22 Наурыз шығыс халықтарының жаңа жыл мерекесіне орай, ЗК-169/1 тергеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан жазаланушы азаматтар жақындарына мерекелік құттықтау хатын жолдады.
Бұл іс-шара қамаудағыларды психологиялық және моральдік жағынан қолдау мақсатында жүзеге асты. Мекеменің шаруашылық бөліміне қалдырылған сотталғандар, хаттары арқылы туыстарына жылы лебіздерін білдіріп, наурыз мерекесімен құттықтады.
Батыс Қазақстанның тумасы Н.есімді жігіт анасына жазған хатында, алдымен 14-наурыз «Көрісу» мерекесімен құттықтады. Жасаған қылмысына өкініп, кешірім сұрады. Ал 22 Наурыз мерекесінде әулетімен қара шаңыраққа жиналып, дастархан жайып, үлкенге құрмет, кішіге-ізет жасалып, туыстық қарым-қатынастың беки түсетіндігін сағынышпен еске алды.
Келесі бір И. есімді азамат хатында, өз елі Өзбекстанда Наурыз күніне әйелі ерекше ас дайындап, отбасы, көршілерімен тойлайтындығын еске түсіріп, балаларына деген сағынышын жазған.
Осылайша, темір торға телміріп күні өтіп жатқан қамаудағы жандар, алыстағы туыстарына іштегі толғаныс сезімдерін білдіріп, хат жазып, жабырқаулы көңіл-күйден арылды.
Отряд бастығы, әділет аға лейтенанты Е.Қожақметовтың айтуы бойынша, сотталған азаматтар үшін жақындарымен хабарласып тұру, олардың жігерлерін қайрап, түзелу жолына түсуіне, бостандыққа деген үміттерінің оянуына ықпал етеді.
ЗК-169/1 тергеу мекемесінің тіл маманы
Раушан Абдрахманова
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!