HALYQLINE.KZ Кеше қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов қайта жаңғыртудан өткен «Тағзым» алаңына барып, Ауғанстан жеріндегі қан майданда қаза болған азаматтарды еске алу шарасына қатысып, мемориал аумағында орналасқан Ауған соғысы, Семей ядролық полигоны, Чернобль апатының құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Есіл ерлердің ерлігін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа ұлағат етуге арналған шара 15 ақпан Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған тарихи күніне сәйкес ұйымдастырылған.
1 минут үнсіздікпен басталған тағылымды басқосуда Асқарбек Темірбекұлы сөз алып, «Бұл күн – өткеннің естелігін жаңғыртып, көптің жанын жаралар күн емес, сол кездегі өр кеуде, өршіл рухты бауырларымызды еске алар, батырларға тағзым етер күн. Тарихи әрі тағдырлы күн» – деп атап өтті. Сонымен бірге азаматтық борышын өтеу жолында қапыда қаза болған жауынгерлердің жанқиярлық ерлігі ұрпақ жадында жаңғырып, ерліктің үлгісі болып қала беретіндігін айтты.
Шарада Сыр жұртшылығы атынан батырлар рухына облыс әкімінің және қала әкімінің тағзым гүлі қойылды.
КСРО Қорғаныс министрлігі Бас штабының деректері бойынша кеңестік 620 мыңға жуық азамат Ауғанстан жеріндегі соғысқа тартылса, оның 22 мыңы қазақстандық әскери болған. Бұл шайқасқа Қызылорда облысы бойынша 800-ге жуық адам аттанып, Қызылорда қаласының өзінен 336 адам қатысқан. Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оларды ұмытпас үшін естеліктер айтылып, ескерткіштер орнатылып, мәңгілік алаулар жағылды.
Мейрамбек Кенжебаев – соғыс өрті тұтанғанда алғаш болып Ауғанстанға табан тіреген жауынгерлер қатарында болып, «Ерлігі үшін» медалін иеленген батырдың бірі. «Қиын кезеңдер өтті, қазір егемен елміз, Тәуелсізбіз» деген ардагердің тілегі бейбіт еліміздің тыныштығы мәңгі, шекарасы бекем болуы ғана.
Талай боздақтың ғұмырын қыршыннан қиып, көңілде сызы, жүректе ізі қалған, ауыр да азапты зұлматты бастан өткерген, оқ пен оттың ортасынан аман келген соғыс ардагерлері де жат жердің болашағы үшін, бейбіт өмірі үшін, соғыста қаза тапқан қаруластарын ерекше тебіреніспен еске алып, ескерткіш белгіге гүл шоқтарын қойды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!