Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

САЙЛАУ ҚАЛАЙ ӨТТІ немесе дауыс беру учаскелерін меншіктеп алған кім?

14.01.2021, 12:00 967

Қазақ қоғамында «сайлау» мен «алдау» тіркесі көп жерлерде қатар жүріп, синонимдік баламаны беретін болғандай. Осы жылғы партиялық тізім бойынша мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депу­таттарын сайлау барысында да халық пікірі екіге бөлінген еді. Бірі сайлау нау­қанына белсене атсалысуды жөн көрсе, бірі сайлаудың әділдігіне күмәнмен қарап, «менің дауысым ешнәрсені шешпейді» дегенге басты. Әлем­дік саясат сахнасындағы ала-құла «қойылымдардың» уақытысына тура келген біздің сайлау қаншалықты әділ өтетінін бағам­дамақ болып, қаладағы бірқатар сайлау учаскесін араладық. Нәтижесінде, біз арала­ған сайлау учаскелерінде анық заң­бұзушылықтар болып, кейбіреулері карантин деген желеумен БАҚ өкілдерін кіргізуден бас тартты. Осы тұрғыда, сайлау күні басымыздан кешкен қилы оқи­ғаларды оқырманға ұсынуды жөн санадық.

Сайлау кезіндегі күн райының кенеттен жылып, айналасына жайма-шуақ жылулық шашқанын ырымдап, жақсыға баладық. Мұндай күні сайлау учаскелерін аралау бізге де қолайлы болды. Қолымызға қажетті құжаттар тигесін бірден сайлау учаскелеріне аттандық. Алдымен №184 сайлау учаскесіне ат басын тіредік. Таң шапағымен сайлау барысы қалыпты өтіп жатты. Келушілер қарасы да жетерлік. Қажетті құжаттарды алып болған соң, байқаушыларға жол тарттық. Оларға жақындап, «тәуел­сіз байқаушылар бар ма?» деген сұраққа барлығы бір ауыздан «жоқ» деп жауап берді. Деген­мен, байқаушылардың қарасы көп бол­ғаннан кейін, сайлауға байқаушыларын жіберген­ тәуелсіз қоғамдық бірлестіктердің атын атап, түсін түстей бастадық. Таныс сөзді естігеннен бе, білмеймін, әйтеуір әлгі байқаушылар аяқ астынан «тәуелсізге» айналып шыға келді. Солардың бірі «Жастар үні» қоғамдық бірлестігінен келген байқаушыны тауып, бір-екі сауал қойғанбыз. Алайда әлгі кісі қымсынып, сұрақтарға жауап бере алмай тарылып қалды. Кейіннен байқаушылардың көп бөлігі сол сайлау учаскесін ұйымдастырған №43 орта мектептің мұғалімдері екенін анықтадық.

Сайлауды бағамдау барысында бірнеше сайлау  учаскесін  араладық. Барлығында бірдей осы тектес түсініспеушіліктер болып жатты.  Мысалы, №206 сайлау учаскесінде «Nur Otan» партиясынан келген байқаушы БАҚ-тың тәуелсіз бақылаушылармен сөйлесуіне қарсылығын білдіріп, бізді шығарып жіберуін сұрады. Сайлау күнінің бірінші бөлігі осылайша қалыпты аяқталды. Дегенмен, бұл дауыл алдындағы ысқырық жел болып шыққандай. Түс ауа күннің суытуымен қатар сайлау­ жұмыстары да мазасыздана бастады. Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжiнде орналасқан №207 сайлау учаскесін толықтай құқықбұзушылық жай­лағандай көрінді. Өзін Орынбай Қуанышбаев деп таныстырған учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы БАҚ өкілдеріне байқаушылармен сұхбаттасуына рұқсат бермей, «Бұл – менің  меншігім, мұнда менің  ғана  айтуыммен қимылдайсыңдар» деп дүрсе қоя берді. Басында­ «заңмен рұқсат етілмейді» деп «шырыл­да­ған»  төрағаны облыстық сайлау комиссиясының мамандарымен байланыс­тырып, толық­тай рұқсат екенін дәлелдеген болат­ынбыз. Алайда «Бұл – менің жеке меншігім» деп, дес бермеген төраға байқау­шыларға  БАҚ өкілдерімен байланысуға тыйым­  салды.

– Бұл жерде, №207 сайлау учаскесінде мен ғана рұқсат беремін. Керек ақпарат болса, менің өзімнен алыңыз. Байқаушылар сізге кез келген ақпарат беретін болса, оларды шығарып жіберем­ін. Байқаушыларды бақылау – менің міндетім. Олар «слишком» көп қозғалып кетті. Ақпарат керек болса, менен ала бер. Байқаушылардың мен белгілеп берген шекарасы бар. Содан шығуына рұқсат бермеймін. Бұл ісім заңға қайшы екенін білемін. Заң рұқсат етсе де, мен рұқсат етпеймін, – деді №207 учаскелік сайлау комиссия­сының төрағасы Орынбай Жан­төреұлы.

Бірнеше уақыт арпалыстан кейін, төраға орнын тастап, бос тұрған кабинеттің біріне кіріп, ғайып болғаны сол-ақ, сол жердегі комис­сия мүшелері құқық қорғау органдарын шақыртып, «акт толтырамын» деп қорқытуға көшті. Алайда полицейлер де заң алдындағы қауқарсыздығын көрсетіп, кабинетінен шықпай, керісінше бізді көріп, қайта «тығылып» қалды. Артынша облыстық сайлау комиссиясы­ біздің сауалымызды растап, учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының әрекеті заңға қайшы екенін мойындады. Ал байқаушылардың көбі сол мекеменің қызметкерлері болған соң, «төраға рұқсатынсыз артық қимылдамаймыз» деп кесіп айтып, төрағаның учаске ішіндегі «монархиясына» көз жұма қараудан басқа амалы­  қалмады.

Одан соң, №209 сайлау учаскесіне бардық. Учаскеге тиесілі 1396 адамның 20-30 пайызы келіп, өз дауысын беріп үлгеріпті. Төрт адам үйінен дауыс берген екен. Бұл учаскеде де толық ақпаратты ұсынып болған соң, байқау­шылармен сөйлесуге мүмкіндік бермей, сай­лау­  учаскесінен шығарып жіберді. Бұл әрекет­терін «құжаттарың тексеріс жұмыстарын жүргізуге жарамсыз» деген сылтаумен ақтап алды. Осылайша, сайлау барысында БАҚ туралы заңның күші жойылып, жоққа айнал­ғандай күй кештік.

Сапарымызды №200 сайлау учаскесінде жалғастырдық. Азаннан бері болған бақылау­дан жалғыз ешқандай шағым болмаған сайлау­ учаскесі осы болды. Байқаушылардың саны да, сапасы да көңіл толтырады. Сайлау комиссиясы да БАҚ өкілдері дегенде төбе шаштары тік тұрмай, байсалды қарсы алды. Ондағы жағдайдың қалыптылығына көңіліміз толып, №199 учаскеге аяқ бастық. Кіргеннен-ақ салқы­н кеуілдің ызғары сезілгендей болған учаскеде келмей жатып, БАҚ-тан «құтылатын» құжаттарын алдымызға тастады. Біз де өз құжатымызбен таныстырып, сайлау барысын білуге рұқсат сұраған едік. Алайда онымызды құптамай, «біздегі байқаушылар саны өте көп. Карантин ережесіне сай сізді кіргізе алмаймын» деп жауап қатты. Өзін Алтынкүл Төлегенова деп таныстырған учаскелік сайлау комиссиясының хатшысынан ең құрғында байқаушылармен пікірлесіп кетуді сұрағанымызда, өзінің «дайындап қойған» бір-екі байқаушысымен ғана тілдесуге рұқсат берді. Қалғаны­на түбегейлі тыйым салып, бізбен тезіре­к  қоштасуға  асықты.

Міне, бір күндік сайлаудағы көзбен көріп, құлақпен  естігеніміз – осылар. Бұл күні біз барған  сайлау  учаскелерінің көп бөлігінде БАҚ өкілдеріне қатаң қысым қолданылды. Заңмен сүйретіліп шыққандарға шарасыздық танытып, амалсыздан байқаушыларға шүй­лікті. Айтпақшы, №203 сайлау учаскесінде байқаушы болып отырған бір ағамыз бізбен сөйлесуден бас тартты. Онысын «жоғары­дағылар солай деп айтқан» деп түсіндірді. Жұрт айтат­ын, БАҚ жұмысына кедергі келтіруші жоғарыд­ағылардың кім екені қызық­тырып еді.

Жер-жаһанды жалынымен шарпыған түрлі саяси оқиғалар ешкімге де оңай тиіп жатпағаны­ түсінікті. Осы тұрғыда, пандемиямен жағаласып өткен сайлау барысында да «аңқитып» кететін ағаттықты болдырмау үшін барынша тырыстық. Өз позициямызды соңына дейін берік ұстадық­. Алайда кей жерлерде заңның шарасыздығына көзіміз жетіп қайттық. Біз бағамдаған сайлау барысы осылай болды. Аралаған он шақты­ учаскені көріп қайтып, сайлаудың әділ­дігі мен жалғандығына шешім шығару мүмкін емес. Сондықтан, оқырманның талғам тара­зысына  қалдырдық.

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: