Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әскерден кейін тегін оқу: 8,8 мың сарбазға 1040 грант бөлінді

13.11.2026, 12:10 21

Қазақстанда мерзімді әскери қызметін өткерген жастарға жоғары оқу орындарынан 1040 орын бөлінді. Оның 800-і мемлекеттік білім беру гранты болса, қалған 240 орын күштік құрылымдардың оқу орындарына тиесілі, деп хабарлайды Halyqline.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, білім алу мүмкіндігі 2025 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылған азаматтарға қарастырылған. Гранттарды бөлу мәселесі Астанада өткен ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды. Іріктеуге еліміздегі 160 әскери бөлімнен 8823 сарбаз қатысқан.

Үміткерлердің білім грантына лайықты екенін анықтау үшін арнайы рейтинг жасалды. Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары, майор Людмила Перякинаның айтуынша, іріктеу «Срочники 2.0» цифрлық платформасы арқылы жүргізілген. Онда сарбаздардың әскери қызмет кезіндегі жетістіктері мен тәртібі ескерілген.

— Жауынгерлік даярлық нәтижелері, әскери тәртіп деңгейі, қызметтік міндеттерін орындау сапасы, психологиялық даярлығы және тестілеу қорытындылары ескерілді, – деді Людмила Перякина.

Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздардың тізімі мен сертификаттары «Срочники 2.0» платформасында жарияланған. Ғылым және жоғары білім министрлігі 800 мемлекеттік грант бөлсе, тағы 240 орын Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі және басқа да күштік құрылымдардың жоғары оқу орындары арқылы қарастырылған.

Әскерден кейін білімін жалғастыратын жастарға қосымша әлеуметтік қолдау да көрсетіледі. Атап айтқанда, оқудың бірінші жылында жатақханадан басымдықпен орын беру және шәкіртақы төлеу көзделген.

Қазіргі уақытта бұрынғы сарбаздарды даярлау бес негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Олардың қатарында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік және құрылыс мамандықтары, ауыл шаруашылығы мен биоресурстар, ветеринария және қызмет көрсету саласы бар.

Қорғаныс министрлігі бұл бастаманы мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын арттыру және жастардың азаматтық өмірге бейімделуіне жағдай жасау шараларының бірі ретінде қарастырады. Алдағы уақытта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың тізімін кеңейту мәселесі де талқыланып жатыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: