Хазіреті Баязит Бестами әулиелік дарыған пірадар екен.
Арыстанға отын артып келе жатса, жолынан бір қыз жолығыпты.
– Ауылыңа барғанда кімді көрдім деп айтасың? – дейді оған әулие.
– Аң патшасын есек орнына жұмсаған қатыгез бір адамды көрдім деп айтамын, – дейді қыз.
Сонда әулие өз кереметін нәпсі қалауына пайдаланғанын түсініп, «Мына қыз маған ұстаздық қылды» депті.
Тағы бірде ауыл ішінде келе жатса, бір ит оны жанай жүгіріп өтіпті. Сол кезде Бестами шапанының шалғайын көтеріп қалыпты. Мұны байқаған ит Бестамидің хәл тілін түсінетінін біліп, былай депті:
– Уа, Баязит, менің сілекейім жұғып кетеді деп, шапаныңды көтердің. Шапаның жеті рет жусаң тазарар еді. Ал, жүрегіңдегі тәкаппарлықты жеті дарияның суымен жуып кетіре аласың ба?
Иттің бұлай дегенінен Баязит ұялып, кешірім сұрапты.
Бір күні әулие өзен жағасына келсе, дария оған құрмет көрсетіп, екі жарылып, өткел беріпті. Сонда Баязит: «Әне, жұрт елу тілләлық қайықпен өтіп жатыр. Қырық жылдық ғибадатымды кереметке айырбастаймын ба?» – деп пір дәрежесінде тұрса да, өзін қарапайым қалыпқа салыпты.
СӘТСІЗ СЫНАҚ
Қасиетті кітаптардан Қыдыр әулиенің пайғамбарлық дәрежеге қоса ақыретке дейін тірі жүру мұғжизасын иеленгенін білеміз. Көктен періштелердің түсетіні айтылады, ал, Қыдыр атаның мәңгі тұрағы – жер. Қыдыр – хәл тілін білген және ғайып ілім иесі.
Мұнан әрі біз Қыдыр туралы айтпай-ақ қояйық, ондай біліміміз де жоқ.
Өткен ғасырлардың бірінде Бахауаддин деген өте ілімді, әулиелік қонған кісі өтіпті. Аты көп шыққан сол кісіні Қыдыр сынамақ болады. Сөйтіп, бір жиында отырған оған жәй жігіт бейнесінде келіп, қолына су құйыпты. Сол сәтте, былай деп сұрақ қояды.
– Әулием, айтыңызшы, бұрынғы пайғамбарлар абзал ма, Мұхаммед пайғамбардың үмметтері абзал ма?
– Бұрынғының пайғамбары Мұхаммед пайғамбар үмметінің қолына су құйып тұрған жоқ па? Сонда қайсысы абзал? – депті Бахауаддин.
Мұны ешкім естімеді ме дегендей Қыдыр жан-жағына қарап, үйден шығып кетіпті.
«ПЕРЕКУР»
Кеңес өкіметі кезінде бір профессор зауыт жұмысшыларына темекінің зияны жайында лекция оқып тұрып: «Ал, енді перекур», – депті.
…Қыдыр осы заманның бір жұма күні мешітке кірсе, имам уағыз айтып жатыр екен. Ал, бір кісі босағаға арқасын беріп, көзін жұмып отырады. Қыдыр оған:
– Ұйықтап қаласың, уағызды тыңда, – дейді.
– Ұйықтамаймын, – деп ол кісі көзін ашпаған күйі отыра береді. Қыдыр оны қайта-қайта түрткіштеп, уағыз тыңдатпақ болады. Сонда әлгі адам:
– Егер маған тыныштық бермесең, онда сенің Қыдыр әлейкі салам екеніңді бүкіл жамағатқа айғайлап айтамын, – дейді жәй сөйлеп.
Қыдыр пайғамбар ұялғанынан тып-тыныш отыра қалады.
Осындай әулиелері бар елміз, ал, бізге кімдер ақыл айтып жүр?
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!