Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тамыз кеңесі: Аймақтағы білім саласының ахуалы қандай, 17 миллионды қай мектеп алды?

26.08.2020, 13:50 1291

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен «Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшелегі» тақырыбында облыстық тамыз кеңесі өткізілді. Педагогикалық жиынға Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы қатысты. 
Тамыз конференциясына аудан әкімдері мен барлық білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп мұғалімдері онлайн форматта қатысып, білімдегі алдағы мәселелер мен қол жеткізген табыстар туралы талқылады.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова білім беру саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын, саладағы негізгі басым бағыттарды атап өтіп, алдағы жаңа оқу жылында педагогтарға сәттілік тіледі.

Биыл мектептердің заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік алған ерекше жыл болды. Бірнеше жылдан бері жөндеуді қажет еткен білім беру нысандары жаңарып, жөндеу жұмыстары қарқын алды. Осы жылы 55 білім беру нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Облыста Қызылорда қаласынан және Жалағаш ауданынан 2 мектеп пайдаланылуға беріледі. Сонымен қатар, 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде Қызылорда қаласынан 600 орындық, Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектептер жыл соңында аяқталады.
Жаңа мектептер салуда мемлекеттік жекеменшік-әріптестік аясында салынып жатқан жеке мектептердің үлесі де артып келеді. Биыл Қызылорда қаласында 500 және 300 орындық 2 жеке мектептің құрылысы жүргізілуде.

Педагогикалық кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова жаңа оқу жылының басты ерекшеліктеріне тоқталып, оқу жүйесінде іске асатын басты жобаларды атап өтті.
Биылғы оқу жылының басты ерекшелігі – мектептердің жан басына қаржыландыру тетігіне өтуі. 1 қыркүйектен бастап, 58 қалалық мектептер жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшеді.
Қаржыландырудың жаңа талабы мектеп арасында өзара бәсекелестік орнатып, материалдық базаны нығайтуға жұмсалатын қаржыны, бала санына сәйкес біркелкі бөлінуіне ықпал жасайтын болады.

Биылдан бастап Назарбаев зияткерлік мектебімен бірге «Ауыл мектебі» пилоттық жобасы іске асуда. Қазір біз Жаңақорған, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласындағы 3 мектепте жүргізіп отырмыз. Осы мектептердің тәжірибесі алдағы оқу жылында барлық мектептерге енгізілетін болады.
Биылғы оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарына «Құңдылықтарға негізделген білім беру» жобасы да енгізіледі. Ал, балаларға патриоттық тәрбие беруде жаңа оқу жылында 53 инновациялық мектепке факультативтік негізде домбыра сағаттары бөлінетін болады.
Жаңа оқу жылында облыстағы 220 мектеп «BilimLand», «Дарын-онлайн» интернет платформалары арқылы қашықтан білім алса, шалғай орналасқан елді мекендегі 73 мектеп дәстүрлі түрде оқиды.

Сонымен бірге, ата-ана өтінішімен 1-4-сыныптағы 41 547 оқушы 2974 топта дәстүрлі түрде білім алады. 
Конференцияда онлайн арқылы мектеп директорлары мен ауыл мұғалімдері және ата-аналар тікелей байланысқа шығып, білім саласындағы жетістіктерді сөз етті. 

Жиын соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Үздік орта білім ұйымы» конкурсының жеңімпазы Қазалы ауданындағы №249 мектеп-лицейіне 17 млн теңге грант сертификатын табыстады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: