Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Соқыр бақ

20.02.2021, 17:00 681

HALYQLINE.KZ Мәдина еріндері кебірсіп, демін әрең алып, ыңырсып жатыр. Аманат жанын табыстар сәттің таяғанын біліп жатыр. Қозғалуға дәрмені жетпей, нұрсыз көзін ашып бөлмені бір шолып шықты. Есін жиғанын байқаған абысыны мен ұлдары елең ете қалды.

– Мәдинаш,

– Мама, – дегені сол еді, қайта талып кетті.
Мәдинаның өткен өмірі көз алдында бейнебір кинолентасындай зулап, өтіп жатты.

Мәдина қара торының сұлуы еді. Мінезі тұйық, сөзге сараң, көп күлмейтін. Үнемі өкпелі кейіпте, қабағы қатулы жүретін. Мектепте де училищеде де достары болды, бірақ ешбіріне ашылып сөйлей бермейтін.

Балғын шағы анасына «маған іні мен сіңлі қашан әкелесің?», «басқалардың бауыры бар, мен неге жалғызбын?» деп қырсығумен өтіпті. Мәдинаны туғаннан соң, жатырын алдырып, бір өмір мүгедекке айналған анасы бұйымтайын орындауға құдіреті жетпейтінін айта алмай, жалғызын құшақтап жылай беретін.
Орыс мектепте оқыды. Қатарластарының барлығы – өзге ұлттың балалары.

Бүкіл мектеп қарақаттай қара көзі, қиылған қасы мен толқынды шашына қарап «Үнді сұлуы» деп шақыратын. Мектеп бітіретін жылы Элдар сөз салыпты, «мектепті бітірген соң үйленейік» депті. Оны естіген шешесі жаны қалмай:

– Өз қазағың бар, мені өлтіріп барып тиесің оған! – деген. Мектеп бітірісімен алыстау болсын деп Ташкенттегі педагогикалық училищеге оқуға жіберді.

Қысқы демалысқа келгенде анасы қызынан сыр тартып:

– Жігітің бар ма? – деген.
– Иә, апа, абыржымаңыз, Ташкенттің қазағы, – деді. Мұны естіген әкесі «жалғызымды жат жерге қалай беремін» деп, уайымға салынды. Сол жылы жазда құда түсе келген аталас әпкесіне келісімін берген.
Мәдина «Сүйгеніме қосылмадым» деп анасына мінез көрсетіп, қырсыққанымен әке әміріне қарсы шыға алмады. Үлкен жанұяға келін боп түсті. Бір жылдан соң бөлек шығып, үй болды.
Мәдинаның «жақсы көріп кетермін» деген үміті ақталмады. Өз өміріне көңілі толмай налып, іштен тынды. Ғашықтық болмағасын ерінің ұнамсыз қылықтары көзге бадырайып ұрып тұрды.

Ренжіскенде әке-шешесіне барып:

– Бақтың көзі шын соқыр екен, бұдан артық шыдай алмаймын, ажырасамын, – деп көз жасына ерік береді. Әкесі ақылға шақырып:

– Ерді тәрбиелейтін – әйел, «бақа жарығы сумен, қатын жарығы ерімен» деген, бар үйіңе түнек орнатпай, – деп маңдайынан сүйіп шығарып салатын.

Мәдина бес баланы дүниеге әкелді. Бір қыз тапсам деп жылма-жыл көте беріпті, жазбаған екен. Күйеуі көлік апатынан қаза болып, отыз бесінде қара жамылды. Сұлулығына талай еркек сұқтанды. Жас әйел қашанда сүйіспеншілікке мұқтаж келеді, бірақ Мәдина арсыздыққа бармады. «Әйелдің ақылын жесірінде байқа» дегендей, сезімнің жетегіне ермеді.

Бала тәрбиесінде, тығырыққа тірелген сәттерінде тірек болып, ақылына ақыл қосар қамқоршының орны білінді, әрине.
Адал еңбегімен, қайтпас-қайсарлығымен бес ұлын да оқытып, үйлендіріп аяққа тұрғызды. Немере сүйді. Өмірдің шырын рақатын көремін дегенде айықпас дертке шалдыққаны осы. Небәрі елу үш жасқа келгенде.

Жазмыштан алған ірілі-ұсақты соққысы жүрегінде шемен боп қата беріпті. Күліп-ойнап, емен-жарқын жүруді білмепті. Басқаға мұңын шағып, әйелдік әдетпен шерін тарқатып жеңілдемепті де. Осы кезге дейін, шипажай, демалыс орындарының да есігін ашпапты.

Ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп, бос уақытын балаларына арнап, күйбең тірліктен бір ауық алыс кетпепті. Бармақтай бақ бұйыртпаған өміріне егесіп, басқа қызықтан баз кешіпті. Тасжүрек тағдырына қамығумен аз ғана қыршын ғұмыры зымырап өте шығыпты.
Мәдинаның тұла бойы жеңілдеп, жүзіне нұр ойнап, қатулы қабағы жазылып, езуінде күлкінің табы білінді. Соңғы рет кірпігін қақты да жүріп кетті.

Нұрлан ТОБАҒАБЫЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: