Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақтөбеде тұрғын үйдің бірінші қабатындағы кафе жарылды: зардап шеккендер бар

13.11.2026, 12:05 16

Ақтөбе қаласында бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеде газ-ауа қоспасы жарылды. Оқиға салдарынан екі адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Төтенше жағдай 13 қараша күні сағат 10:28 шамасында Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында болған. Алтын Орда шағынауданындағы көпқабатты үйдің бірінші қабатында жұмыс істейтін кафеде газ-ауа қоспасы жарылып, ғимараттың жапсарлас салынған бөлігі опырылған. Артынша өрт шығып, жарылыс толқынынан тұрғын үйдің терезелері зақымданған.

Оқиға орнына Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары мен өрт сөндірушілері жедел жетті. Мамандар жалынды 25 минут ішінде ауыздықтап, сағат 10:53-те толық сөндірген.

— Оқиға салдарынан екі адам зардап шегіп, жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді. Қаза тапқандар жоқ. Төтенше жағдайды жою жұмыстарына ТЖД-ның 45 қызметкері мен 10 техникасы жұмылдырылды. Оқиға орнында департамент бастығы жүр. Қазір болған жағдайдың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр, – деп хабарлады Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті.

Жарылыстың нақты неден болғаны әзірге белгісіз. Тиісті қызметтер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Зардап шеккен екі адамның денсаулық жағдайына қатысты қосымша ақпарат жарияланған жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: