударған Раушан Жәкешбай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: