Республика күні қарсаңында Қызылордада «Orda Power» ЖШС күн электр станциясының құрылысын бастау рәсімі өтті, деп жазады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мустафа Капуджу, «Orda Power» компаниясының бас директоры Гультекин Йигит, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы өңірдің энергетика саласында жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталып, жаңа станцияның маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Үкіметтің қолдауымен өңіріміздің энергетика саласында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылуда. Өткен жылы Қызылорда қаласында жаңа жылу электр орталығы іске қосылды. Бұл ретте Тәуелсіздік жылдарында инвестор қаражаты есебінен ең ауқымды жобаның бірін жүзеге асырған түркиялық «Aksa Energy» компаниясының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Жаңа жылу электр орталығы облыс тұрғындарын электр энергиясымен толық қамтамасыз етуге және бір бөлігін өзге аймақтарға жеткізуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар оңтүстік өңірлердегі энергетика инфрақұрылымын дамыту және тапшылықтың алдын алу мақсатында 1,5 трлн теңгеге қуаттылығы 1 100 мегаваттық бу газ қондырғысын жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында да жүйелі жұмыс бар. Бұл орайда Қызылорда облысы инвесторлар үшін тартымды өңірге айналып келеді.
Баршаңызды күн электр станциясы құрылысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа станция белгіленген мерзімде іске қосылып, ел игілігіне қызмет етсін!», — деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Рәсімде Мустафа Капуджу, Гультекин Йигит, облыс прокурорының міндетін атқарушы – инвестициялық омбудсмен Нұрболат Дүйсенбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Бақберген Досманбетов, Биғали Қаюпов сөз сөйледі.
Құрылысы басталған жобаның басты ерекшелігі – энергия жинақтау жүйесімен жабдықталуында. Бұл – өңіріміздегі жинақтау жүйесі бар алғашқы күн электр станциясы. Алдағы уақытта қуаттылығын 50 мегаватқа дейін арттыру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, аймақта жалпы қуаттылығы 151 мегават болатын 11 күн электр станциясы жұмыс істейді. Енді 225 мегаваттан асатын 7 күн электр станциясын іске қосу жоспарлануда. Оның ішінде Арал және Жаңақорған аудандарында қуаттылығы 30 мегаваттық екі күн электр станциясының құрылысы басталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!