Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нәлібаев: «Ұстаздық – мамандық емес, ұлы қызмет»

27.08.2020, 17:20 537

HALYQLINE.KZ Бүгін қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен дәстүрлі қалалық тамыз кеңесі өтті.

«Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» тақырыбында өткен келелі жиынға барлық білім беру ұйымдарының басшылары онлайн форматта қатысты.

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұстаздар қауымын алдағы білім күнімен құттықтап, саланың жетістіктері мен міндеттеріне тоқталды.

«Қазіргі таңда, мемлекет тарапынан білім саласына үлкен қамқорлық көрсетіліп келеді. Оның ішінде Қызылорда қаласында да көптеген оңды істер атқарылып жатыр» деген шаһар басшысы «салынған инвестиция көлемі қанша есеге артса, білім сапасын да сол деңгейге көтеру қажет» – деп баса айтты.

Биылғы жылы Қызылорда қаласында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында №23, 43, 112, 173 мектептерінде және Белкөл кентіндегі «Балапан» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа қаралған қаржы 783 млн теңгені құрады.

Сонымен бірге, «Ауыл-Ел бесігіне» сай №143 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 153 млн 862 мың теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Бұдан бөлек, Халықаралық жобалар арқылы қайтарымсыз грант негізінде №1, 4, 176 мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қызылорда қаласы бойынша апаттық және үш ауысымды мектептер мәселесі түбегейлі шешілген.

Орын тапшылығын болдырмау мақсатында Саяхат шағын ауданында 600, Е.Демесінов көшесінің бойынан 500 орындық екі мектептің құрылысы инвесторлар есебінен жүргізілуде. Мұнан бөлек, Жаппасбай батыр көшесінің бойындағы 600 орындық мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұған қосымша 3 мектептің жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде.

Қала бюджетінің 45-50 пайызы білім саласына бағытталып, 2019 жылы – 25 млрд-тан аса қаржы қаралса, биылғы жылы бұл қаражат 35 млрд. теңгеден асты. Бұл – мемлекет тарапынан білім саласын дамытуға көрсетілген қолдаудың белгісі.

Маңызды басқосуда қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймұрзаеваның «Жаңа оқу жылындағы алға қойылған міндеттер мен қашықтықтан оқытудың ерекшеліктері туралы» хабарламасы тыңдалып, білім саласының даму қарқыны мен бұл саланы одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстар айтылды.

Жаңа оқу жылында қаладағы 50 мектепте қашықтықтан оқыту форматында 67 527 оқушы, ауылдық 4 мектепте (№128 Қараөзек, 175 Айнакөл, 145 Бірқазан, 215 Талдыарал) барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып 434 оқушыны дәстүрлі түрде оқыту жоспарлануда. Сонымен қатар, 1-4-сыныптарда 30958 бала білім алатын болса, олардың 8520-сы ата-аналардың өтініші негізінде кезекші сыныпта оқытылады деп жоспарлануда.

Сонымен бірге қала әкімі сала басшыларына алдағы оқу жылында нақты атқарылуы тиіс бірқатар тапсырмалар жүктеді. Басымдық дәстүрлі және кезекші сыныптары бар мектептер мен балабақшалардағы санитарлық нормаларды сақтап, интернет желісіне қолжетімділігі жоқ мұғалімдер мен оқушылар арасындағы күнделікті байланысты ұйымдастыруға берілді. Сондай-ақ, қашықтан оқыту кезінде бала тәрбиесі назардан тыс қалдырмауды міндеттеді. Ал жан басына қаржыландыруға өткен мектеп басшыларына мемлекет қаржысын мақсатты жұмсап, білім ұясының материалдық-техникалық базасын жақсартуды тапсырды. Конференция барысында сөз алған ардагер-ұстаз Алтын Ізбасова заман талабына сай жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен салаға көрсетіліп жатқан қолдауларды атап өтті.

Кеңес жұмысын қорытындылаған шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев: «Тұтас елдің ертеңі саналатын өскелең ұрпақтың болашағына бағдар беріп, креативті көзқарасы мен ұлағатты ұстанымын қалыптастыратын ұстаздар! Ұстаздық тек мамандық емес – ол адамның бойына біткен парасатты таңдау, ұлы қызмет!» деп ізгілік пен ізденісті бірінші орынға қойып, жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беріп, білік дағдысын дамытуға ғұмырын арнаған ұстаздар қауымына шынайы алғысын білдіріп, жаңа оқу жылына табыс тілеп, биылғы оқу жылының ерекшелігін ескере отырып, жауапкершілікпен жұмыс жасауды жүктеді.

Жиын соңында жыл көлемінде еселі еңбегімен ерекшеленген мәртебелі мамандық иелері марапат биігінен көрініп, ҚР Білім және ғылым министрінің алғыс хатын алды. Ұстаздар мерейін асырған тағы бір тарту, шаһар басшысы қаланың рухани-әлеуметтік дамуы жолында елеулі еңбек атқарып, білім беру жүйесін дамытуға және білім сапасын арттыруға айрықша үлес қосқан бірқатар ұстаздарға қаржылай сыйақы мен бағалы сыйлықтар табыстап, алғыс хаттармен марапаттады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: