Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәслихат мандаты дауыс мөлшеріне сай бөлінеді

16.11.2020, 17:30 919

HALYQLINE.KZ Биыл алғаш рет мәслихат депутаттарының сайлауы пропорционалды сайлау жүйесі бойынша өткізілгелі тұр. Бұл өзгеріс сайлау заңнамасына 2018 жылғы 29 маусымда енгізіліп, қолданысқа 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енген болатын. Осы өзгерістерге және алдағы саяси науқанға қатысты Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы арнайы жиын ұйымдастырды.

Кандидаттарды ұсыну қашан аяқталады?

Айта кетейік, пропорционалдық сайлау жүйесінде саяси партиялар мәслихаттың мандатын өздерінің жинаған дауыстарына мөлшерлес алады.

 – Заңнамаға сәйкес, 7 проценттік кедергіні еңсерген партиялар ғана мандат бөлісіне қатысу мүмкіндігіне ие. Осы жүйе бойынша сайланған депутат мерзімінен бұрын шығып қалған жағдайда оның мандаты партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың арасынан келесі кандидатқа беріледі. Егер тиісті партиялық тізімде кандидаттар қалмаса, мандат мәслихат депутаттарының келесі сайлауына дейін бос қалады. Заңнамаға сәйкес, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдері аумақтық сайлау комиссияларына ұсынылады.

Ұсыну тәртібі «Сайлау туралы» Конституциялық Заңның 103-бабында толық берілген. Яғни, тиісті мәслихат депутаты етіп сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізуді партия филиалының жоғары басшы органы жүзеге асырады. «Саяси партиялар туралы» Заңға сәйкес саяси партия филиалының жоғары басшы органы – конференция болып табылады. Мәслихаттар сайлауында кандидаттарды ұсыну 10 қарашада басталып, 4 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Тізімдерді тіркеу 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады, – деді облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Аягөз Сырлыбаева.

Шешімнің күші неге жойылады?

Жиын барысында саяси партия өкілінің партиялық тізімді тиісті аумақтық сайлау комиссиясына саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органы отырысының партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірмемен бір мезгілде ұсынатындығы, өкілдің өкілеттіктері тиісті құжаттармен расталуға тиіс екендігі де айтылды.

Саяси партиялар ұсынатын партиялық тізімдерді тіркеуді тиісті аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Партиялық тізімдерді тіркеу мынадай құжаттар болған кезде жүргізіледі:

1) саяси партияның тиісті филиалы (өкілдігі) жоғары басқару органы отырысының уәкiлеттi органда саяси партияны тiркеу туралы құжаттың көшiрмесi қоса берілген партиялық тiзiмдi ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшiрме;

2) азаматтың партиялық тiзiмге енгiзуге келiсiм беру туралы өтiнiшi;

3) партиялық тізімге енгізілген әрбір адам туралы өмірбаяндық деректер;

4) саяси партияның сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат;

5) мемлекеттік кіріс органының кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) кірістер мен мүлік туралы декларацияларды тапсырғандығы туралы анықтамалары;

6) партиялық тізімге енгізілген адамның осы тізімді ұсынған саяси партиядағы мүшелігін растайтын құжат.

 – Аумақтық сайлау округі бойынша бір саяси партиядан бір ғана тізімді тіркеуге жол беріледі. Онда әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс. Егер саяси партия партиялық тізімді ұсыну қағидаларын бұзған, тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынбаса; партиялық тізімді ұсынған саяси партия, ол ұсынған кандидаттар, оның сенім білдірілген адамдары сайлау алдындағы үгітті тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін, сайлау күні не оның алдындағы күні жүргізсе; сот кандидаттың және (немесе) оның сенiм бiлдiрілген адамдарының басқа кандидаттың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, оның iскерлiк беделiн түсіретін жалған мәлiметтердi тарату фактiсiн анықтаса; бүкіл партиялық тізімнің елу пайызынан астамын құрайтын адамдар партиялық тізімнен шықса; сот партиялық тiзiмдi ұсынған саяси партияның немесе оның сенiм бiлдiрiлген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактiлерiн анықтаса; осы Конституциялық заңда белгiленген өзге де жағдайларда партиялық тізімді тіркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнің күші жойылады, – деді А.Мұратбекқызы.

Саяси сипаттама мен заңдық негіздеме

Сондай-ақ, заңға негізделген өзге де құқықтық сипаттамалар бар. Мәселен, партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешімге партиялық тізімді ұсынған саяси партия не партиялық тізімнен шығарылған адам сотқа шағым жасай алады және соттың шешімі түпкілікті болып табылады. Егер тiркеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн партиялық тізімдерден шығып қалу нәтижесiнде тиiстi сайлау округi бойынша мәслихат депутаттығына кандидаттардың екiден аз партиялық тізімі қалса, аумақтық сайлау комиссиясы өз шешiмiмен сайлау мерзiмiн ұзартады, бiрақ ол екi айдан аспайды.

 – Бұқаралық ақпарат құралдары үгіт жұмыстары үшін шарт бойынша беретін эфир уақыттары, баспасөз беттері туралы өз мәліметтерін сайлау комиссияларына ұсынуы тиіс. Оның белгіленген мерзімі бар. Яғни, үгіт жүргізу басталардан кемінде бес күн бұрын БАҚ тарапынан комиссияға ұсыну қажет. Ал аумақтық сайлау комиссиялары өз интернет-ресурстарында осы БАҚ ұсынған мәліметтерді жариялауы тиіс. Бұл мәліметтер жарияланғанға дейін саяси партиялар өз үгіт материалдарын БАҚ-қа шығара алмайды. Егер БАҚ бұл талаптарды сақтамай үгіт материалдарын шығарған жағдайда, заңнамалық талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ақпарат құралдарының мәліметтерін аумақтық сайлау комиссиялары деңгейінде жариялау туралы талап «Сайлау туралы» Конституциялық Заңға алғаш рет енгізіліп отыр. Сондықтан осы норманы іске асыруға ерекше назар аударуды сұраймыз, – деді сайлау комиссиясының хатшысы.

Облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, саяси партиялардың сенім білдірген адамдарын тіркеуді аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Олардың саны облыс бойынша 376 сайлау учаскесіне 3 адамнан келетіндей, яғни 1128 адамнан аспауы қажет. Тіркегеннен кейін әрбір сенім білдірілген адамға тиісті куәлік беріледі.

P.S. Апта басында Қызылорда, Алматы және Қарағанды облыстарында өткен аймақтық конференция барысында мәжіліске «Nur Otan» партиясының партиялық тізіміне үміткерлер анықталды. Сондай-ақ, облыстық сайлауалды бағдарламалары бекітіліп, партияның XX съезіне қатысу үшін делегаттар сайланды. Пікірсайыс қорытындысы бойынша облыстың өкілдік квотасына сәйкес, Мәжілістегі партиялық тізімге үш өңірден 17 адам енгізілді. Оның ішінде қызылордалықтар да бар. Бар-жоғы санаулы дауыс айырмашылығымен облыстан үш үміткерге, яғни Мәжілістің қызметтегі депутаты Балайым Кесебаеваға (114 дауыс), «Байқоңыр» ӘКК басшысы Ғалым Әміреевке (110 дауыс) және жеке сектор өкілі Аида Әбибуллаеваға (100 дауыс) жол ашылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: