Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Масс-медиа туралы заң: не өзгереді?

15.10.2026, 7:40 54

Қазіргі  өмірімізді  әлеуметтік  желісіз көзге елестете алмаймыз. Бірнеше мыңдаған, миллиондаған  адам әлеуметтік желіде отыр. Оның  пайдалы  жағымен  қатар, зиянды  жағы  да  бар. Адамды  қорлау, ар-намысын аяққа таптау, қауіпті  пранк жасау, аудиторияны  кеңейту  үшін  біреуді балағаттау деген нәрселерге де етіміз өліп барады. Бұған заң жүзінде тыйым салмасақ, басқаша тоқтататын жолы жоқ. Ақпараттық технологиялар дамыған сайын, адамдардың бір-біріне деген өшпенділігі де ұлғайып барады. Өйткені, алгоритмнің негізі сол: мұндай контент жылдам әрі кең таралады. Интернеттегі агрессияға жай ғана біреудің көңіл күйінің болмауы да әсер етеді. Оның жазған балағат сөзі желіде тез жайылып, көп қаралым жинайды. Осы қаралымнан қыруар табыс табатындар да аз емес. Ал  әлеуметтік  желіде  қорланған адамның құқығын кім қорғайды? Әлеуметтік желідегі құқыққа қайшы контентті таратуға заң жүзінде қалай тыйым салынады? Осы сауалдарға  жауап  іздейік.

Әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, біреуді балағаттасаң, боқтық сөз айтсаң, жал­ған ақпарат таратсаң – мұндай контент үшін жазалана­сың. Оның жазасы да әртүрлі болуы мүмкін: жай ғана айыппұл төлеуден әкімшілік қамауға алу, тіпті жекелеген оқиғаларда қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін. Жұрттың көпшілігі осыны біле бермейді. Нақты мысал келтірейік. 42 жастағы қызыл­жар­лық блогер Ирина Антоненко 25 қыр­күйекте Каспийде қаза тапқан әскерилерге қатысты Жалпыұлттық аза тұту күні тікелей эфирде би биледі. Ол қайғылы оқиғаға орай күнделікті өмір сүру салтын өзгертпейтінін айтты. 29 қыр­күйекте сот блогерді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке қамауға алды. Шымкенттік төрт блогер Tik-Tok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирде балағат сөздер айтып, соттың шешімімен оларға 17 тәулік әкімшілік қамау жазасы берілді. Шілде айында ІІМ әдепсіз әрекет жасап, қауіпті пранк түсірген 9 стримерді жазалағаны мәлім. 37 жастағы Астана тұрғыны Индира Ештаева Tik-Tok желісіндегі тікелей эфир кезінде бала­ғат сөздер айтып, заңсыз контент таратқан. Оған ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік айып­пұл  салынды. 20 жастағы шымкенттік Да­нияр Сейдәлиев аудиторияның назарын аудару үшін эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі  ұйымдастырған. Осы әрекеті үшін оған 8 тәулік әкімшілік қамау жазасы берілді. Мұндай мысал көп. Мысалы, қоғамдық орында я болмаса әлеуметтік желіде балағат сөз сөйлеген  адам, сол сөзі қоғамдық тәртіпті бұзып, айналадағы адамдарға зиянын тигізсе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша жауап­қа тартылады. Ұсақ бұзақылық қылмыс үшін 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл төлеу, 5-тен 15 күнге дейін әкімшілік қамау­ға алу жазасы белгіленген. Бейәдеп сөз сөйлеген адам бірден жауапкершілікке тартыла салмайды. Оның іс-қимылының мазмұнына назар аударылады. Ол біреуді бекерден-бекер ар-намысын таптап, қорлайтын болса, 432 мың теңге айыппұл төлейді я болмаса 120 сағат қоғамдық жұмыс­қа жіберіледі. Егер оның іс-әрекеті интернетте жасал­са, 865 мың теңге айып­пұл төлейді немесе 180 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады. Әлбетте, бір адамды сынауға, оның істеген ісіне қатыс­ты сыни ой-пікір айтуға тыйым жоқ. Тек сол сын-ескертпеде адамның жеке басын қорлауға қатыс­ты сөздер болса, соған филология­лық  сараптама  жасалады.

Егер жарияланған ақпарат шындыққа сәйкес келмесе және қоғамда үрей туғызатын болса, оны таратқан адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай оқиғалар індет жайлаған жылдары болғаны мәлім. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-бабының 2-тармағына сәйкес, жалған ақпарат таратқан және соны бөліскен адам қылмыс­тық жауапқа тартылады. Қылмыс­тық кодекстің 274-бабы қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін, егер ол ақпарат қоғамдық тәртіпті шайқалтып, азаматтардың, ұйымдардың және мемлекеттің құқықтары мен заңдық мүдделеріне айтарлықтай залал келтіретін болса, қылмыстық жауапкершілік жазасын белгілейді. Жауапкершілік жарияланған ақ­параттың мазмұнына және оның таралуының себеп-салдарына байла­нысты қарастырылады. «Мен тексе­рілмеген ақпаратты байқамай бөлісіп қойыппын» деген сөз еш­кімді жауап­кершіліктен құтқармай­ды. Бөг­де біреудің материалын бөліскен желі қолданушы жалған ақпаратты одан әрі таратушы болып саналады. Сол себептен біреудің жазған жазбасын бөлісуден бұрын, ол ақпараттың анық-қанығын біліп, тексеріп, адамдардың құқықтары мен бостандықтарына қайшы келмейтініне көз жеткізіп алу керек. Ал әлеуметтік желідегі жазбаны өшіріп тастасаң да, жауапкершіліктен құтылмайсың. Өйткені оны дер кезінде скриншоттап алып, нота­риуспен растау жеткілікті. Сондай-ақ, құпия аккаунт­пен де біреуді балағаттап алып, тыныш отыра алмайсың. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері әуелі аккаунтты тексеріп, онда шыққан  ақпаратты  кім салғанын оп-оңай  таба  алады.

Қазіргі кезде Ішкі істер министр­лігі әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы келетін контентті анықтау­ға білек сыбанып кірісті. Нақтырақ айтсақ, құзырлы ведомство онлайн-платформалар мен БАҚ-тар­дың ашық дереккөздерінен ақпаратты жинау мен талдауды авто­маттандыруға арналған Super Vision мониторингтік экожүйесін дайын­дауда. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Құрылтай депутат­тарының сауалына берген жауабын­да ашық айтты. Министр осы жауабында әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентті анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Мәселен, TikTok, Threads, Instagram, Telegram және Facebook желілеріндегі 184 аккаунт тексерілген. Нәтижесінде 86 қолданушы әкімшілік жауап­кершілікке тартылыпты. Оның 56-сына айыппұл салынса, 29 адам әкімшілік қамауға алынған, 1 адам қоғамдық  жұмысқа  жіберілген.

Ресми дерек бойынша 2026 жылдың 9 айында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабымен 124 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құзырлы министрлік басшысының атына депутаттық сауал жолдаған Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерде тарайтын «трэш-стриминг» ұғымын заңнамада бекітіп, зорлық-зомбылықты, қауіпті пранк­терді, қорлауды және әдейі аран­датушылық әрекеттерді насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынған болатын. Ал Ержан Саденов «трэш-стриминг» ұғымын Қазақстан заңнамасына енгізу орынсыз  деп  санайды.

«Трэш-стриминг термині бағалау сипатына ие және нақты заңдық мазмұны жоқ, бұл құқықты қолданудың біржақты болуына әкеп соғуы мүмкін. Нақты құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік заңнамада қарастырылған. Адам ҚК 174-бабы (әлеуметтiк, ұлттық, этнос­тық, нәсiлдiк немесе дiни алауыз­дықты қоздыру), 274-бабы (көпе-­көрінеу жалған ақпарат тарату) және ӘҚБтК 456-2-бабы (жалған ақпаратты, құқыққа қайшы контентті орналас­тыру, тарату) бойынша жауапқа тартылуы мүмкін» деп түсіндірді  министр.

Мәселен, 2026 жылдың 9 айында Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша 72 қылмыстық іс тіркеліп, оның 21-і сотқа жолданған. 274-бап бойынша 64 қылмыстық іс қозғалып, соның  ішінде  9  іс  сотқа  жіберілген.

Құрылтай депутаттары көтерген тағы бір мәселе – азаматтарды олардың келісімінсіз тікелей эфирге шығару және ар-намысы мен қадір-­қасиетіне нұқсан келтіретін ақпарат тарату кезінде олардың құқықтарын қорғау. Министр өзінің жауабында қолданыстағы заңнамада адамның ар-намысы, қадір-қасиеті мен бейнесін қорғау тетіктері бар екенін жазыпты. Азаматтық кодекстің 145-бабына сәйкес, адамның бейне­сін оның келісімінсіз пайдалануға жол берілмейді. Сонымен қатар сот арқылы нұқсан келтіретін ақпараттың таралуын тоқтатуға мүмкіндік беретін тетіктер қарастырылған. Ішкі істер министрлігі тікелей эфирлердің ерекшелігін ескере отырып, интернеттегі заңсыз бейнеқолдану мен қорлау фактілеріне шағымдану рәсімдерін жетілдіру қажет деп санай­ды. Сондай-ақ онлайн-платформалардың негізді шағымдарға жауап беру уақытын қысқарту мәселесіне назар  аударған.

Қазақстанда онлайн-платформаны пайдаланушылардың жасын растаудың арнайы қағидалары әзір­ленеді. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына жауап жолдаған Премьер-министр Олжас Бектенов  хабарлады.

«Үкімет қолданыстағы Заңға он алты жасқа дейінгі пайдаланушыларды онлайн-платформаларда тіркеуді реттеуге байланысты түзетулер әзірледі. Қазіргі уақытта түзетулер Қазақстан Республикасы Құрылтайының қарауында. Заңнамалық түзетулер қабылданғаннан кейін онлайн-платформаны пайда­ланушылардың жасын растаудың арнайы қағидалары әзірленеді. Әзірлеу барысында онлайн-платформалардың қолданылып жүрген тетіктері, жасанды интеллект көмегімен сәйкестендіру, қаралатын контент пен пайдаланушының белсенділігі ескеріледі. Бүгінгі таңда онлайн-­платформаларда тиісті тех­но­логиялық мүмкіндіктер бар» деп жазылған Үкімет басшысының депутаттарға  жіберген  жауабында.

Олжас Бектеновтің сөзінше, жаңа талаптардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында аталған норманы қолданысқа енгізуге белгілі бір кезең көзделеді. 16 жасқа дейінгі онлайн-платформаны пайдалану­шылардың қолданыстағы аккаунт­тары  уақытша  тоқтатылады.

«Нормативтік-құқықтық акті Қазақ­стан Республикасының аума­ғындағы онлайн-платформалардың өкілдіктерімен бірлесіп талқыланады. Ұсынылатын тәсілдер пайдаланушының жеке деректерінің та­ралуына жол бермеу негізінде оның жасын растау қағидатына негізделе­ді. Сол арқылы балалардың цифрлық кеңістіктегі құқықтары мен заңды мүдделері қорғалып, кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастырылады. Құрылтай депутаттарымен жұмыс топтарында талқылау кезінде тиісті шектеуді нақты іске асыру тетіктері егжей-тег­жейлі пысықталады» деп түсіндірді Үкімет  басшысы.

Биыл ақпан айында Үкімет «Қазақстан Республикасының Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодек­сіне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республ­икасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобаларын әзірлеп, Мәжіліске жолдаған. Осы заң жобалары қазір Құрылтайда талқыланып жатыр. Заңға ұсынылған өзгерістер негізінен төрт бағытқа бөлінеді. Бұл туралы Құрылтай депутаты Ләззат Қожахмет Facebook-тегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, онлайн-платформаларға Қазақстан аумағында заңды өкілдік ашу міндеттеледі. Бұл олардың уәкілетті мемлекеттік органдармен тікелей жұмыс іс­теуі үшін қарастырылған. Сонымен бірге құқыққа қайшы контентті немесе балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою туралы уәкілетті органның нұсқамасын орындамаған онлайн-платформа өкілдіктері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Екіншіден, 5 мыңнан астам жазылушысы бар онлайн-платформа пайдаланушылары мен жария қоғамдастық моде­раторлары уәкілетті органда сәйкестендіруден өтеді. Олар өздері туралы мәліметтерді ұсынуға тиіс. Бұл құқыққа қайшы контент тарататын анонимді ресурстардың жауапкершілігін нақтылауға бағытталған. Үшіншіден, былапыт (балағат) сөйлеуге қатысты ӘҚБтК 434-бабын масс-медиа мен онлайн-платформаларға да қолдану ұсынылып отыр. Онлайн ортада адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген жалған мәліметтерді таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қолданылмақ.

Ләззат Қожахметтің айтуынша, 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-­платформаларда тіркелуіне шектеу қою ұсынылуда. Бұл ретте мессенджерлерге аталған тыйым қолданылмайды. Онлайн-платформалар пайдаланушылардың жасын верификациялауға қатысты іс-­қимыл жасауға міндеттеледі. Верификация тәртібін уәкілетті орган цифр­ландыру және дербес деректерді қорғау саласындағы органдармен бірлесіп айқындайды. Сондай-ақ, Яндекс, Кинопоиск, Netflix секілді сервистерді қамтитын аудиовизуалды платформалар ұғымы заңнамада нақты айқындалады. «Аудиовизуалды платформа», «аудио­визуалды платформа қызметі», «оператор», «онлайн-кинотеатр» сияқты жаңа ұғымдарды енгізу ұсынылған. Аудиовизуалды платформалар ар­қылы теле және радиоарналарды тара­ту лицензия негізінде жүзеге асыру міндеттеледі. Заң жобасында ақпаратты жариялау кезінде мемлекеттік органның жауабын арнайы таңбалауды міндеттеу, адамның бейнесін келісімінсіз пайдалануға ты­йым салу, онлайн-платформаларда және БАҚ-та білім беру курстарын өткізгенде тренердің тиісті білімі туралы диплом немесе сертификат деректерін көрсету, оккульттік қызметтер (көріпкелдік, астрологиялық болжамдар, емшілік, т.б.) туралы ақпаратқа оның ғылыми немесе практикалық тұрғыдан расталмағанын және ойын-сауық сипатында екенін көрсету  жөніндегі  нормалар  бар.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Фото: qaz.ulysmedia.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: