Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бітіруші түлек көп, жұмыс жоқ

24.09.2026, 7:20 64

Ата-ананың көпшілігі баласына жастайынан бір нәрсені үндейді: «мұғалім атан, жаман болмайсың». Сонау заманнан бері келі келе жатқан таптаурын біршама жасөспірімнің педагогика саласына бет бұруына түрткі болды. Әрине, ұстаздық – үлкен жауапкершілікті талап ететін, сұранысқа ие қызмет. Алайда көпшілік оның астарындағы жұмыссыздық мәселесін аңғармай, «стадоға» еріп, асығыс шешім қабылдап жатқандай көрінеді. Өйткені қолға қызыл-көк қағазды ұстауын ұстап, жұмыс табуға келгенде қиналған жастың қарасы қалың. Мәселенің бәрі жұмыс орнының жоқтығына тірелмейді, жемқорлық, тұрмысты сана билеген замандағы жұпыны жалақы да себеп.
Осыдан бірнеше жыл бұрын педагог атануды таңдаған жас мамандардың бірі де бұл жолдың осынша күрделі боларын ойламаған. Төрт жыл бойы университетте оқып, сабақ жоспарын жасауды, бала психологиясын, оқыту әдістемесін үйренді. Өндірістік тәжірибеден өтті. Дипломын алған күні қолына қағазын қысып, туған қаласындағы мектептердің есігін қақты. Бір мектепте бос орын жоқ. Екіншісінде орын бар, бірақ оған тәжірибелі мұғалім үміткер. Үшіншісінде конкурс жария­ланған. Құжаттарын өткізді. Күтті. Нәтижесінде тағы да «кейін хабарласамыз» деген жауап алды.
– Мен төрт жыл бойы осы мамандықты оқыдым. Университетте жүргенде диплом алған соң мектепке барамын деп ойладым. Практика кезінде де балалармен жұмыс істеуге қызығушылығым артты. Бірақ оқу бітірген соң бәрі басқаша екен. Бірнеше жерге құжат тапсырдым. Кей жерде тәжірибе сұрады. Жас маман ретінде тәжірибені қайдан жинайтынымды түсінбедім. «Басқа салаға кетіп қалсам ба?» деген ой да болды, — дейді аты-жөнін жариялауды қаламаған жас маман.
Оның әңгімесі бір адамның басындағы жағдай ретінде қаралуы мүмкін. Бірақ мәселе мұнымен бітпейді. Қазақстанның еңбек нарығындағы қазіргі көрініс те жұмыс іздеу­шілер мен бос орындар арасындағы бәсекенің бар екенін көрсетеді. Мәселен, 2026 жылдың маусымында Электрондық еңбек биржасында 108,7 мың бос жұмыс орны жарияланып, 126,7 мың түйіндеме орналас­тырылған. Яғни ұсынылған жұмыс орындарынан үміткер­лер саны көп болған. Жұмыс іздеушілердің 49 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бұл қатарға жоғары оқу орындарын жаңа тамамдаған түлектер де қосылады.
Бір қарағанда, білім саласындағы жағдай бұдан бөлек көрінуі мүмкін. Себебі дәл сол маусымда Enbek.kz платформасында білім беру саласы бос жұмыс орындарының саны бойынша бірінші орында тұрды – 19,2 мың вакансия жарияланған. Ал 2026 жылдың басынан бері білім беру саласында 33 мыңнан астам бос жұмыс орны орналас­тырылған. Оның ішінде математика пәні мұғалімдеріне 1,7 мың бос орын ұсынылған. Ендеше «педагогика оқыған жасқа жұмыс жоқ» деген пікір қайдан шығады? Мәселе осында.
Біріншіден, педагогке деген сұраныс пен педагогикалық дипломы бар адамның іздеген жұмысы бір нүктеде түйісе бермейді. Бір мектепке математика мұғалімі қажет болуы мүмкін, екінші мектепте бұл орын әлдеқашан толып тұрады. Бір өңірде маман тапшы болса, басқа қалада дәл сол мамандыққа конкурс жоғары болуы ықтимал. Мәселен, Алматы­дағы бір ауданның 2025-2026 оқу жылы соңындағы талдауында педагогтерге арналған 83 бос орын сақталған. Соның ішінде математика мұғаліміне – 16, орыс тіліне – 11, дефектологке – 8, бастауыш сынып мұғаліміне – 7, логопедке – 7 орын қажет болған. Ал сол ауданның кей мектептерінде бос орын мүлде болмаған.
Бұл – маңызды деталь. Демек, Қазақстанда мұғалімге сұраныс бар. Бірақ ол сұраныс барлық жерде бірдей емес. Оның үстіне барлық педагогика­лық мамандықтың еңбек нарығындағы жағдайы да біркелкі емес. Осыдан келіп жоғары оқу орындарында даярланып жатқан маман саны мен мектептердің нақты қажеттілігі арасындағы сәйкестік мәселесі туындайды.
Жас маманның мәселесі мұнымен ғана шектелмейді. Оның алдынан тәжірибе деген тағы бір қабыр­ға шығады.
Кеше ғана студент болған түлектен бүгін кәсіби тәжірибе сұралады. Жұмыс берушінің де өз уәжі бар: мектепке бала сеніп тапсырылады, сондықтан сабақ бере алатын, сыныпты басқара білетін, құжат жүргізуден хабары бар маман қажет. Бірақ жас педа­гогтің уәжі де түсінікті: егер жұмыс берушілердің барлығы тәжірибелі маманды іздесе, жаңа маман алғашқы тәжірибесін қайдан жинайды?
Мәселенің осы тұсы еңбек нарығындағы белгілі бір «тұйық шеңберге» ұқсайды. Жұмысқа орналасу үшін тәжірибе керек, тәжірибе жинау үшін жұмыс керек. Университеттегі практика бұл олқылықтың орнын толық баса алмайды. Өйткені студенттік практика кезінде жас маман толыққанды жауап­кершілікті өз мойнына ала бермейді. Ал диплом алғаннан кейін одан бірден кәсіби нәтиже күтіледі.
Мемлекет бұл аралықты қысқарту үшін жастар практикасы секілді тетіктерді де қолданып отыр. 2025 жылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша жастар практикасы арқылы 9,1 мың адам жұмысқа орналасқан. Оның ішінде бастауыш сынып мұғалімі – 309, тәрбиеші – 292, шет тілі мұғалімі – 282 адам болған. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі жұмыссыз түлектер қатыса алады, ал жұмыс беруші жас маманға тәжірибе беру үшін тәлімгер бекітуге тиіс.
Алайда жастар практикасы уақытша көпір ғана. Жас маманға бірер айлық немесе белгілі мерзімге арналған жұмыс беріп қою оның тұрақты еңбек жолын қалыптастырып жібермейді. Мұнда мектепке жаңадан келген педагогті кемінде алғашқы бір жыл бойы сүйемелдейтін жүйе қажет. Тәлімгері болуы, сабағына қатысып, әдістемелік көмек көрсетуі, құжат жүргізуді үйретуі – жас маманды ұстап қалудың бір жолы.
Бұл жерде тағы бір мәселе – жалақы. Педагог мәртебесі соңғы жылдары айтарлықтай көтеріліп, мұғалімдердің еңбекақысы да өсті. Бірақ «жас маман үшін алғашқы айлықтың өзі оның қалада жалғыз тұрып, пәтер жалдап, күнделікті шығынын өтеуі­не жете ме?» деген сұрақ бар. Әсіресе, тұрғын үй бағасы жоғары қалаларда бұл мәселе өткір сезіледі. Сондықтан «мұғалім мамандығы сұраныста» деген сөздің өзі жас түлекті автоматты түрде осы салада қалдыра алмайды.
Бір қызығы, педагог мамандығына қызығушы­лықтың өзі төмендеп тұрған жоқ. Оқу-ағарту министр­лігінің мәліметінше, 2025-2026 оқу жылында Қазақстанның білім беру ұйымдарына 10 мыңнан астам жас педагог жұмысқа қабылданған. Сонымен қатар, соңғы бес жылда педагогикалық мамандық студенттерінің шәкіртақысы екі есеге өсіп, 84 мың теңгеге жеткен. 2025 жылы «Алтын белгі» иегерлерінің 2 мыңнан астамы педагогикалық мамандықтарды таңдаған.
Демек, мемлекет бұл салаға жастарды тартуға күш салып отыр. Университетке түсуге ынта бар. Оқу бітіріп жатқан жас та бар. Мектептерде бос орын да бар. Бірақ осы үш нүктенің арасындағы байланыс әлі де мінсіз емес.
Мәселенің тағы бір қыры – жұмысқа қабылдау тәртібі. Қазіргі ережеге сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтерді қабылдау конкурс арқылы жүзеге асады. 2025 жылғы 31 наурыздағы №57 және №96 бірлескен бұйрық негізінде орта білім беру ұйымдарындағы педагог лауазымдарына конкурс «Педагогті жұмысқа қабылдау» модулі арқылы өткізіледі. Үміткерлер белгіленген критерий­лер бойын­ша балл жинайды, ал конкурстық комиссияның құрамында кемінде бес адам болуы керек.
Бұл тәртіптің мақсаты – жұмысқа қабылдауды ашық әрі өлшемге негіздеу. Бірақ қағаздағы тәртіп пен қоғамдағы қабылдаудың арасы әрдайым бірдей бола бермейді. Таныстықпен жұмысқа тұру, «орын алдын ала белгілі» деген күдік секілді әңгімелер жас мамандар арасында бар. Мұндай пікірлердің әрқайсысын нақты факт ретінде қабылдауға болмайды. Дегенмен жұмысқа қабылдау процесі қаншалықты ашық болса, осындай күмәннің де соғұрлым азаятыны анық.
Сондықтан конкурстың нәтижесін жариялау ғана жеткіліксіз. Жас маман өзінің не үшін жеңілгенін, басқа үміткердің қандай көрсеткішпен алға шыққанын түсіне алуы керек. Құжаттар, бағалау өлшемдері, комиссия шешімі барынша түсінікті болған сайын еңбек нарығындағы сенім де артады.
Ал мәселенің түпкі түйіні, бәлкім, жоғары оқу орнына қабылдау кезеңінен басталады. Бүгін педагогикаға қабылданған студент төрт жылдан кейін мектепке маман болып барады. Төрт жыл – аз уақыт емес. Осы аралықта қай пәнге қанша мұғалім керек болатыны, қай өңірде тапшылық күшейетіні, қай бағытта кадр көбейіп кетуі мүмкін екені алдын ала есептелуі тиіс. Қазір мектепке бір маман қажет болып, университеттен сол мамандық бойынша бірнеше ондаған түлек шықса, олардың бәрін еңбек нарығы бірдей жұтып кете алмайды.
Мүмкін, педагогикалық білім беру жүйесінде «қанша студент қабылдаймыз?» деген сұрақпен қатар «төрт жылдан кейін қанша мұғалім қажет бола­ды?» деген сауалға басымдық беретін уақыт келген шығар. Мұнда тек жалпы педагог саны емес, пән, өңір, мектеп деңгейі, зейнетке шығатын кадрлар, оқушы санының өзгерісі секілді факторлар бірге есептелуі керек.
Себебі бүгін университет табалдырығын аттаған бала ертең мектеп есігін қағады. Оның қолында дипло­мы, басында төрт жыл бойы жинаған білімі болады. Ал қарсы алдында тағы бір конкурс, тағы бір тәжірибе талабы, тағы бір «орын жоқ» деген жауап тұрса, оның педагогикаға деген алғашқы сенімі де сол жерде сөне бастайды.
Ұстаздықты жастарға насихаттау қажет. Бірақ мамандыққа шақырумен іс бітпейді. Педагог болуға ниет білдірген жасты университетке түсіріп, дип­ломын қолына ұстатып қою жеткіліксіз. Оны мектепке дейін жеткізетін жол да сондай маңызды. Өйткені мектепке кіре алмаған жас маман жұмыс орнын ғана жоғалтпай, төрт жыл бойы таңдаған кәсібіне деген сенімінен айырылады.

Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: