Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Меңей батыр

28.01.2021, 9:30 985

Бозғылдың екінші әйелі Көлдейден туған үлкен баласы Торбай аталығынан Меңей атты батыр шығады. Меңей – Қыстаубай, Мыңғырай, Қорен батырлармен үзеңгілес, бір-бірлеріне мейірімді, қадірменді адамдар.

Меңей батыр орта жүздегі бір барымтаның ізін жалғастыру үшін қасына 30 шамалы азаматты ертіп, өзі қару-жарағын асынып, түн қатып, ұзақ жол жүріп, орта жүздің атышулы, аузы дуалы, атағы көптеген елдерге мәлім биі қаз дауысты Қазыбектің жылқы бағатындарына ұшырасып, жусап жатқан жылқыларынан 250 жылқыны бөліп, қасындағы жігіттеріне айдатады. Мұны көрген жылқышылар жылқыны айдаған жігіттердің артынан қуады. Меңей батыр бір қыраттың басына шығып, ар жағына көз салса, шұбалаңдаған шаңды көріп, жігіттеріне айғай салыпты. «Жылқыны шашау шығармай қуыңдар, арттарыңа қарамаңдар, адам саны 50-ден көп болса, бастарыңның қамын жегейсіңдер, ал одан аз болса, «арттарыңда Меңей батыр келе жатыр» дегейсіңдер, мен  келе жатқан кісілерге шабуыл жасаймын», – дейді. Қараса, қуып келе жатқанның саны 9 кісі екен. Меңеймен ісі жоқ, жылқы қуғандардың соңынан қуады, аралары алшақ. Меңей батыр атының тартпасын жөндеп, қару-жарағын асынып алып, арттарынан қуып жетіп, 8 кісіні арттарынан найзамен түйреп құлатады да, тоғызыншы жігітпен айқас басталады. Көп уақыт ұрысады, айлакер, талай ұрыста өз ерлігін көрсеткен Меңей батыр әлгі жігітті найзамен түйреп, қол шоқпарымен ұрып, құлатып, өлтіреді. Сөйтіп, кеткен қосынның артынан қуып жетеді. Еліне аман-есен оралады. Бұл ерлер тұра тұрсын.

Сөздің ізін орта жүзден естиік. Жылқы иесі қаз дауысты Қазыбек өткен-кеткеннен сұрау салып, іздестіреді, ақыры болмағасын елді аралатып адам жібереді. Арадан жыл өткенде анығына жетеді. Оқиғаның анығына жеткен қаз дауысты Қазыбек, айтушылардың сөзіне қарағанда, ханға хат жазып:  «Менің  250  бас  жылқымды  қуған 8 кісіні жарақаттаған, бір азаматымды өлтірген Меңей батыр екен. Барымтаның, ердің құны үшін Меңей батырдың басын бермесеңіздер, жауласамын», – деген көрінеді. Бұл суық хабарды есіткен соң ханның ақылшылары, игі жақсылары, батырлары жиылып, кеңес өткеріп, ақылдасып: «Меңейдің басын беруге ризалық білдірсек, кейіншілік адамның басын беру із болады. Онан да бітімшілікке келіп, бүтін кіші жүз болып, құн төлесін» деп, келісім жасайды. Осы билікке өздері қол жайып, пәтуаласады. Кеңес «Ханның шешімі қаз дауысты Қазыбекке хабарлансын, малменен қоса айыбы төленетіндігі ескертілсін», – деп жарлық шығарған болатын-ды. Мұны естіген орта жүз билері келісімге келмейді. Ұлы жүз билерімен сөйлесе отырып, қайтадан кіші жүз билеріне екінші рет хат жолдайды. Өлген ердің құн дауы, ханның жарлығы, билік төрелегімен құрылтайда көтеріледі. Құрылтайға ұлы жүз жүз үй, орта жүз жүз үй, кіші жүз жүз үй тігеді. Тіккен үйлеріңізге қоса, Меңей батырды әкелесіздер деп келіседі. Құрылтай 3 жылда бір рет шақырылатын-ды. Құрылтай қазіргі Қызылорда, бұрынғы Ақмешіттің шығыс жағында, Аққұм деген жерде өтетін болады. Кеңеске кіші жүз 100 үй әкеліп, көл жағасына тігеді. Қалған­дары да жүз-жүзден үйлер тіктіреді. Хан ұйғарым жасамайынша, бір-біріне қатынамайды.

Сөз кезегін кіші жүзден естіңіз. Кіші жүз ханы, батыры, билері ақылдасып, өздерінше пәтуаласады. Сөздің реті Тоқа Сәметке келеді. Өтетін жиынға Кетебайұлы Таңат, Өтетілеу қатынасады. Тоқа Сәмет жиылған көптің алдында, ханның қасында отырып, «бұл жиналудың себебі не екенін білесіздер ме?» – дейді. «Жоқ»  депті  жұрт. «Олай болса естімедім демеңіздер, орта жүз билері өлген ердің құнына Меңей батырдың басын сұрайды. Осыған ақыл айтуымыз керек, болмаса Меңейді қашыруымыз керек. Қане, кім не айтады?» – депті. Сонда бір кісі: «А, Тоқа Сәмет аға, сіз жаңа «Меңейді қашырсақ қайтеді» дедіңіз, Өтетілеу айтса, оның замандасы, Меңей тыңдайды», – депті. «Өтетілеу­жан, – деп,  Тоқа  Сәмет  аға  өз  дауысын  көтеріңкіреп, – онда Меңей батырды қашыр, өлімнен басы азат болады», – деген екен. Өтетілеу «жарайды, айтып көрейін» депті ғой. Айтса, «қаш десеңдер, қашайын» деп, Меңей келісімге келеді. Батыр қашады, Бұхараға қарап жолға шығады, ұзақ жүріп, елден ұзап, ұлы қызылға еніп, атын өріске шідер салып, жіберіп, ер-тоқымын жастанып, ұйқыға кіріседі. Шаршап жүрген Меңей батыр ен қызылдың ішінде күн көтеріліп, денесіне күннің қызуы өткенше жатады. Бір уақыттары тұрса, ұшып жүрген сауысқаннан, шиқылдаған тышқаннан басқа еш нәрсе көзге көрінбейді. Батыр ойланып отырып өзіне-өзі сауал береді. «Е, Меңей, сені орта жүздің малын барымтала, бір адамын өлтір деп кім жұмсады? Ерін өлтіресің, малын барымталайсың, сөйтіп өлімнен қорқып қашасың, осы істерің батыр деген атыңа лайық па?» – деп, жынды кісіше тымағын лақтырып жіберіп, ұзақ сөйлеседі де, «қой Меңей, саған қашу лайық емес, саған лайықтысы – қайта бару. Қаш деген кім, соны біл барып, «кім қаш деді?» деп сұра, жандарың ашыса, құн даулаушыларға майдан деңіздер, сол майданда айқасып, батырдың қолынан өлсем арманым жоқ, мен үшін осы лайық», – деген  көрінеді.

