HALYQLINE.KZ БҰҰ Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитіне дайындық аясында өткен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Ауыл шаруашылығы министрлігі басшыларының бейнеконференциясы агроөнеркәсіп кешеніне инновациялар енгізу мәселесіне арналды, – деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.
Онлайн-кеңесті Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылығы, Су шаруашылығы және Өңірлерді дамыту министрліктері ұйымдастырды. Іс-шараға министрлерден басқа, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Дунъюй Цюй және оның орынбасары Владимир Рахманин, ал Қазақстаннан Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Айдарбек Сапаров қатысты.
Кеңестің мақсаты – биылғы қыркүйекке жоспарланған саммит қарсаңында ФАО-ға мүше мемлекеттер арасында диалог өткізу. БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитіне ұйымның Бас хатшысы А.Гутерриш әлемдік азық-түлікті өндіру және қайта өңдеу саласындағы жүйелі проблемаларды жедел шешу қажеттігіне байланысты бастамашылық етті. БҰҰ мәліметтері бойынша, соңғы 50 жылда агроөнеркәсіп кешенінің адамдарға тигізетін пайдасынан зиянды әсері көбейіп кеткен.
ФАО бас директоры өз сөзінде азық-түлікке деген сұраныс үнемі өсіп келе жатқандықтан агрохимия, мұнай химиясы және электр энергиясын пайдалану арқылы азық-түлік өнімдерінің өнеркәсіптік өндірісі кеңейе түсетінін атап өтті. Сондықтан атмосфераға шығарылатын барлық парниктік газдардың төрттен бір бөлігі АӨК-не тиесілі. Топырақтың эрозиясы мен тұздануы, биоалуантүрліліктің жоғалуы және қоршаған ортаның ластануы, әсіресе Орталық Азияда азық-түлік өндірісі өсімінің артуынан болып отыр.
«Осыған байланысты БҰҰ Бас хатшысы ФАО-ға мүше мемлекеттерді азық-түлік жүйелерін экологиялық, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан орнықты етудің тиімді тәсілі – инновацияларды енгізуге шақырады. Сондықтан ол қыркүйек айында азық-түлік жүйелері саммитін өткізу туралы шешім қабылдады», – деп түсіндірді Дунъюй Цюй.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!