Шиелі ауданы Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқықтарын қорғау» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтті, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Мәжіліске аудан әкімі Айтбай Жандарбеков төрағалық етті. Мәжіліске аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мақсат Беркімбаев, зиялы қауым өкілдері, тиісті сала басшылары, білім беру ұйымдарының мамандары мен мектеп директорлары, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында қоғамда талап пен тәртіпке басымдық беру қажеттігін атап өтіп, «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстану арқылы келер ұрпаққа лайықты мұра қалдыру – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін жеткізген болатын.
Осы міндетті жүзеге асыруда өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мән беру, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қауіпсіз орта қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алу айрықша маңызға ие.
Кеңейтілген мәжілісте күн тәртібіне сәйкес бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Атап айтқанда, аудан прокурорының орынбасары Ғанибек Сағатов «2026 жылы кәмелетке толмағандармен атқарылған профилактикалық шаралар туралы» баяндама жасап, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында жүзеге асырылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар профилактикалық шаралардың маңыздылығы мен алдағы міндеттерді атап өтті.
Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Досым Абуов «2026 жылдың 10 айында кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қарсы жасалған құқықбұзушылықтар, олардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар туралы» баяндап, атқарылған шараларға тоқталды.
Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Дәуренбек Насибеков білім беру ұйымдарында балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, өзекті мәселелерді баяндады.
Сонымен қатар №244 орта мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі Көркем Мұхамедқалилов «Саналы ата-ана, бақытты бала» тақырыбында сөз сөйлеп, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі мен отбасы тәрбиесінің маңыздылығын атап өтті.
Жиын барысында аудан тұрғындары да өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, бала тәрбиесінде ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың тәрбиесі мен мінез-құлқына жіті көңіл бөлу қажеттігін жеткізді. Әсіресе, бала тәрбиесіне немқұрайды қарамай, әрбір ата-ананың өз баласына талап қойып, оның қауіпсіздігі мен болашағына жауапкершілікпен қарауы керектігі кеңінен айтылды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Айтбай Жандарбеков кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау – тек құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ жауапты мекемелерге жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейтіп, ата-аналармен байланысты нығайту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу жөнінде тиісті тапсырмалар берді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!