Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оқулықтар қайта жазылады: 700-ден астам қате ескеріледі

14.09.2026, 11:40 31

Қазақстанда мектеп оқулықтары алдағы үш жылда кезең-кезеңімен жаңартылады. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы төртінші ірі жаңарту болмақ. Алайда оқулықтың қайта жазылуы оның сапасын автоматты түрде арттыра ма деген сауал әлі де өзекті. 

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, оқулықтарға қатысты шағымдардың 19,6 пайызы расталған. Оның 10,6 пайызы баспалардың жіберген қатесіне тиесілі. Енді оқулықтан қате анықталса, баспа бүкіл тиражды өз қаражатына қайта шығаруға міндетті. 

Мұндай жағдай бұған дейін де болған. 2021 жылы 2-сыныпқа арналған ағылшын тілі оқулығынан қате табылып, баспа шамамен 400 мың дананы қайта шығарған. Ал 2024 жылы «Әдебиеттік оқу» хрестоматиясындағы қателерге байланысты 5,5 мың дана қайта басылған. 

Жаңа жоспар бойынша 2026–2028 жылдары оқулықтар кезең-кезеңімен ауыстырылады. Алдымен 3, 4, 7, 8 және 9-сыныптарға арналған кітаптар жаңартылмақ. Кейін 1, 5, 10 және 11-сыныптардың жекелеген оқулықтары, соңғы кезеңде 2 және 6-сынып оқулықтары қамтылады. 

Министрлік қосымша сараптау кезінде анықталған 700-ден астам қатені жаңа басылымдарда ескеруді жоспарлап отыр. Сонымен бірге оқулықтарға «Адал азамат» бағдарламасы, «Конституция негіздері», «Заң және тәртіп» пәндері мен экологиялық білім беру бағыттары енгізіледі. 

Биылдан бастап оқулық авторларының жауапкершілігін күшейтетін жаңа талаптар күшіне енген. Сондай-ақ оқулықтарды әр бес жыл сайын жаңарту көзделіп отыр. 

Білім беру саласының сарапшысы Бақытжан Дүйсенованың айтуынша, оқулықты жиі жаңарту оның сапасы міндетті түрде артады деген сөз емес. Оның сөзінше, соңғы жылдары оқулықтарда талдау, пікірталас, дереккөздермен жұмыс, визуалды материалдарды пайдалану және пәнаралық байланысқа арналған тапсырмалар көбейген. Дегенмен жаңа мазмұнның барлық мектепте бірдей тиімді қолданылып жатқанын айту қиын. 

Сапаны бағалауда оқушының нақты нәтижесіне де назар аудару қажет. PISA-2022 қорытындысында қазақстандық оқушылар оқу, математика және жаратылыстану бағыттарының барлығында ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішінен төмен нәтиже көрсеткен. Математикадан жоғары деңгейге жеткен қазақстандық оқушылар үлесі шамамен 2 пайыз болса, ЭЫДҰ бойынша бұл көрсеткіш 9 пайыз болған. 

Сарапшылардың пікірінше, оқулықтың жақсы жазылуы маңызды, бірақ оның шынайы сапасы сыныпта, мұғалім мен оқушы оны қалай қолданатыны арқылы көрінеді. Сондықтан кезекті жаңарту тек мәтінді ауыстырумен шектелмей, мазмұн, әдістеме және оқыту тәсілінің сапасын қатар жақсартуға бағытталуы керек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: