Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

700 қатеден басталған дау оқулықтағы олқылықты түзей ме?

24.09.2026, 8:20 53

Білім  беру  саласы  сөз  болғанда  ең  алдымен  көпшіліктің қаузайтын  тақырыбы  бір  сарынды:  оқушы  мен  мұғалім  арасындағы  байланыс, тәртіп пен тәрбие және тағы басқалары… Десе де, осы шамадағы мәселелер төңірегінде тасада жатқан, көп айтыла бермейтін бір «олқылық» бар. Анау-мынау емес, бақандай оқулықтағы олқылық. Университет қабырғасында дәріс беріп, одан қалды ғылыми ізденіс жасап жүрген ғалымдар мектептегі қаршадай балаларға арнап оқулық жазады, оны баспа үйлері таласа шығарады. Бұл процестің артында қаншама қаржы игеріліп жатыр. Дегенмен де, біршама уақыттан бері кей оқулықтың сапасы сын көтермей келеді. Сапасыз олқылық – қолды бір сілтеп қоя салатын дүние емес, бүтін бір ұрпақтың білім алуына кедергі, онымен қоймай, болашақ білгір кадрды білімсіз ететін кесапат. Бұл мәселенің соңғы кездері ауқым алғаны соншалық, әңгіме Мемлекет басшысына дейін жеткен. Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі жауаптыларға аталған мәселені майшаммен қарауды тапсырды. Біз де аталмыш  мәселеге  бейжай  қарамай, бес тиынымызды  қосуды  құп  көрдік.

Оқулық мәселесі қоғам назарын бұрынғыдан да қатты аударды. Тамыз конференциясында көптің алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы мектеп оқулықтарынан 700-ден аса қате табылғанын айтып, дабыл қақты. Президент техникалық қателерден бөлек, тексерілмеген тарихи деректер мен ойдан құрастырылған мәліметтердің де оқу материалдарында көрініс табуына алаңдау­шылық білдірді. Оның сөзінше, оқулық тілі заман талабына сай әрі Конституция идеяларымен  тұспа-тұс  келуі  керек.

Президенттің сыны назардан тыс қалған жоқ. Дәлірек тарқатсақ, Оқу-­ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова істі өз қолына алып, 1-11-сынып аралы­ғындағы оқулықтарды қайта қаралған. Оның ішінде географиялық жер атауларының қате жазыл­уы, жас ерекшелігіне сай келмейтін мазмұн, сондай-ақ нақтылынбаған  тарихи   деректер  де  бар.

Министрлік бұл деректерді жариялап ғана қоймай, нақты оқулықтарды кезең-­кезеңімен оңалту жұмыстарын да ұсынды.

– Бүгінде 7-11-сынып оқулықтары жаңадан басылып, олардың ішіндегі бүкіл қате түзетілді. Енді 4-8-9-сыныптардың оқулықтары бірте-бірте қаралып, сәуір айына дейін жаңартылады, — деді Жұлдыз Сүлейменова  Тамыз  конференциясында  журналистерге  сұхбат  берген  сәтінде.

Сонымен қатар, министр оқулық­тарды  сараптау жұмысына да өзі араласатынын  атап  өтті.

– Бізде 15 баспа бар. Сол баспалардың барлық оқулығын өзім отырып қарадым. Сонымен бірге, министрліктің салалық комитет­тері мен сарапшылардың бәрі қара­ды. Жаға ұстайтындай көптеген қате  көрдік, — деді  ол  нақтырақ.

Өкініштісі сол, Қазақстанда оқулық­ты оқушының қолына жеткізгенге дейін қандай сүзгілерден өтетініне зер салсақ, бұл процестің бірнеше сатыдан тұратынын аңғарамыз. Мәселен, Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйсенсек, оқулықтар ғылыми-педагогикалық талаптарға сай сараптамадан өтеді, ал кейбір жаңа басылымдар мектептерде апробациядан өткізіледі. 2025-2026 оқу жылына арналған оқулықтарды сараптау кезінде 278 оқулық пен оқу-әдістемелік құрал қаралып, оның 266-сы пайдалануға  ұсынылған.

Демек, мәселені «оқулықта қате бар ма?» деген жауыр болған сұрақпен тамам­дау – әбестік. Негізгі мәселе – қатені оқушыға жетпей тұрып анықтайтын жүйе қаншалықты тиімді және анықталған кемшілік үшін кім, қай кезең­де жауап бере­ді? Оқулық сапасы тура­лы  әңгімені дәл  осы  сұрақтан бастау  қажет  сықылды.

Оқулықтың оқушы қолына жету жолы сырт көзге қарапайым көрінгені­мен, шын мәнінде бірнеше кезеңнен тұрады. Кітапты автор жазып, баспа басып шығара салмайды. Оған ғылыми-­педагогикалық сараптама жасалады, материал пысықталады, пилоттық мектептерде апробациядан өтеді, қоғамдық талқылауға шығарылады, соңында пәндік сараптамалық комиссия қорытынды береді. Қолданыстағы тәртіп бойынша оқулық сараптамасының бес сатысы осындай. Бұған қоса, баспа өз ішінде сарап­тама жүргізіп, тәуелсіз бағалау қорытынды­сын  да  ұсынуы  керек.

Олай болса, бірнеше сүзгіден өтуге тиіс оқулықтан жүздеген қате қалай табыл­ды? Бұл жерде мәселені тек автордың немесе баспаның қателігіне тіреп қою – қате.  Себебі, сапалы оқулық жасау – бір адаммен қоса, бірнеше маманның ортақ жұмысы. Ғалым пәннің ғылыми мазмұнын білуі мүмкін, мұғалім сыныптағы баланың қабылдау ерекшелігін жақсы түсінер делік, редактор тіл мен құрылымға жауап береді. Осы үш бағыттың басын бір жерге тоғыстырудың өзі оқулық  сапасына  тікелей  әсер  етеді.

Оқулықтану саласының ғалымдары да осыған назар аударып келеді. Академик Асқарбек Құсайынов жазған зерт­теулерінде сапалы оқулық жасау үшін автор­дың пәнді білуі ғана жеткіліксіз екені, оның әдістемелік және дидактикалық талаптарды, оқушының жас және психологиялық ерекшеліктерін де меңгеруі қажеттігі айтылған. Ғалымдар оқулық сапасын көтеруде ғылыми-­педагогикалық сараптаманы жетілдіру, сарапшылардың біліктілігін арттыру, баспадағы редакторлық-әдістемелік қыз­мет пен ішкі сараптаманы күшейту керектігін  де  ашып  көрсеткен.

Бұл ойды биылғы Тамыз конференциясында академик Асқар Жұмаділдаевтың айтқаны да толықтыра түседі. Ғалым мектеп оқулық­тарындағы оқу материалдарын қайта қарап, оқушыға қажетсіз тақы­рыптарды қысқарту керек екенін жеткізді. Яғни, мәселе тек қате сөзді түзетуге келіп тірелмейді. Оқулықтың мазмұнының  өзі  балаға  қаншалықты қажет, оның жасына сай ма, артық ақпаратпен ауырла­тылмаған ба деген сауалдар да назарда  болуы керек.

Мұның ғылым тұрғысынан да мәні бар. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 2025 жылғы білім сапасы жөніндегі зерттеуінде оқу маз­мұнының анық, дәл және жүйелі берілуі оқушының білімді дұрыс қалыптас­тыруы үшін маңызды екені көрсетіледі. Зерттеуде оқушыға берілетін ақпараттағы қателер оның білім жүйесінде қате түсініктердің орнығуына әкелуі мүмкін екені, ал мазмұнның дәйекті әрі нақты берілуі оқушының дұрыс білім құрылымын қалыптастыруына ықпал ететіні атап  өтіледі.

Оқулық сапасын сөз еткенде шетел­дік тәжірибеге де көз жүгірткен жөн. Бірақ бұл жерде бір қызық жайт бар: барлық елде Қазақстандағыдай мемлекеттік алдын  ала  сараптама  жүйесі  жоқ.

Мысалы, Финляндияда коммерция­лық баспалардың оқу материалдары мемлекеттік орган тарапынан алдын ала тексерілмейді. Финляндияның Ұлттық білім агенттігінің мәліметінше, оқу мате­риалдарын негізінен коммерциялық баспалар әзірлейді, ал мұғалімдер мен білім беру ұйымдары өздеріне қажетті оқулық пен басқа мате­риалдарды таңдай алады. Яғни, мемлекет әр  кітапты  алдын  ала  бекітіп   бермейді.

Бұл жүйені Қазақстанға сол күйінде көшіре салу мүмкін емес. Себебі, екі елдің білім беру жүйесі, нарығы, мектептердің автономиясы мен оқулық таңдау тәртібі бөлек. Бірақ Финляндия тәжірибесінен бір нәрсе үйренуге болады: оқулық сапасын тек мемлекеттік сарапшының қорытындысымен шектемей, мұғалімнің кәсіби таңдауына, бәсекеге және оқу материалының нақты сыныптағы  тиімділігіне  де  байланыстыру.

Ал Қазақстанда оқулықты мемлекет бекітіп, мектептерге ұсынатындықтан, жауапкершілік те жоғары болуы заңды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы да көптеген елде үкіметтердің оқулықтар мен оқу материалдарын әзірлеуге немесе бекітуге белгілі бір деңгейде қатысатынын атап өтеді. Сонымен бірге оқулық сапасын қамтамасыз ету, аккредиттеу және цифрландыру қазіргі білім саясатының маңызды мәселелерінің бірі ретінде қарастырылады.

Сондықтан Қазақстан үшін ең қисынды жол – сараптаманы көбейте берумен шектелмей, сараптаманың сапасын арттыру. Бес кезеңді алтыға, алтыны жетіге жеткізгеннен мәселе өздігінен шешілмейді. Әр кезең бір-бірінің жұмысын қайталамай, әрқайсысы нақты бір қатерді анықтауға бағытталуын дұрыс дер едік.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: