Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ата салтын сақтап келеміз бе?

12.11.2020, 16:30 788

HALYQLINE.KZ  Қазақты айналасына танытып, таныстыратын айшықты белгісі – ұлттық салт-дәстүрі, тарихы. Салт-дәстүр – ұлт болудың әлем деңгейіндегі талаптардың төртінші міндетті шарты. «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» дегендей, атадан балаға жалғасып келе жатқан салтымыздың қазіргі мәртебесі қандай?

Дәстүрлер әлеуметтік іс-қимылды ретке келтіріп, тәртіпке түсіретін сара жол ретінде жеке адам үшін қандай қажет болса, оның өмір кешіп жатқан қоғамы үшін де сондай маңызды. Ана сүтімен ауызданып, бойында қазақ қаны тулаған, алдағы атар таңынан әр ісінің оң болуын, жұғысты жұмыс, ыдырамайтын ырысын тіліп тұратын киелі халық салт-дәстүрін ұмытқан жоқ. Оның дәлелі, біріншіден, бала тәрбиесіндегі салтымыз. Сәбидің дүниеге келген сәтінен орындалатын «шілдехана», «тұсау кесер», «сүндет той», «тілашар», «беташар» сынды ғұрыптарымыз өз жалғасын табуда. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп Абай атамыз айтып кеткендей, шыр етіп дүниеге келгенде «шілдехана» тойын жасаса, бұл фәниден өткенде «жоқтаумен» шығарып салады. Әр қазақпын деген қарашаңырақта бұл салттар сақталған. Дүниеге «ат ұстар» немесе «кесте тігер» келді деп ұрандаған халықпыз. Қызымызды қырық үйден тыйым жасап өсіріп келеміз. Екіншіден, күнделікті тұрмысымыздағы салттарымыз да қалыс қалған жоқ. Ұлттық тағамдарымызды ұмытпай, төрт түлігімізді байлыққа теңейміз. Әр үйде жұма сайын иіс шығаратын, қонақ келсе, құт санайтын ата-анамызды көріп өскен біздер салтымызды одан әрі жаңғыртамыз. Үшіншіден, жеті атадан қыз алыспайтын, ата-ана ризашылығын бірінші орынға қоятын халқпыз. Аталы сөзга тоқтай білеміз, ырым мен тыйымды есере жүреміз. «Ауылыңда қартың болса – жазып қойған хатпен тең» дегендей, ақсақалдардан өнеге алып, баталы болуға ниетті жастармыз.

Ойымды қорытындыласам, ғасырды ғасыр алмастырып, өзендер арнасын өзгерткенмен, ата-бабамыздың салт-дәстүрлерді қастерлеуі күні бүгінге дейін санамыздан өшпей, жүректерде жатталып жетуі тегін емес. Мұнда ұлтымызға деген сүйіспеншілік, құрмет жатыр. Сондықтан біздер, жастар, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, келер ұрпаққа мөлдір, таза күйінде жеткізу жауапкершілігі тұр. Ата салтын сақтауға ат салысайық.

Гүлдерхан ДОСЫМОВА,

Тарих факультетінің 2-курс магистаранты

Фатима ҚОЗЫБАҚОВА,

т.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: