Қазақ халқының маңдайына біткен Ұлы тұлға, кемеңгер ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туылғанына биыл – 175 жыл. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында Абай Құнанбайұлының өмір тарихын білу, оны тереңнен зарттеу, философиялық ой-толғамын бала санасына сіңіру маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Осы орайда, бүгін «Мұрагер» мектебінде Қызылорда қаласы білім бөлімінің ұйымдастыруымен ұлы ойшыл, ақын, сазгер Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай – ақыл-ойдың алыбы» атты әдеби-сазды кеші өтті. Абайдың рухани құндылықтарын, қазақтың ұлы ақынының өткені мен бүгінін бейнелейтін шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау – бүгінгі шараның басты мақсаты.
Әдеби-сазды кешке қала мектептерінің өнерлі оқушылары мен ұлағатты ұстаздары қатысты. Шара барысында «Абай – дана, Абай – дара» кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Шараға қала әкімінің орынбасары Қазбекова Мира Жомартқызы, сондай-ақ, қалалық білім беру ұйымдарының қызметкерлері, мектеп директорлары, ардагер ұстаздар да қатысты.
Кешті қала әкімінің орынбасары Қазбекова Мира Жомартқызы ашып, ұлы ақын Абай шығармашылығын жас ұрпаққа танытып, терең меңгеруіне ықпал ету мақсатында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Абай – қазақ болмысының айнасы, ақынның дара тұлғасы халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық. Дүниежүзі әдебиетінде Абай сияқты ақын, ағартушы, ойшыл, сыншы кемде-кем. Ұлы Абайдың мұрасы рухани жаңғырудың маңызды бағдарына айналуы қажет» деген сөзін тілге тиек етіп, шараға қатысушыларды Абай Құнанбайұлының 175 жылдығымен құттықтады және бірқатар оқушылар мен ардагер ұстаздарды қала әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Тағлымы мен тәлімі мол бұл шарада Абай туралы жан-жақты ақпараттар берілді. Сонымен қатар қазақтың күйі шертіліп, мың бұралған би де болды.
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған ұлы Абайға арналған кеш барысында қатысушылар Абайдың бала күнінен, бозбала жігіт және үлкейіп, ел ағасы болған шағынан қойылымдар қойылып, Абай өлеңдерін, қара сөздерін нақышына, мәнеріне келтіре оқыды. №11 мектеп-лицейінің оқушысы, халықаралық фестивальдардың жеңімпазы Төлеубай Дінмұхаммед «Көзімнің қарасы» әнін, №11 мектеп-лицейінің оқушысы, Абай оқуларының жеңімпазы Марат Саян «Айттым сәлем, Қаламқас!»әнін, №264 мектеп-лицейі оқушыларының орындауында «Желсіз түнде жарық ай» әндері айтылды. Әбдімәжитов Бекзатханның орындауында «Сегіз аяқ» өлеңі баянда шырқалса, «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі скрипкада ойналды.
Абай армандаған толық адам өнерлі, білімді, еңбекқор, адал, әділ, жылы жүректі, ыстық қайратты ғылым жолына түскен іздемпаз болуы керек. Міне, бүгін осы қасиеттерді бойына сіңірген талантты оқушыларымыз бен білікті ұстаздарымыз керемет өнер көрсетіп, көрерменге әсерлі көңіл күй сыйлады.
Абай есімі – ұлт санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы.
Біз Абайды тануға, білуге, Абаймен мақтануға тиіспіз. Ұлы ақын өз халқын өркендеген, өскен, еркін халық ретінде көруді армандады. Сол ақын Абай аңсаған арманға бүгінгі күні қол жеткізіп отырмыз. Олай болса, жүрегі қазақ деп соққан қазақ халқы Абай шығармаларын бойтұмарындай сақтауы тиіс.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!