HALYQLINE.KZ ҚР премьер-министрі Асқар Мамин ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысын өткізді, – деп хабарлайды primeminister.kz сайты.
Ақпарат бойынша, ҚР-да коронавирус инфекциясының таралуы бақыланатын деңгейде тұр. Коронавирус инфекциясымен жаңадан сырқаттанғандардың тәуліктік өсімі – 0,4 пайыз, репродуктивтік көрсеткіші – 0,9. Инфекциялық төсек орындарының толымдылығы – 28 пайыз, реанимациялық төсек орындарының толымдылығы – 20 пайыз. 5 өңір жоғары және орташа тәуекел аймақтарында орналасқан, атап айтсақ: Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары.
Келесі жылғы қаңтар-ақпан айларында ЖРВИ мен тұмаудың өсуі аясында коронавирус инфекциясымен сырқаттану деңгейінің арту қаупі бар екені айтылды.
Осыған байланысты ВАК бірқатар шешім қабылдады:
- 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге тыйым салынады.
- Эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін «Теңіз» кен орнында шектеу шаралары күшейтіледі.
- Бөлшек сауда желісінде антиковидті дәрілік заттардың бағасын орта есеппен 24 пайызға төмендету бойынша шаралар қабылдау.
Сонымен қатар, білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында, Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша, сондай-ақ қоғамның пікірін ескере отырып, келесі шешімдер қабылданды:
- оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін (9, 11, 12-сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту (пәндердің 70 пайызын – дәстүрлі форматта, 30 пайызын – қашықтан) қарастырылсын;
- оқу жылының III тоқсанынан бастап мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылсын;
- II семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттерін аралас оқыту қайта басталсын.
Үкімет басшысы әкімдерге өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жағдайды тұрақтандыру мақсатында қажетті шектеу шараларын қабылдауды тапсырды.
Премьер-министр әкімдердің назарын қоғамдық орындарды, мектептер мен балабақшаларды сапалы санитарлық өңдеу, сондай-ақ егу пункттерін вакцинациялауға дайындау қажеттігіне аударды.
Ішкі істер министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мереке алдындағы және мереке күндері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!