Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі ұсталды деген ақпарат тарады

25.10.2026, 20:15 51

HALYQLINE.KZ

Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әкімі Жансейт Қайнарбаев ұсталды деген ақпарат тарады, деп жазады zhasalash.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, шенеунік уақытша ұстау изоляторына жеткізілген. Алайда бұл ақпаратқа қатысты ресми органдар әзірге түсініктеме берген жоқ.

Журналист Михаил Козачковтың Telegram-арнасында Қайнарбаевқа қатысты адам ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқаны туралы мәлімет жарияланған. Іс адамды алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адамның ұрлауына қатысты бап бойынша қарастырылып жатқаны айтылады.

Жарияланған мәліметке сәйкес, оқиға Ақтауда болған. Қайнарбаев пен оның таныстарының бірі арасында кездесу кезінде жанжал туындаған деген болжам бар. Ақпаратта ер адам кетуге әрекеттенгенде, оны Lexus 600 көлігінде күштеп ұстап отырғаны жазылған. Оған Қайнарбаевпен бірге облыстық жекпе-жек өнері қауымдастығының директоры Манарбек Бисекенов пен оның адамдары көмектесті деген мәлімет келтірілген.

Кейін жәбірленушіні қала сыртына алып шығуға әрекет жасалғаны, алайда жолда сегіз адамнан тұратын топты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жергілікті қызметкерлері ұстағаны хабарланған. Осыдан кейін Жансейт Қайнарбаев пен Манарбек Бисекенов те ұсталған деген ақпарат тарады.

Бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ. Құқық қорғау органдарының түсініктемесі жарияланбады.

Жансейт Қайнарбаев 2024–2026 жылдары Жаңаөзен қаласының әкімі қызметін атқарған. 2026 жылғы қыркүйекте Қарақия ауданының әкімі болып тағайындалған.

Көрнекі фото: ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: