Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бірнеше жылға созылған құрылыс: Алматыда «Қалқаман» метро бекетінің ашылатын уақыты белгілі болды

10.11.2026, 10:40 21

Алматыдағы жаңа «Қалқаман» метро бекетін 1 желтоқсанға дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған, қазір станцияны іске қосуға дайындық жүргізілуде, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Бұл туралы Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Наурызбай ауданына жұмыс сапары барысында мәлімдеді. Қала басшысының айтуынша, бекетте құрылыс жұмыстары аяқталып, бекітілген кестеге сәйкес іске қосу-баптау шаралары жүргізіліп жатыр. Станцияның айналасы абаттандырылып, автокөліктерге арналған 400-ге жуық тұрақ орны жабдықталған.

— Станцияны 1 желтоқсанға дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл қаланың көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Алдағы үш жылда батыс бағытта тағы үш станция салу қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Айта кетейік, «Қалқаман» метро бекетінің жобасы 2020 жылы қолға алынып, құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталған. Бастапқы жоспар бойынша станция 2025 жылы ашылуы тиіс еді. Алайда қаржыландыру мәселелеріне байланысты құрылыс мерзімі кейінге шегерілген. Жаңа бекет іске қосылған жағдайда Алматы метросының тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 20 мың адамға артады деп болжанып отыр.

Қала билігі метрополитенді одан әрі батыс бағытқа кеңейтуді көздейді. «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейінгі жаңа желінің құрылысы басталған. Сонымен қатар Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Әзірге «Қалқаман» станциясы жолаушыларды қабылдауды бастаған жоқ. Оның нақты ашылатын күні іске қосу-баптау жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: