HALYQLINE.KZ Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті.
Мәжілісте бекітілген күн тәртібіне сәйкес «Алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары» мен «Жаңа оқу жылына дайындық барысы» және «Жол қауіпсіздігін алдын алу мақсатында атқарылған шаралар туралы» мәселелер қаралды.
Отырыста «Жаңа оқу жылына дайындық барысы» туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймұрзаева баяндады. Ағымдағы оқу жылының бірінші тоқсанында мектеп оқушылары еліміздегі пандемия жағдайына байланысты қашықтықтан оқытылатын болады.
Жаңа оқу жылында облыстағы 50 мектеп қашықтан оқыту форатында, ауылдық 4 мектепте барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра дәстүрлі оқыту жоспарлануда. Мектептердегі қашықтан оқыту BilimLand, Дарын онлайн интернет платформалары арқылы жүргізіледі.
Қашықтан оқыту бойынша оқушылар мен мұғалімдердің арнайы құрылғылармен яғни компьютер, ноутбук, планшет, смартфонмен қамтамасыз етілуіне, интернет және ұялы байланыстың қолжетімділігіне мониторинг жасалды.
Қаладағы оқушылардың 92,4 пайызы электронды құрылғылармен қамтамасыз етілген. Білім алушылардың қалған бөлігін құрылғылармен қамту үшін тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, интернет пен ұялы байланыс қолжетімсіз саналатын 2418 отбасын «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер есебінен мобильді интернетке қосу жұмыстары қарастырылуда. Сондай-ақ, компьютермен қамтылмаған 54 мұғалімге облыстық және қалалық мұғалімдер кәсіподағының демеушілігімен электронды құрылғылар беріледі.
Ал Сырдария өзенінің сол жағалауы, Саяхат, Сабалақ, Бәйтерек мөлтек аудандарында интернет жылдамдығы төмен. Осы мәселені шешу бойынша «Қазақтелеком», «Кселл», «Билайн» байланыс орталықтарымен интернет жылдамдығын күшейту жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылатын болады. Дәстүрлі және кезекші тобы бар мектептерде қатаң санитарлық шаралар сақталады.
Осы жылы барлық білім беру мекемелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында қалалық білім бөліміне қарасты №43, 112, 173, 23 мектептерде және Белкөл кентіндегі «Балапан» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, 2020 жылғы «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы арқылы қалалық білім бөліміне қарасты №143 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа оқу жылында Жаппасбай батыр көшесінің бойынан 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, Жезқазған трассасы бойындағы Бәйтерек мөлтек ауданында 600 орындық мектеп, Саяхат және Демесінов көшесінің бойынан жеке инвестор қаржысымен 800 орындық 2 жеке мектеп құрылысы салынуда.
Қала басшысы аталған жұмыстардың жүйелі атқарылуын сала мамандарына нықтап тапсырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!