Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда танк жөндейтін зауыт 70,8 млрд теңгеге сатылымға шығарылды

18.11.2026, 16:20 82

Қазақстанда танктер мен броньды техникаларды жөндеуге маманданған «Семей инжиниринг» зауыты сатылымға шығарылды. «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясына тиесілі кәсіпорынның бастапқы бағасы 70,8 млрд теңге болып белгіленген. Алайда зауытты сатып алатын инвестор оның бұрыннан жиналған қарызын да өтеуі тиіс. Осылайша, кәсіпорынды сатып алуға жұмсалатын қаржы 73 млрд теңгеден асып кетуі мүмкін, деп хабарлайды Halyqline.kz.

e-Qazyna электронды сауда платформасындағы мәліметке сәйкес, аукционға «Семей инжиниринг» акционерлік қоғамының 2 608 500 жай акциясы, яғни компанияның 100 пайыз үлесі қойылған. Акциялар пакетінің бастапқы құны 70 833 105 629 теңгені құрайды. Кәсіпорынның нарықтық бағасын «Эрнст энд Янг – консультациялық қызметтер» компаниясы 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша анықтаған. Аукцион 27 қарашада Астана уақытымен сағат 11:00-де басталып, бастапқы бағаны көтеру тәсілімен өткізіледі. Қатысушылар өтінімдерін сол күні сағат 10:55-ке дейін тапсырып, 10,625 млрд теңге көлемінде кепілдік жарна төлеуі қажет.

Болашақ меншік иесіне бірқатар міндет жүктелмек. Инвестор кәсіпорынның әскери техниканы жөндеу және жаңғырту бағытын сақтап, жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеуі керек. Сондай-ақ мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстарды уақтылы орындау, азаматтық мақсаттағы өнім өндірісін жалғастыру, жаңа технологияларды енгізу және білікті мамандар тарту талап етіледі. Қазір зауытта орта есеппен 349 адам жұмыс істейді.

Сауда шарттарында кәсіпорынның берешегін өтеуге ерекше назар аударылған. Аукцион құжаттамасына сәйкес, сатып алушы «Семей инжинирингтің» бас компания алдындағы кредиторлық берешегін өтеу туралы келісімге қол қоюға міндетті. 2026 жылғы 30 қазандағы жағдай бойынша кәсіпорынның «Қазақстан инжиниринг» алдындағы 2014 жылғы дивидендтер бойынша қарызы 2,87 млрд теңгеге жеткен.

Келісім талаптарына сәйкес, акциялардың құны бірден төленсе, аталған берешек сатып алу-сату шарты жасалған күннен бастап 30 күнтізбелік күннен кешіктірілмей өтелуі керек. Ал кәсіпорын бөліп төлеу арқылы сатып алынған жағдайда қарыз келісілген мерзім ішінде, кемінде тоқсанына бір рет төленуге тиіс. Демек, зауыттың бастапқы бағасы мен осы берешекті қосқанда, инвестордың қаржылық міндеттемесі шамамен 73,7 млрд теңгеге жетеді. Бұған өндірісті дамытуға қажетті қосымша инвестициялар кірмейді.

Сонымен қатар жаңа меншік иесі зауыт акцияларын сатып алғаннан кейінгі алғашқы 12 айда қайта сата алмайды. Оларды кепілге қоюға немесе басқа тұлғаның басқаруына беруге де шектеу қойылған. Бұл талаптар кәсіпорынның өндірістік қызметін сақтауға және меншік иесі ауысқан кезеңдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

«Семей инжинирингтің» тарихы Кеңес Одағы кезеңінен басталады. 1976 жылы Семейде Орта Азия әскери округінің қажеттілігіне арналған броньды техникаларды жөндеу орталығын құру туралы шешім қабылданған. Зауыттың құрылысы 1984 жылы басталып, алғашқы өндірістік кешені 1987 жылдың қыркүйегінде іске қосылған. Жалпы аумағы 17,4 гектар болатын кәсіпорында алғашқы жылдары шамамен 1500 адам еңбек еткен. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін зауыт Қазақстан Қорғаныс министрлігінің қарамағына өтіп, 2004 жылы мемлекеттік акциялар пакеті «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясына берілді.

Қазір кәсіпорын Қазақстанның күштік құрылымдары пайдаланатын әскери техниканы күрделі жөндеумен және жаңғыртумен айналысады. Мұнда Т-72 танктері, жаяу әскердің жауынгерлік машиналары, бронетранспортерлер, әскери автомобильдер мен инженерлік техника жөнделеді. Сонымен қатар арнайы жөндеу-эвакуациялық машиналар шығарылып, әскери есептен алынған техникалар азаматтық мақсатқа бейімделеді. Зауыттың өндірістік базасы броньды техниканы күрделі жөндеудің толық циклін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, кәсіпорынды сату туралы шешім «Қазақстан инжиниринг» директорлар кеңесінде 2026 жылғы 28 қазанда мақұлданып, 2 қарашада Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бұйрығымен бекітілген. Аукционның нәтижесі 27 қарашадағы саудаға байланысты белгілі болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: