Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ермұрат Бапи: Тоқаевтың жиендері туралы әңгіме – дабыра

09.11.2026, 9:05 31

HALYQLINE.KZ

Халық кеңесінің мүшесі Ермұрат Бапи Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасындағы адамдар мен оның туыстарына қатысты пікір білдірді.

Сұхбат барысында журналист Дәурен Сейітжанұлы «Тоқаевтың айналасындағылар «ескі қазақстандықтардың» ұрдажық әрекеттерін қайталамай ма?» деп сұрады.

Ермұрат Бапидің айтуынша, қазір елде бұрынғыдай олигархиялық жүйенің қалыптасуына жағдай жоқ.

«Менің ойымша, қазір ондай жағдайға мүмкіндік беретін алғышарттардың бәрі жойылды. Бұрынғыдай олигархат жоқ. Кезінде президент Назарбаевтың төңірегіне топтасқан олигархиялық күштер қазір жоқ», — деді ол.

Сондай-ақ Бапи Президенттің жиендері туралы әңгімелерге тоқталып, бұл мәселенің қоғамда негізсіз дабыраға айналғанын айтты. 

«Қазір қоғамда жиі айтылатын бір тақырып бар. Оны жасыратын несі бар, президенттің жиендері туралы әңгіме қозғалады. Бірақ бұл тақырып – көбіне дабыра. Иә, олардың басқаратын бірнеше компаниясы бар. Бірақ олар – мемлекеттің, үкіметтің әріптестері. Мен бұл мәселені өзім зерттедім. Олардың бірнешеуімен кездесіп, сөйлестім. Олардың ой-пікірін тыңдадым, бет-жүзіне, көзіне қарап отырып әңгімелестім. Қаншалықты шынайы сөйлеп отырғанын, айтқан сөздері мен іс-әрекеттерінің қаншалықты сәйкес келетінін бағалауға тырыстым. Өзім біраз нәрсені көрген журналистпін. Адам психологиясынан, адамның болмысын танудан да белгілі бір тәжірибем бар деп ойлаймын. Сондықтан өз пайымым бойынша, қазіргі президенттің айналасындағы адамдар бұрынғыдай ықпалды күшке айналып, елді, қоғамды бұрынғы жағдайға қайта алып келеді деген пікірді жоққа шығара аламын. Қазіргі жағдайда мұндай қауіп бар деп ойламаймын», — деді Бапи.

Журналистің «Сіздің ойыңызша, бұл әңгімелердің бәрі миф пе?» деген сұрағына ол мұндай пікірлердің бұрынғы билік тұсындағы жағдайлармен байланысты қалыптасқанын жеткізді.

«Бұрын Назарбаевтың кезінде күйеу балалары, қыздары, немерелері, олигархтар туралы көп айтылды. Енді қазіргі президентке қатысты да сондай әңгіме қозғау үшін «жиендер» тақырыбы көтеріліп отыр», — деді ол.

Ермұрат Бапи Тоқаевтың ел алдындағы жауапкершілігіне сенетінін және оның бұрынғы жағдайдың қайталануына жол бермейді деп ойлайтынын айтты.

«Бұл – менің жеке сенімім, жеке ой-пікірім, өз пайымым. Басқалар басқаша ойлауы мүмкін. Біреулер «Бапи оттай береді екен» деп те ойлайтын шығар. Бірақ мен азаматтық тұрғыдан осындай қорытындыға келдім», — деп түйіндеді ол.

Сұхбаттың толық нұсқасы Adal Adam YouTube арнасында жарияланды.

Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: