Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордаға 4 жедел жәрдем көлігі алынды

18.09.2020, 9:40 560

HALYQLINE.KZ Қызылорда облысының медициналық мекемелері жаңа жедел жәрдем көліктерін пайдалануға алды. Бұған дейін облысқа ӨЖЖ аппараттары, пульсоксиметрлер және оттегі концентраторлары бар гуманитарлық жүк келген болатын.

Бұл көмек «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум аясында көрсетілді. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қайырымдылығының бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қажетті жабдықтарды сатып алып, оларды өңірлерге жіберді.

Осылай Қызылорда облысына 20 оттегі концентраторы, 50 пульсоксиметр және бір өкпені жасанды желдету аппараты (ӨЖЖ) жеткізілді. Сондай-ақ, облысқа Shevrolet Damas маркалы 4 жедел жәрдем көлігі келді.

«Қармақшы аудандық ауруханасына жеткізілген медициналық көлік халық игілігі үшін жұмыс істейтін болады. Осының арқасында жедел жәрдем бөліміне келіп түскен шұғыл шақыруларға уақытылы қызмет көрсету мүмкіндігі артады. Дәрігерлердің жұмысына көмек көрсету – халықтың денсаулығын жақсартуда үлкен қолдау деп есептеймін», – деп атап өтті Қармақшы аудандық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев.

Айта кетейік, мұндай жиынтықтарды әрбір облыс, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар алады.

«Бұл шаралардың барлығы біздің медицинамыздың жұқпалы аурулармен, соның ішінде COVID-19 коронавирустық инфекциямен күресуге дайындық деңгейін арттыруға және ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған», – дейді «Samruk-Kazyna Trust» Қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.

Еске сала кетейік, Меморандум аясында республикамыздың Денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыруға 100 жедел жәрдем көлігі, 1 000 оттегі концентраторы, 50 ӨЖЖ аппараты, 1 000 пульсоксиметр жеткізілетін болады.

«Samruk-Kazyna Trust»

Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының

Корпоративтік коммуникациялар қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: