Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры тағдырлы талант Зейнолла Шүкіровтің көзі тірісінде пайдаланған заттармен толығып отыр. Өмір бойы төсекке таңылған қайсар қаламгерден қалған құнды дүниелер «Бір жұлдыз болып жанам мен, бір жұлдыз болып қалам мен», деп жырлап өткен ақын өмірінен сыр шертеді.
Автордың «Москва» деп аталатын кәдімгі жазу мәшіңкесі – әрбір әрпіне мына өмірді барынша сүйген, жанына батқан дертпен жағаласып, жарық сәуледегі әр сәтін ұзартуға ұмтылған қайсар жанның саусағы тиген құнды дүние. Аяғын баса алмаса да, алқалаған жұрты алақанынан түсірмеген қаламгердің талай туындысы басылған қымбат жәдігер. Көз алдыңа «Бұл дүниеге перiште боп келiп ем, кетiп барам сол перiште қалпымда», деп мұңға батқан ақын елестейтіндей. «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?» деп сезімін ақ қағазға төккен сәтінің де куәгері – осы қара мәшіңке.

Сосын сия қалам мен өзіне арнайы тігілген туфли. Осы заттардың бәрін ақынның інісі Алпысбай Шүкіров әуелгіде Қала тарихы музейіне табыстаған екен. Ол мекеме жабылғалы бері жәдігерлер облыстық тарихи-өлкетану музейінің мұрасына айналып отыр.
«Бұл заттарды өткізген Алпысбай Шүкіров ағамыз да өмірден озып кетті. Бұлармен қатар сол әулеттен қалған ағаш бақыраш, ақынның кітаптары, сағат пен транзистор, «Ростов-Дон» маркалы пианино да бар. Амандық болса, ақынның келер жылы аталып өтілетін 100 жылдығына орай осы жәдігерлерден көрме жасақталады», дейді музейдің бас қор сақтаушысы Кенжегүл Ибрагимова.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ.
egemen.kz
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!