Қайтадан хан ордасына келіп, есіктен кірісімен қолына қылышын алып: «Мені қашыр  деп  айтқан  кім?  Соны  шабамын»,- деген екен. Тоқа Сәмет  ағасы  «Найсап   тоқ­тат!» – десе, қозғалмастан қасқайып атылатын жолбарыстай қарсы қарап, тұра береді. «Отыр» дегенде, аға сөзін сыйлап, жүресінен отырады. Қылышының бәйенегін ағытқан күйінде орнынан тапжылмайды. Меңейді қашырғаннан кейін ұлы жүз бен орта жүзге адам жібер­ген еді. Ондағысы «Меңей батыр өлімнен қорқып, қатын, баладан естіп қашты» – деп, хабарлау болатын. Ұлы жүз бен орта жүз билері бұл хабардан соң, кіші жүзге келіп, қонақасын жейтінін айтады. Сонымен «ұлы жүз, орта жүз билері  Төле би, Сәмеке би, Маман  би,  қаз дауысты  Қазыбек тағы басқа билер келе жатыр» деп сырттағы кісілер ордаға хан мен билерге хабарлапты. Ордадағы кісілер қол қусырып билерді қарсы алыпты, «билер, отырыңдар» деген ишарат білдіреді. Бәрі орын-орнына отырады. Ешкім еш нәрсе деместен ұзақ уақыт  үн қатыспайды. Амандасып  болған  соң, Қазыбек би сөз бастап: «Тоқа  Сәмет аға!  Кейінгі  жастарды адам тани  бермейді, ана отырғандарды таныстырыңыз»,- депті. «Кетебай  ағаңызды  есіткеніңіз  бар ма?» – дегенде, «Иә», – депті Қазыбек   би.  «Анау  отырған  Таңат, – депті, сонда қаз дауысты Қазыбек би. «Атан тумас, ақ бураның тұқымы бар екен ғой»,- деген екен. «Оның қасында отырған да Кетебай ағаңның баласы Өтетілеу», – деп сөзін жалғастырыпты Тоқа Сәмет. «Бір бағыты көкте, бір бағыты жерде. Жолбарыс айналатын бала екен. Өзінікі болмаса, кісіні демеген жаттың досы, жақынның қасы, сіңір желке, қу жауырын екен ғой» – деген екен Қазыбек би. «Ал осындай тыныштық заманда жалғыз басын жау қамап, қару-жарақ асынып отырғаның кім?», – дегенде, «Ол үш жүздің басын бір жерге қосып отырған Меңей тентек», – депті Тоқа Сәмет. Сонда Қазыбек би көп отырып: «Әлім менен Шөменсің, бір-біріңді жеңесің. Аспан менен Бозғылсың, бір-біріңнен озғынсың, ай, Кіші жүз-ай, баз біреулерің бар, сөздің мәнісіне түсіне бермейтін бұзғынсың, мынауыңның алдына 10 түйе мен жүз қой салып бергеніңде, менің жылқымды қумаған, адамымды өлтірмеген болар еді, түр-түсі суық қолайсыз неме екен. Қарны ашса, қараға шабатынның өзі екен. Кештім, кештім, кештім», – деп, үш рет қайталаған көрінеді.

Бидің  сөзіне  риза  болған  халық,  «Меңей  батырдың  басын  өлімге  бермесең, көнбейміз дейтін Қазыбек кештім депті. Уа Тоқа Сәмет аға, елге қашан көшеміз, малды қашан айдаймыз,  үйлерді қашан жығып, көлікке артамыз?», – десе, Тоқа Сәмет: «Үйлер жығылмайды,көшу ертерек, Қазыбек би барлық билікті Кетебайұлы Өтетілеуге тапсыра­ды ғой. Еліміздің арасындағы бітімшілікті Өтетілеужан шешеді», – депті. Міне, сонда Өтетілеу: «Құнның айыбына төленетін мал тоғыз-тоғыз болады. Ақ бақай, ақ танау болмайды, бірыңғай мөлдір қара болады, неме­се бота мойын жамбы, тай тұяқ, алтын, қалы кілем даярлау керек. Онан соң Меңейдің аяғына кісен, қолына қолатқы өткеріліп, түйе­нің құйрығына тіркеліп, айдалсын, менің билігім осы, артық десеңіздер, кеміте­сіздер, аз десеңіздер, қосасыздар», – депті. Халық дұрыс шешімді  мақұлдапты. Түйелерге қоңырау байланып, Меңей айдалыпты. Ұлы төбе басына шығып, «кіші жүз келе жатыр» деп айғай салады. Мұны естіген билер қыратқа шықса, келе жатқан қазына малдарды көреді. Қазыбек би түйенің артына тіркелген адамды көріп: «Аяғынан кісен алынсын, қолы қолатқыдан босатылсын, басына бостандық берілсін, әйтпесе кейінгі кезде айыпталушылардың аяғына кісен өткеру, қолына қолатқы салу із болып қалады», – деп айғайлапты. Осы шешімді Абылай хан мақұлдаған көрінеді. Сөйтіп Аққұмдағы құрылтай аяқталып, үш жүз бітім жасап, салтанатты той өткеріп, Аққұмдағы төбе Кеңес төбе атаныпты. Кейін­нен «Кеңес төбе» атын өзгертіп, мұны биік төбе деп атап кетіпті.

Берік  САЙМАҒАНБЕТОВ,

ҚР  мәдениет  қайраткері,  жыршы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: