Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балтыр мен балақтағы кейіпкерлер

15.10.2026, 9:40 48

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

(«Жыбырлауық кітап» сатиралық романымның алғашқы тарауынан үзінді)

Мына қызықты қараңыз, кітаптағы кейіпкерлердің де шетелге қашқысы келеді екен. Біздің елде бюджеттің бүйірін тесіп, сорып-сорып, ақырында жарылардай семіріп кеткен соң, иә, тықыр таянған соң дереу шетелге қашып кетеді емес пе? Олар қолынан келсе алысқа, Марсқа да қашып кете алар еді. Олардың бойында «Қашу» дәрумені бар.

Мұхтар Шерімнің «Жыбырлауық кітап» романындағы кейіпкерлері – Денсаулық сақтау министрі Еркебай Ерланұлы Қорғаныс министрі Танкбай Зымыранұлына:

– Қашып кетейік? — деді.

– Онсыз да кітаптан, кітаптағы ҰҚК қызметкері Арман Таймасұлынан қашып жүрміз ғой.

– Шетелге қашайық.

– Ұшаққа билет қымбат. Әуе компаниялары халықты тонаудың қулықтарын жақсы меңгерген.

– Қалай?

– Онлайн тіркелуді білмесең, өздері тіркеу үшін бес мың теңге алады. Жүгің жоқ болса, бір мың теңге, бар болса, екі мың теңге, ұшақтың қанаты үшін төрт мың, моторы үшін он мың теңге…

– Біз тегін ұшамыз!

– Қалай?

– Кез келген әйел мен еркектің балтыры мен шалбары балақтарына жабысып аламыз. Майда болғандығымыздан көрмейді…

Екеуі ойланып тұрғанда бір жеңіл көлік өтті де, асфальттың ойылған жеріндегі көлшік суды шашыратып кетті. Олар Атлант мұхитына батып кеткендей, тұншыға жаздап, бір балмұздақтың қағаз қабығына жармасып, жүргіншілер жолына әрең ілікті. Үсті-бастарын тазалап тұрғанда, бір әйелдің туфлиі тықылдап кетіп барады екен. Дереу екеуі әйелдің балтырына жармаса кетті. Балтыры жылтыр, әрі жұмсақ әрі жылы екен. Сұлу келіншек саябақтың ішіне келіп, сәкіге отырды. Кешікпей құрбысы келді.

– Менің күйеуім Атырауға вахталық жұмысына кетті. Ол кетісімен көңілдесімді шақырып алып, ой махаббат саунасына шомылдық! — деді бетінде меңі бар келіншек.

– Менің сүмелегім шетелге кетті. Ол кетісімен кластасымды шақырып алып, рақатқа баттық. Сөйтсем, оңбаған күйеуім шетелге шешемнің бұрынғы күйеуінің бұрынғы әйелінің сыныптасының ағасының қызын ертіп кетіпті! — деді бетінде меңі жоқ келіншек.

– Не деген тәрбиесіз еді! Ал менің күйеуім түк көрмеген бейшара! Вахталық жұмыста жүріп менің құрбыма ТикТок-пен хат жазады екен! Қалай ұялмайды десеңші!

Олардың сөзін естіген бойы масадай ғана кейіпкер Еркебайдың жыны келді. Дереу келіншектің балтырын тістеп алды. «Маса шақты» деп ойлады ма, келіншек балтырын қолымен қағып жіберді. Екеуі де ұшып түсті. Ұшып түсіп, ұйықтап жататын уақыт қайда? Дереу бір еркектің шалбары балағына жармаса кетті…

(Жалғасы романымның келесі тарауында ғой. Оқығыларыңыз келсе жарияламын).

Мұхтар  ШЕРІМ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: