Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

NIS ұстаздары мен оқушылары биік белестерді бағындыруда

06.10.2026, 17:45 62

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім мен ғылым саласының беделін асқақтатып жүрген озық ойлы ұстаздары мен талантты оқушылар қатысқан баспасөз конференциясы өтті. Басқосу барысында педагогтердің кәсіби жетістіктері мен оқушылардың халықаралық аренада қол жеткізген ортақ табыстары кеңінен сөз болды.

Брифинг барысында сөз алған аталған мектептің мектептің география пәнінің мұғалімі, республика бойынша NIS педагогтері арасында өткен «Жылдың үздік мұғалімі» байқауының жеңімпазы Арай Нұрбаева алдағы кәсіби сынақ туралы бөлісті.

«Осы қазан айының 8-і күні Астана қаласында өтетін «Үздік педагог» республикалық конкурсына қатысқалы отырмыз. Шарт бойынша білім беру ұйымына барып, кез-келген сыныпқа кіріп, өз пәнімізден ашық сабақ өтеміз. Жеңімпаздар сабақ беру шеберлігі мен портфолио нәтижесі бойынша анықталады. Байқау қорытындысы қазан айының орта шенінде белгілі болады деп күтілуде. Бұл біздің кәсіби жетістігіміз болса, оқушыларымыз да облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда әрдайым топ жарып келеді», – деді Арай Талғатқызы.

Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, оқулықтар мен әдістемелік құралдардың авторы Мира Доненхожаева ақпараттық технологиялар заманында мұғалімге қойылатын талаптардың ерекше екенін айрықша атап өтті.

«Қазіргі ақпараттық технология ғасырында білім беру жүйесінде мұғалімге қойылатын талап өте жоғары. Әсіресе, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде ең үздік отандық және халықаралық тәжірибені ұштастыра отырып, зияткерлік әлеуеті жоғары, сыни тұрғыдан ойлайтын, шығармашыл, әлеуметтік жауапкершілігі қалыптасқан тұлға тәрбиелеуге ерекше мән беріледі. Менің ұстаздық жолымдағы маңызды бағыттардың бірі оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамыту. Оқушыларым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыратын олимпиадаларға, Қ.Бітібаева атындағы республикалық олимпиадаға, «Ақберен» республикалық өнер байқауына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Сонымен қатар жыл сайын оқушыларымды ғылыми жобаларға қатыстырып, олардың қазіргі қазақ әдебиетін өздігінен зерттеуіне мүмкіндік жасап келемін. Мысалы, оқушыларым «Оқиға –лабририт» симуляторлы ойын мобильді қосымшасын жасай отырып, шағын көлемді әңгімені оқуға қызықтырудың жолдарын және әңгіме құрылымын меңгерту арқылы шығармашылық жазылым жазуға дағдыландырудың оңтайлы жолдарын ұсынды», – деді Мира Өтегенқызы.

Сондай-ақ брифингте мектептің 12-сынып оқушысы Ерасыл Айдарбек Стамбұл қаласында өткен «Empower Me» халықаралық байқауында ІІ орын еншілеген инновациялық жобасын таныстырды.

«Remotion — инсульт алған пациенттерді үй жағдайында тиімді әрі қызықты оңалтуға арналған инновациялық тренажерлер кешені. Басты мақсатымыз ауыр әрі іш пыстыратын физикалық жаттығуларды қызықты компьютерлік ойын форматына ауыстыру. Пациент жаттығу жасап жатқанын сезбей, ойын ойнау арқылы қимыл-қозғалысын және мидың нейропластикалық қасиетін қалпына келтіреді. Кешен қол моторикасына арналған Remotion, білек бұлшықеттеріне арналған Re-Expander және есте сақтау, есту қабілетін қатар жаттықтыратын Resound құрылғыларынан тұрады», – деді жас өнертапқыш Ерасыл Тұрсынұлы.

Өңірлік Коммуникациялар Қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: