ТІЛШІ
Қалқаны – қағаз, қару қып алған қаламын,
Тілшілік деген тірлігі емес шаланың.
Ағаның қамын ысыра салып шын істе,
Сөзін сөйлейді ол қараның.
Айнала алуан берсе де мейлі дерегін,
Сене салмайды, сүзіп алады керегін.
Аз ба, көп пе, саз жазады олар бастысы,
Мақаласының есептемейді көлемін.
Мәселенің де ажыратады дұрыс, бұрысын,
Тіршіліктің де ашады солай тынысын.
Жүрегін жұртқа жақын ұстайды тілшілер,
Арынан ғана теріп алады ырысын.
Кезеді ол ауыл, елдің де әрбір қаласын,
Қиын демейді, қашық демейді арасын.
Тыншымайтынын біледі ісі бітпесе,
Шындықпен ғана жазады жұрттың жарасын.
Осыдан кейін қарайды оған сынай кім?
Ақиқаты оның дұрыстығындай күн, айдың.
Әр елге мынау, әлемге мынау тілшілер,
Әділдік үшін жібергені ғой Құдайдың.
СӘТ
Көңіліңе түсірдім бе қаяу-мұң?
Тағдыр біздің білмегендей аяуды.
Естеліктен түк қалмады есімде,
Саған барған жолдар қайда аяулы?
Жылы жаққа жыл құсымен кеттің бе?
Сырын айтып жүретін қыз тек түнге.
Оралмадың. Мені аяған өзіңдей,
Жанарынан жас тамады көктің де.
Өзің жайлы ешбір жерде жоқ дерек,
Сезім енді кіммен, қалай көктемек?
Мен отырмын ренжулі ғұмырдың,
Бір өзіңмен өтпесіне өкпелеп.
Дерегің жоқ қайда кеттің, қарағым?
Шырқалмады сен кеткелі бал әнім.
Жоғалтқан күн еске орала береді,
Көз алдымда көлбеңдейді жанарың.
Сүріндірген сол күндерге кектендім,
Түсінерсің себебін бұл өкпемнің.
Қос жағада қалып қойдық, тағдыр да
Сен жағына өткізбеді өткелдің.
Қайыры жоқ сауға сұрап қолдардан,
Өліарада саған жетпей, өлді арман.
Сағынғанда айта алмаған күйім бұл,
Саған барып, қайта алмаған жолдардан.
КҮЗКҮТКЕН
Бұлттардың қалыбынан көрдім,
Қыркезбе шарығынан көрдім даланың.
Соқпағым сағымға маңып,
Сағынған шағымда налып
Қайда жүр едің, қарағым?
Қайтпаса сезімнен пәтім
Жеріне жұлдыздар жақын алаптан.
Тылсым – өң – ғаламның әрі,
Жалғыздай адамның жаны
Өзіне кербез қаратқан.
Мен сені іздеп келемін,
Көк сағым тізбектеледі көк шоғыр.
Жеткенше налып қана мен
Жез айды алып барар ем
Жеті қат көкке жетсе әмір.
Білген соң мүйіз шықпасын,
Көк түгіл, жердің тұтқасын сілкілеп.
Жанарға жас әкеледі,
Жолымды баса береді
бір түнек…
Сейілтер түнекті сөзі,
Жар ғұмыр, сенгенім — өзің, үмітім.
Келгендей жалын жанарға,
Ел мендей сағына алар ма,
Жалғыздық кешіп күні-түн.
Сыр айтшы сеніп, қылықтым,
Күтемін өмір бұйрықтың кеңдігін.
Шыр-шудан сана бұлттаса
Көңілің алабұртса да,
Үнсіз кетпеші ендігі…
ТІЛЕУ
Құлақ ассаң мешітке ертелі күн,
Жүрегіңді азанның елітеді үні.
Тәңірден тілемесең тағдырыңның,
Осы кезден белгілі келтелігі.
Құран, намаз сұралар бәрі бізде,
Жақсы күнді тілейміз жанымызбен.
Мақшар түні аламыз сыбағаны,
Алла алдында өлшеніп арымызбен.
Көрсетпедім дейсің-ау көзге ештеңе,
Тамылжымас ол тіпті боз кеште де.
Садақаңды аяма, мадақта оны,
Жаратқанға тең келмес өзге ештеңе.
Пенде алдында парызды көтергенмен,
Рахманға қарыз боп өтер кеудең.
Жығылмасаң, басыңды сәждеге қой,
Бес күніңді өткізбе тепеңдеумен.
Ойлан. Саған болар тек аспан алаң.
Жақсы болған дейсің бе жастан адам?!
Бар қатеңді кешірер жалғыз Құдай,
Құдіретті күш те жоқ, асқан одан.
Демегін, сынағын көп артып еді,
Күнәден сауапты істің тар түбегі.
Қолдан келсе, барып қайт қажылыққа,
Жалғыз жанның болады, жар тірегі.
МАДАҚ
Беу, айналайын туған елім, өсірген,
Кездерім көп ессіздіктен есірген.
Түндігіңнен еркіндігің енгенде,
Түйсігімнен талай жырды көшіргем.
Боз далада боздамайды боз інген,
Қалдырмадың көппен ерген көшімнен.
Азаттығым қан-қасаптан титықтап,
Менің «Алтын ғасырымда» көз ілген.
Мұһмин болып мұңның жүгін сүйреген,
Алай-дүлей тұманды бір күйге енем.
Еркіндігім саздан соққан ескерткіш –
Жетімдердің көз жасымен иленген.
Пешенемнің шимайлары жалғасын,
Дүриямның бұрып берген арбасын.
Қатпардағы һәріпіңмен оқимын,
Шатқалдағы тағдырлардың таңбасын.
Серпілтетін сарғайғанда сананы,
Тарихымның үзілмесін парағы.
Ағыл-тегіл кемсеңдейді. Сеземін
Мұңға толған қобызымның шанағы,
Уай, Әділет, әлемімнің бағысың,
Отты жырым жігеріңді жанысын,
Менің бабам жаныменен өтеген,
Азаттықтың ақысын!!!
ЭКСПРОМТ
Қайда жүрсің келешек келіншегім?
Елеңдеумен күтіп жүр елің сенің.
Өміріңді өзгертем мәңгілікке,
Көңіліңді түсірме, көңілшегім!
Кеткендей көктен жерге жаһұт түсіп,
Бақ-айдынға жетейік бақыт құшып.
Асықпай-ақ қояр ем үйленуге,
Барады күннен-күнге уақыт қысып.
Шықпайтынын білсем де ардан бүлік,
Мазалайды жанымды жалған күдік.
Жаңа жылда жарқырып шоқ жұлдыздай,
Жарығым-ау, шықсаңшы алдан күліп.
Жүздескенде көрерсің сезіп, біліп,
Қояды әлі сөзімді көз ұқтырып.
Жолықтыра ма екен-ай айда бізді,
Әлде күнде қоя ма кезіктіріп?
Ең бастысы, болмасын күйік, нала,
Той жасаймын халқымды жиып дара.
Ерте үйіме кел енді еркелемей,
Өмір бойы өтейін сүйіп қана.
АҚСУАТ
Ақсуаттың жері ыстық көкте күннен,
Адамдары текті, асыл шеттерінен.
Жусан иісін иіскеп тау тұлғалар,
Өзіңнің шығып еді шекпеніңнен.
Дауыл тұрса көрініп, дала мұңды,
Шаң көмкеріп алатын балағымды.
Алтын қазық өзіңсің оралтатын,
Естелікті еске сап бала күнгі.
Күннің көзі сәтте бір көтерілген,
Оқышының қой өріп етегінен,
Сырдарияны асқызып арнасынан,
Көп арманның кетуші ек жетегімен.
Домбыраның жыр төгіп шанағынан,
Көкке өрлеген мен едім бала қыран.
Сыр мекенім өзіңсің – Ақсуатым,
Ұлының жыр туғызған қаламынан.
Құт бітіріп әр басқан қадамдарға,
Сенде өскен жан, сеп таппас алаңдарға.
Алынбайтын биік пен белес жоқ-ау,
Оқышыдан аса алған адамдарға.
Атойлап естілсе де айдан дүбір,
Кіндігім бір өзіңе байланды бұл.
Туған ауыл Ақсуат бір өзіңді,
Жырлауға бұл жетсе екен қайран ғұмыр.
Ақтілек БІТІМБАЙ
Ақтілек баламыздың талабы өрлей берсін!
Биік шыңдардан көре берейік.
Жырларың ұнады.