Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бір мәйіт бірнеше адамды өлімнен арашалап қалады

01.10.2026, 6:00 31

Науқасқа донор табу әрі  мәйіттен  ағза  алу  әлі күнге дейін өзекті мәселе болып отыр. Бұл туралы бізге Қызылорда облыстық көпбейін­ді ауруханасының жоғары санатты дәрігер-нефрологы, аймақтық трансплант  үйлестірушісі Лиза Нұрсұлтанова айтып берді. Денсаулық сақтау саласында 40 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміз Асфендия­ров  атындағы ҚазҰМУ-інде докторлық диссертацияны абыроймен  қорғап, Сыр медицинасы тарихы­нда осындай  ғылыми  дәрежесі  бар алғашқы  қазақ  қызы  атанған  еді.

Әңгімесін «Қазақстанда бүйрек транспланттауды қажет ететін адам өте көп» деп бастаған маман елде нау­қасқа көбіне туған-туысы, танысы не ет жақыны ғана донор болатынын алға тартады. Сондықтан да, «донорлықты, қажет болса мәйіттік донорлықты насихаттауымыз керек»  дейді  білікті  дәрігер.

Ең біріншіден, кім-кімде болма­сын, «Қазақстанда ағзаны сатып алуға не сатуға бола ма?» деген заңды сауал  туындайтыны  рас.

Біз бұл тұрғыда ҚР ДСМ «Транспланттауды және жоғары техноло­гиялық медициналық қызметті үйлес­тіру жөніндегі республикалық орталық» Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының transplant.kz сайтына  жүгіндік.

– Қазақстанда әлемнің көптеген еліндегідей, ағзалар мен тіндердің сау­дасына тыйым салынады және заң бойынша қудаланады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Респуб­ликасының 2020 жылғы 7 шілдедегі №360-VI ҚРЗ Кодексінің 209-бабы 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес трансплантаттау кезінде адамның ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) сатып алуға-­сатуға тыйым салына­ды, — делінген ресми  сайтта.

Кейіпкеріміз Лиза Нариманқызы­ның (суретте) докторлық еңбегі­нің тақырыбы – Қызылорда облысында созылмалы бүйрек ауруларының (ҚҚСД) таралуы және бүйрек жеткіліксіздігінің өршуінің қауіп факторлары. Білікті маман облыс халқы үшін өзекті мәселені арқау етеді. Ғалым бүгінде «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша PhD докторы (медицина ғылымының докторы)  атанған.

– Жауапкершілік салмағын нефрология бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалғанда қатты сезіндім. Науқастарға ем көрсете жүріп, нақты нәтижелерді жинақтап, зерттеулер  жүргіздім, — дейді  ол.

Негізінен, Сыр өңірінде бүйрек ауыстыру отасы тұңғыш рет 2014 жылы жасалды. Отаны А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми орта­лықтан келген трансплантологтар жасады. Облыстық көпбейінді ауру­хананың бас дәрігері қызметіне PhD докторы, трансплантолог дәрігер Жасұлан Баймаханов келгелі (хирургия жөніндегі орынбасары, трансплантолог дәрігер – Ербол Серікұлы)  облыста  бүйрек ауыс­тыру қайта жанданды. Мысалы, кейінгі 3 жылда дәрігерлер ота арқылы тағы 11 адамның  бүйрегін  ауыстырған.

Жұптарды отаға дайындап, онан кейінгі емдеу кезеңінде науқастарды бақылайтын дәрігер – Лиза Нариманқызы.Көп жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан ол «халық бір ғана мәйіттік донордың бірнеше адамның өмірін сақтап қалатынын түсінуі керек» дейді. Тәжірибелі маман осыны көбірек насихаттау қажет екенін  ашық  айтып  жүр.

– Бір адамның мәйітінен алынған ағза бірнеше адамды өлімнен арашалап, ары қарай өмір сүруіне мүмкіндік сыйлайды. Бұл – бүгінгі медицин­аның ғылыми дәлелденген жетістігі. Осы ахуалға қарапайым халық­тың көз­қарасы да дұрысталғаны жөн секілді. Себебі, мәйітті трансплан­тациялау әдісі қазіргі уақытта бір емес, бірнеше адамның өмірін сақ­тап қалуға қауқарлы. Мәселен, жол-көлік апаты болды делік, ал науқас сол аурухана төсегінде жатып есін жимай қайтыс болды. Оған жасалған барлық ем көмектеспегеннен ке­йін «мидың өлімі» деген диагноз тірке­ліп, оның өзге ағзалары арнайы аппараттың көмегі арқылы жұмыс істейді. Мұнан соң арнайы мамандардан құралған комиссия мәйіттің ағзаларын алуға байланысты шешім шығарады. Мұның барлығы да заңда көрсетілгендей, келісім презумция­сы бойынша жасалады. Егер мәйіт­тің туыстары жоқ болса, ми өлімі дерегі тіркелген адам тірі кезінде емхана­ға барып немесе egov қосымша­сы арқылы келісемін не келіспеймін деме­ген болса, заң жүзінде ол адамның келісімін берген болып саналып, донор есебіне жатқызады. Ал адам тірі кезінде емханаға барып неме­се egov қосымшасында «келіс­пеймін» деген қағазға қол қойған болса, онда заң тұрғысынан ол қайтыс болғаннан ке­йін  оның  ағзаларына  ешкімнің  тиісуі­не  құқығы  жоқ.

