Мұнан 164 жыл бұрын батыр әрі әулие Жанқожа Нұрмұхамедұлының басшылығымен Ресей патшасының озбыр саясатына қарсы шыққан халық көтерілісінің шешуші шайқасы Арықбалықта өткені көзі қарақтыларға жақсы мәлім. Тарих парағына «Арықбалық шайқасы» атауымен енген сол қанды-қасап арада қаншама жылдар өтсе де ел жадынан өшкен жоқ. Ұрпақтан-ұрпаққа аңыздай тарап, аманат түрінде айтылып келеді. Әрі солай бола да бермекші.
Кеше Арықбалық ауылдық округінде өткен тағылымды шара бабалар аманатына деген ұрпақтарының адалдығын тағы да дәлелдеді. Жанқожа баба бастаған сол көтерілісші батырлардың ұрпақтары бұл күні аталар ерлігіне тағзым жасады.
«Арықбалық шайқасы» құрбандарын еске алу шарасына қатысушылар алдымен ауыл орталығындағы монуметке гүл шоқтарын қойды. Жиналғандар алдында ауылдық округ әкімі Маулен Қайруллаев бабаларымыздың ерлігіне тоқталса, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Қоспан Моряк, ауыл тұрғыны Мұратбек Балкеев өскелең буынға тигізер шараның маңыздылығы, терең тәрбиелік мәні жайлы әңгімеледі.
Мұнан соң ауылдағы «Сарқұл қожа» мешітінде Арықбалық шайқасында құрбан болған бабалардың рухына құран бағышталды.
«Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайлы» деген осы да.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!