HALYQLINE.KZ Онлайн-форматта өтіп жатқан «Айбын-2020» VI Республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының кезекті сайысында Сыр өңірінің жастары бағын сынады.
Қызылорда гарнизонынан Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің ұйымдастыруымен онлайн-форматта өтіп жатқан «Айбын-2020» VI Республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына 15 оқушы, яғни, 10 ер бала және 5 қыз бала қатысуда. Жалпы, жеті бағдарлама бойынша сынға түсетін оқушылар мектеп-лицейлердің арасындағы іріктеулерден өткен жарысқа сақадай сай жастар. Жиынның кезекті жарысында Қызылорда өңірінің сарбаздары плащ түріндегі жалпы әскери қорғаныш толымы мен газ тұмылдырықты уақытқа кию бойынша жарысты. Жалпы нәтижелері алдағы уақыттарда белгілі болады.
Қызылорда облысының «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің бірқатар ардагерлері және қатысушылардың ата-аналары жастарға қолдау білдіріп, алдағы сайыстарға сәттілік тіледі.
«Біз қазіргі болып жатқан «Айбын-2020» сайысына қатысып, плащ түріндегі жалпы әскери қорғаныш толымы мен газ тұмылдырықты уақытқа кию бойынша нормативтер тапсырдық. Осы сайысқа жыл бойы дайындалып, асыға күттік. Жақсы нәтижеге қол жеткіздік деп ойлаймын. Басқа қарсылас командаларға да сәттілік тілеймін», – дейді Қызылорда облысы «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының мүшесі Малика Нұрлан.
Жастарды Отан сүйгіштікке, әскери патриоттық тәрбие беруге, әскери қызметті насихаттау және Қарулы Күштеріміздің имиджін арттыру мақсатында аталған жастар жиыны 2015 жылдан бастап өткізіліп келеді. Жобаның басты мақсаты – Қазақстан Республикасында әскери-патриоттық жұмыстарды дамыту.
«Айбын» жиынына қатысушыларды алдағы уақытта соңғы конкурс пен «Брейн-ринг» финалдық ойыны күтіп тұр.
Мұхит ҚОНАРОВ,
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, сержант
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!