Өкініштісі сол, Сыр өңірінде адам­дардың көпшілігі науқастардың жағ­дайына түсіністікпен қарағаны­мен, келісім беруі қиынға соғады. Тіп­ті, қаза болған туысқандарына да келіс­пейтіндерін білдіріп жатады. Дегенмен, мұндай жағдай кез келген адамның  басына  түсуі мүмкін екенін ұғынуымыз  керек, — дейді  дәрігер.

Айтқандай, кез келген адамның донор бола алмайтыны тағы бар. Әрі донор жетіспеушілігі де әлемнің көп елін  мазалайды.

«Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» Қазақ­стан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 210-бабының 1-тармағына және 212-бабының 1-тармағына сәйкес, ықтимал донор он сегіз жастағы және одан үлкен, әрекетке қабілетті, реципиентпен генетикалық байланыстағы немесе онымен тіні үйлесетін, трансплантаттау үшін алуға жазбаша нота­риат куәландырған келісімін білдірген адам тірі кезіндегі донор болуы шарт. Сондай-ақ, он сегіз жастағы және одан үлкен, миының біржола семуі расталған, ағзалары немесе тіні реципиентке трансплантаттау үшін пайдаланылуы мүмкін адам қайтыс болғаннан кейінгі донор болуы мүмкін. Донордың ағзалары патоло­гиясысыз, қатерлі және жұқпалы ауру­лары, қант диабеті және басқа да аурулары  жоқ  болуы  керек.

Мидың өлімінен соң, яғни өлген адамның өзгеге өмір сыйлап кетуі – сауапты іс. Елімізде көбі мұны қалыпты құбылыс деп санағанымен өзінің ағзасын беруге келіспейді. Онымен қоса қайтыс болған туған-­туысының да денесіне пышақ тигізбейді.

– Адамның ағзасындағы бүйрек, жүрек, өкпе, ұйқы безі, бауыры және көздің қасаң қабығын келесі адамға ауыстырып салуға болады. Көрер жарығы қалмаған адамның өмірден өткеннен кейін туыстарының рұқ­сатымен пайдалануға жарамды ағзасын алып, болашағы бар адамға салу – елімізде белгілі бір категориялар бойынша заңды дүние. Яғни, азға ауыстыру кезінде мұқтаж науқасқа туыстарының ағзасын салып, адамды аман алып қалған жағдайлар жетерлік. Бұл жағдайға шариғат бойынша да рұқсат етілген. Яғни, бір науқасқа көмектесу арқылы сол адам сауапты іс жасайды. Бір адамның өмірін аман сақтап қалғаның бүкіл елге көмек бергеніңмен тең саналады екен — дейді Лиза  Нұрсұлтанова.

Ағзаны сатудың қылмыс екені жоғарыда айтылды. Донорлыққа көбіне науқастың туған-туысының ғана келісіп жататыны да белгілі жайт.

– Жалпы, тірі адамды мүгедек етпеу үшін біз қайтыс болған адамның ағзасын трансплантациялауды наси­хаттауымыз керек. Себебі, аймақ бойынша донор табу, мәйіттен ағза алу – ең өзекті мәселелердің бірі. Сондай-ақ, әлем бойынша ең күрделі және сирек кездесетін ота түрі екенін ұғыну  қажет. Ал ағза сатуға байланысты заң бойынша тыйым салынған. Донорлыққа көбіне науқастың туыстары келісім береді. Екі ортада алыс-беріс деген болмауы керек. Ағзасын сатуға жеке адамның ешқандай құқы жоқ және ол қылмысқа жатады. Ал донорлыққа келісім беру бойынша насихат жұмыстары көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Сол себептен, адамдар бұл өмірде бір-біріне көмектесіп, қол ұшын созуы қажет, — деп сөзін қорытындылады аймақтық трансплантко­ординатор.

Кейіпкеріміз мамандығын жетілдіру мақсатында Алматы, Ақмола, Мәскеу және Санкт-Петербург қала­ларында болды. Бүйрек трансплантациясынан кейін науқастарды жүргізу бағыттары бойынша білімін жетілдірді, әріптестерімен әр­дайым тәжірибе бөлісті. 1998 жылдан бастап Санкт-Петербург нефрологтар қоғамы қауымдастығының және халықаралық нефрологтар қауым­дастығының мүшесі ретінде ТМД және Еуропа елдерінде (Лондон, Испания, Италия, Дания, Германия, Норвегия) өтетін халықаралық конференцияларға жыл сайын қатысып тұрды. 2002 жылы облыста бүйректің тері арқылы пункциялық биопсия­сын енгізген де осы – Лиза Нариманқызы. Тәжірибелі маман «Нефрологтар мектебі» мен «Пациенттер мектебін» ұйымдастырып, облыс тұрғындары арасында созылмалы бүйрек ауруларын ерте анықтау бо­йынша скринингтер жүргізіп келеді. Ширек ғасырдан бері облыстың бас штаттан тыс нефрологы болып қызмет  атқаруда.

Білікті дәрігер осы жылдар аралығында ҚР Денсаулық сақтау министр­лігінің Құрмет грамотасы, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, «Алтын дәрігер», «Қазақ­стан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Үздік еңбегі үшін» медалдарымен марапатталған. Сонымен қатар, «Қазақ­станның алтын нефрологы» номинациясының  иегері  де  атанған.

Ырыскелді ТӘЖІ

Фото: ЖИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: