Кәсіптің биігіне ұмтылған адамнан уақытын ғана емес, өзін де аяусыз тәртіпке салуды талап ететін мамандықтар бар. Журналистика – соның бірі. Өйткені бұл салада жұмыс уақыты аяқталғанымен, жауапкершілік аяқталмайды. Оқиға орнынан оралған репортер үшін күн біткенмен, мәтін үшін түн басталуы мүмкін. Біреудің тағдырын тыңдап келген журналист сол әңгіменің салмағын үйіне бірге алып қайтады. Ал ертеңіне тағы бір тақырып, тағы бір кейіпкер, тағы бір қоғамдық мәселе күтіп тұрады. Осындай кәсіби тынымсыздықтың ішінде әйел журналистің өз жолын қалыптастыруы – еңбекқорлық туралы қарапайым әңгіменің аясынан әлдеқайда кең мәселе. Себебі де сол, әйелдің мансабы көбіне кәсіби қабілетімен қатар, оның отбасындағы орны арқылы да бағаланып жатады. Қызметте биіктеген сайын «үйге уақыт жете ме?» деген сауал алдынан шығады. Отбасы құрған соң «мансабы қалай болады?» деген күдік көлденеңдейді. Ал балалы болғаннан кейін кәсіби арманның өзі кейде қоғамның көзге көрінбейтін өлшемдерімен таразыланады. Бірақ әйелдің кәсіби болашағын отбасы мен мансаптың бірін таңдауға мәжбүр ететін қарапайым арифметикаға сыйғызу – мәселенің өзін тарылту. Өйткені журналистикада әйелдің орны оның қандай да бір рөлге қаншалықты «сыйып» тұрғанымен емес, кәсіби ойының тереңдігімен, азаматтық ұстанымының беріктігімен, сөз алдындағы жауапкершілігімен айқындалуы керек.
Бүгінде медианың мазмұнын қалыптастырып, қоғамдық пікірге ықпал етіп жүрген әйел журналистердің кәсіби жолына қарасақ, олардың жетістігінің тасасында көзге көріне бермейтін үлкен еңбек жатқанын аңғарамыз. Бірі мансап жолында маңызды мүмкіндіктен айырылып қалмау үшін жеке жоспарын кейінге қалдырды. Бірі бала тәрбиесі мен редакция талабын қатар алып жүрудің амалын іздеді. Енді бірі кәсіби ортадағы қалыптасқан түсініктерді бұзып, өзіне лайық орынға маңдай терімен жетті.
Бұл сауалдың жауабын сырттай топшылаудан гөрі, журналистиканың ыстығы мен суығын қатар көрген әйелдердің өз сөзінен іздегенді жөн көрдік. Кәсіби жолдың қағазға түспейтін тұстары – редакциядағы қызмет атауынан, марапаттар мен лауазымдардан әлдеқайда тереңде. Оның шынайы өлшемі – жылдар бойы қалыптасқан тәжірибеде, қабылданған күрделі шешімдерде, кәсіби ұстанымнан айнымай өткен сын сағаттарда. Медиада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, журналистиканың әр буынында еңбек етіп келе жатқан әйелдердің әңгімесі – осының айғағы. Олардың бірі үшін журналистика – өмірлік таңдау, енді бірі үшін үздіксіз ізденіс пен ішкі тәртіп мектебі. Ал отбасымен қатар алып жүру мәселесінде әрқайсысының өз тәжірибесі, өз ұстанымы бар. Бірінде кәсіби талап пен отбасылық міндеттің арасы уақытпен өлшенсе, енді бірінде екеуін сабақтастырудың өз жолы қалыптасқан. Сондықтан бұл тақырыпқа сырт көздің бағасынан бұрын, осы жолды жүріп өткен әйел журналистердің сөзі маңызды екенін ескеріп, пікір алмастық.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ, «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Әйел журналистер клубының жетекшісі:
– Журналистика жынысқа бөлінбейді. Ақпараттың дәлдігі, дереккөзбен жұмыс, кәсіби этика мен әлеуметтік жауапкершілік – ерге де, әйелге де ортақ талап. Дегенмен, әйел журналистердің кәсіби ортада түрлі кедергіге жиі кезігетіні жасырын емес. Күрделі тақырыпты зерттеуге, ұжым басқаруға, маңызды шешім қабылдауға қабілетін қайта-қайта дәлелдеуге тура келетін жағдайлар бар. «Бұл тақырып әйелге ауыр», «отбасыңмен қалай үйлестіресің?» деген түсініктер кәсіби мүмкіндікті шектеуі мүмкін. Мәселе әйелдің өзін қанша рет дәлелдеуінде емес, оның еңбегін әділ бағалайтын орта қалыптастыруда. Цензура мен редакциялық қысым да журналистің кәсіби ұстанымына әсер етеді. Қысым үнемі ашық тыйым түрінде көрінбейді. Кейде маңызды деректі алып тастау, материалды кейінге қалдыру, мәтіннің мазмұнын жұмсарту арқылы байқалады. Әрине, деректі нақтылау, қарсы тараптың пікірін алу, кейіпкер қауіпсіздігін сақтау – кәсіби талап. Ал қоғамдық маңызы бар ақпаратты белгілі бір мүдде үшін жасыру журналистің тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді. Әлеуметтік мәселелерді көтеретін әйел журналистердің кәсіби мәселесіне жауап берудің орнына жеке өмірі, отбасы немесе сыртқы келбеті нысанаға алынатын жағдайлар да кездеседі. Сондықтан журналистің кәсіби ұстанымын сақтауы оның жеке батылдығына ғана тірелмеуі керек. Редакциялық қолдау мен құқықтық қорғаныс қажет.
Мансап пен отбасы арасындағы тепе-теңдік мәселесі де әйел журналист үшін күрделі. Журналистикада жұмыс уақытын үнемі алдын ала жоспарлау мүмкін емес: шұғыл тапсырма, іссапар, түнгі кезекшілік отбасылық жоспарды өзгертуі ықтимал. Егер бала күтімі мен үй шаруасы негізінен әйелдің мойнына жүктелсе, кәсіби міндетіне қосымша жүк түседі. Сондықтан тепе-теңдік дегеніміз – жұмыс пен отбасыға бірдей сағат бөлу емес. Ең маңыздысы – екеуіне де мүмкіндік беретін өмір тәртібін қалыптастыру. Бала тәрбиесі ата-ананың ортақ жауапкершілігі болуы керек. Ал редакция қызметкердің отбасылық жағдайын ескеріп, икемді жұмыс тәсілдерін қарастырғаны жөн. Әйел журналистің кәсіби өсуіне кедергі болатын жайттар көбіне күнделікті шешімдерден байқалады. Кімге күрделі тапсырма беріледі, кім халықаралық жобаға жіберіледі, кімнің идеясы қолдау табады – мұның бәрі кәсіби жолға ықпал етеді. Әйел журналисті әлеуметтік немесе мәдени тақырыптармен шектеу оның саясат, экономика, қауіпсіздік, зерттеу журналистикасы бағытында тәжірибе жинауына мүмкіндік бермейді. Отбасылық жағдайына қарап, оның іссапарға бара алмайтыны немесе басшылық қызметті атқара алмайтыны туралы алдын ала тұжырым жасау да дұрыс емес.
Біз «Түркітілдес журналистер қоры» арқылы медиафорумдар, семинарлар, шеберлік сабақтары, баспасөз турларын ұйымдастырып, журналистердің кәсіби мүмкіндігін кеңейтуге күш салып келеміз. Қазақстан Әйел журналистер клубы да қыз-келіншектердің халықаралық тәжірибе алмасуына, кәсіби байланыс орнатуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыруды көздейді. Әйелге өзін қайта-қайта дәлелдетуден бұрын, оның еңбегін әділ бағалайтын жағдай жасау маңызды.
Гүлжан ҚЫЗАЙБАЙ, «Хабар» телеарнасы Алматы филиалының шеф-редакторы:
– Жалпы, әйел азаматтардың бүгінгі мансап жолы туралы айтар болсақ, кейде маған әйел адам өмірдің барлық жүгін арқалап жүргендей көрінеді. Отбасында да, қызметте де ең алдымен әйелдің рөлі мен жауапкершілігі өте жоғары. Баланы дүниеге әкеліп, оны тәрбиелеп, бағып-қағу әйелдің жазылмаған міндеті сияқты. Бала өмірге келген соң, оған екі-үш жасқа дейін қарау, балабақшаға апарып-алып қайту сияқты барлық шаруа негізінен әйелдің мойнына жүктеледі. Осы тұрғыдан алғанда, ер-азаматтарға қарағанда әйелдердің мансапта өсу жолы қиындай түседі. Ал ер-азаматтар бұл кезеңде барлық фокусын, ойы мен пікірін тек жұмысқа бағыттай алады, содан да олардың қызметтегі өсуі жылдамырақ болып көрінуі мүмкін.
Журналистика – ең жауапты, қиын да қызықты мамандықтардың бірі. Соның ішінде тележурналистиканың жүгі екі есе ауыр. Газет немесе сайт тілшілері пікірді телефон арқылы алып жаза салса, тележурналист оқиға ортасында жүруі, түсірілім жасап, репортаж дайындауы керек. Мұндай қарбаластың ортасында жүріп, отбасы мен бала-шағаға қарау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Сондықтан тележурналистиканы таңдаған қыздарға айтарым: өмірлік жарыңызды да осы саладан таңдасаңыз, бірге өмір сүру де, кәсіби тұрғыда өсу де жеңілірек болады. Өзім де жолдасыммен бір ұжымда жұмыс істеп жүріп таныстым. Қазір, Құдайға шүкір, бес баламыз бар. Менің «Хабар» арнасында бөлім басшысы болуым тек өзімнің еңбегім емес, ұдайы қолдап, балаларға бас-көз болып отырған отбасым мен ата-анамның арқасы. Кейбір әріптесім «әйелдердің мансаптық өсуі баяу» деп жатады. Бірақ бұл тек қоғамға байланысты емес, адамның өзіне де қатысты. Егер бойыңдағы потенциалыңды, біліктілігіңді көрсете алсаң және сені қолдайтын отбасың болса, мансап жолында ер мен әйел болып бөлінудің қажеті жоқ. Ең бастысы, ортаңда өз деңгейіңді дәлелдеп, дұрыс бағытта қадам баса білу.
Аяна ГАБДУЛЛИНА, телерадио жүргізуші, оқытушы:
– Әйел журналистердің қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеруінде үлкен мән бар. Қазақта «Ердің басынан не өтпейді» демекші, әйелдің де басынан талай жағдай өтеді. Бойындағы сезімталдық, мейірімділік пен жанашырлық сияқты қасиеттердің арқасында әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылық, ажырасу, алимент, бала тәрбиесі, ерекше қажеттілігі бар балалар мен әлеуметтік теңсіздік тақырыптарын тереңірек қозғайды. Олар мәселені түйініне жеткізбей қоймайды. Жоғарғы оқу орындарында ұстаздық еткенімде, студенттеріме, болашақ әріптестеріме үнемі айтып жүретінмін, жанашырлық пен эмоциядан бұрын әрқашан нақты факт пен дәлелділік бірінші орында тұруы тиіс. Көмек сұрап келген адамның өзін де тексеріп, ақпаратты саралап алған абзал. Медиада әйелдердің көбейгені қуантады, себебі бұл ақпараттың жан-жақты қамтылуына ықпал етеді. Негізінен, журналистика, не басқа мамандық болсын, жынысқа бөлінбеуі керек. Әйелдердің сезімталдығы мен ер-азаматтардың батыл ұстанымы, екі тараптың кәсібилігі қатар жүргенде ғана нәтиже болады. Журналист болуға асықпай, кәсіби маман болуға ұмтылу қажет. Микрофон ұстағанның немесе қолында дипломы бардың бәрі бірдей кәсіби маман емес, себебі бұл – бойға бітетін ерекше қабілет пен киелі қасиет. Қазіргі жастарда мүмкіндік өте көп, жасанды интеллект пен технологиялар жұмысты жеңілдеткенімен, негізгі жауапкершілік бәрібір адамның өзінде қалады. Ал, болашақ мамандарға мынадай кеңестер беремін:
1. Жан-жақты білім алып, көп оқыңыздар. Тарихты, саясатты, экономиканы, құқық пен психологияны зерттемесеңіз, қоғамдағы күрделі мәселелерді терең түсіндіре алмайсыз.
2. Тіл үйреніңіздер. Өз тілің – бірлігің үшін, өзге тіл – тірлігің үшін керек.
3. Дұрыс сұрақ қоюды үйреніңіздер. Журналистің шеберлігі сұрақтың санымен емес, оның маңыздылығымен өлшенеді.
4. Ақпаратты тексеріңіздер. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген заңдылықты әрдайым ұстаныңыздар.
5. Басты мақсат – танымалдылық емес, кәсібилік болуы тиіс.
Қазіргі журналист тек редакцияда отырмай, әлеуметтік желі мен дәстүрлі медианы қатар алып жүруі керек. Қазір смартфон ұстағанның бәрі – бір-бір медиа өкілі. Соны тиімді пайдаланып, ешкімге тәуелді болмай-ақ, өз аудиторияңызды қалыптастырып, монетизация жасауға мүмкіндік бар. Ең бастысы – халықтың сенімі деген капиталды жоғалтып алмау.
Осы ретте, қазіргі цифрлық дәуірдің кері тұстарын да көріп жүргеніміз рас. Айнұр Шошаевадан осы турасында біршама ақпар алдық.
Айнұр ШОШАЕВА журналист, медиа тренер:
– Цифрлық қауіпсіздік бүгінде кез келген маман үшін кәсіби сауаттылықтың бір бөлігіне айналды. Ал әйел журналистердің киберқауіпсіздігіне жеке тоқталуға тура келетіні – өкінішті шындық. Өйткені интернеттегі қауіп кей жағдайда кәсіби қызметпен шектелмей, журналистің әйел болғанына байланысты жеке сипат алуы мүмкін. Қоқан-лоқы, қорлау, жүйелі хейт, жеке деректерді рұқсатсыз тарату, яғни доксинг, жеке өмірге қол сұғу – мұның бәрі адамның психологиялық жағдайына әсер етіп, кәсіби қызметіне қысым көрсету құралына айналады. Сондықтан журналист үшін цифрлық қауіпсіздік құпиясөзді ауыстырып, антивирус орнатумен шектелмеуі керек. Бұл – жеке деректерді, кәсіби ақпаратты, бедел мен қауіпсіздікті қорғауға бағытталған тұтас мәдениет. Журналист ақпарат іздеп, кейіпкерінің дерегін тексергенімен, кейде өзінің желіде қандай із қалдырып жүргеніне мән бере бермейді. Ал қауіпсіздікті ойлаған маман ең алдымен өзінің цифрлық ізін бақылауы қажет. Интернеттен өзі туралы қандай ақпарат барын мезгіл-мезгіл тексеріп, үйінің мекенжайы, жақындарының, балаларының деректері, күнделікті жүріп-тұратын орны секілді мәліметтерді ашық жарияламаған жөн. Барлық жеке және кәсіби аккаунттарға екі факторлы аутентификацияны (2FA) қосу да маңызды. Әсіресе электрондық пошта, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттар кәсіби жұмыстың негізгі цифрлық құралдары болғандықтан, олардың қорғанысын күшейту қажет. Ал онлайн шабуылға тап болған жағдайда ең дұрыс қадам – эмоцияға ермей, дәлелді сақтап қалу. Қоқан-лоқы немесе қорлау сипатындағы хабарламаларды өшірмей, скриншот жасап, уақыты мен сілтемесін тіркеп қойған жөн. Қажет болған жағдайда бұл деректер құқық қорғау органдарына немесе тиісті техникалық қызметтерге жүгінуге негіз болады. Ақпараттық кеңістікте жұмыс істейтін әйел журналист үшін цифрлық сауаттылық жеке қауіпсіздік мәселесімен ғана шектелмейді. Ол – кәсіби еркіндік пен сөз бостандығын қорғаудың да бір тетігі. Киберқауіпсіздік үреймен өмір сүру деген сөз емес. Керісінше, бұл – өз дерегіңді, кәсіби еңбегіңді және еркін пікіріңді саналы түрде қорғай білу мәдениеті.
Әйел журналистердің цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігіне қатысты Aiel-qorgan.kz платформасының іске қосылуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Онлайн қудалау, қоқан-лоқы, кибербуллинг сияқты әрекеттер журналистің кәсіби қызметіне ғана емес, жеке қауіпсіздігіне де әсер етеді. Сондықтан мұндай жағдайға тап болған адам қайда жүгіну керегін, шабуылды қалай тіркеп, қандай көмек ала алатынын нақты білуі қажет. Платформада осыған қажетті нұсқаулықтар, әрекет алгоритмдері және құқықтық, психологиялық қолдау туралы ақпарат жинақталған. Басты мақсат – онлайн шабуылға ұшыраған әйел журналистің жалғыз қалмауына жағдай жасау.
ТҮЙІН. Әйел журналистің кәсіби жолын оның қанша кедергіден өткендігімен емес, сол кедергілердің қоғамда әлі де бар-жоғымен өлшейтін уақыт жетті. Біз журналист әйелден әрі мықты маман, әрі мінсіз ана, әрі үнсіз төзімді адам болуын күтетін болсақ, оның кәсіби еркіндігі туралы сөзіміздің салмағы қайда қалады? Қоғамның шындығын айтуға шыққан журналистің өзі қысымнан қорғануға мәжбүр болса, біз ақпарат еркіндігі туралы қаншалықты шынайы сөйлеп жүрміз? Медиада әйелдің дауысы күшеюі үшін оның батылдығын ғана емес, сол батылдыққа орын беретін кәсіби ортаны да қалыптастыруымыз керек. Өйткені әйел журналистің еркіндігі – әйелдер мәселесінің шеңберіндегі тар ұғым емес, қоғамның шындықты қаншалықты еркін ести алатынын көрсететін өлшем.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!