Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аграрлы елдің азығы неге қымбат?

10.09.2026, 9:40 55

Саясаттың  салқыны  кейде мінберден бұрын қара қазанға тиеді. Базардың нарқын қағаздағы есептен гөрі дорба көтерген жұрттың білегі жақсы біледі. Кеше он мың теңгеге апталық азығын қамдаған адам бүгін сол ақшамен дорбасының түбін әрең жабады. Ресми тілде мұны инфляция дейді. Ал қарапайым шаңырақта ол дастарқаннан еттің сиреуі, баланың жемісін азайту, ай соңына жету үшін әр тиынды жіпке тізгендей есептеу болып сезіледі. Қымбатшылықтың шын есебі қазанға не түскенінен көрінеді. Қазақ дастарқанның кеңдігін дәулеттің белгісі деп қана қоймай, үйдің берекесіне балаған. Сол берекенің тынысы тарылса, салмағы бір отбасының шегінен асып, мемлекеттің мойнына түседі. Ресми сан да тұрмыстың осы тарылған тынысын теріске шығармайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында қазақ отбасылардың ақшалай шығысының 48,6 пайызы азық-түлікке жұмсалған. Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 45,9 пайызға жеткен. Яғни, Сыр бойындағы әр шаңырақ маңдай термен тапқан табысының тең жарымын қара қазанның қамына байлап отыр. Еттің келісіне немесе сүттің литріне қосылған жүз теңге жеке қарағанда ұсақ көрінуі мүмкін. Алайда теңге тиыннан құралғандай, қымбатшылық та осындай жүз теңгелерден жиналып, ай соңында отбасы бюджетінің қабырғасын сөге бастайды. Сондықтан азық-түлік бағасы сауда сөресімен шектелмейтін, елдегі экономикалық саясаттың әділетін  таразылайтын  үлкен  мәселеге  айналды.

Дүкен сөресіндегі баға өздігінен бұрқ етіп көтерілмейді. Оның ар жағында теңгенің бағамы, жанармай мен электр энергиясының құны, несиенің пайызы, жем-шөп, тұқым, тыңайтқыш, қойма ақысы, тасымал шығыны мен сауда үстемесі тұр. Ауылдағы шаруа өнімін өткізгенше қалтасынан қағылады, өңдеуші оны дайындап, қаптайды, тасымалдаушы қалаға жеткізе­ді, көтерме саудагер қоймада ұстайды. Осы аралықтағы әр шығын бағаның бүйіріне бір-бір жүк артып, ауылдан арзан шыққан өнім сөреге жеткенше бірнеше қабат құн жамайды. Ақырында ұзын-сонар тізбектің бар салмағын дорба  көтерген  тұтынушы  арқалап  қайтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында мәселенің төркіні өнімді көп өндірумен түгесілмейтінін  айтты. Егін бітік шығып, мал басы көбейгенімен, оны сақтайтын қойма, өңдейтін кәсіпорын мен өткізетін орны сай болмаса, шаруаның еңбегі желге  ұшады.

– Ауыл шаруашылығының қуатын жиналған өнімнің көлемімен ғана өлшеу­ге болмайды. Жиналған өнімді тиісінше сақтап, шығынды мейлінше азайту қажет. Еліміздегі көптеген шаруа қожалығының қаржылық тұрақтылығы осыған байланысты. Сондықтан қолданыстағы астық қамбаларын жаңғыртып, заманауи элеваторлар салу керек. Агроөнеркәсіп кешені шикізат шығару­мен шектеліп қалмай, терең өңделген өнім өндіруге бет бұруы қажет. Судың тиімділігін арттырып, ирригациялық желілерді жаңғырту жұмысын да жедел­деткен жөн. Ауыл шаруашылығын дамыту жоспары су ресурстарын басқару жұмыстарымен өзара қабысып жатуы керек. Бір-бірімен келісілмеген жоспарлар мен жол карталарын көбейтуді доғару қажет. Қаржыны зама­науи су пайдалану технологияларын белсенді қолданатын өңірлерге берген дұрыс. Мемлекет  жұмсаған  әр  тиынның  қайтарымы  болу  тиіс, — деді Президент.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елдегі азық-түлік өндірісі мен сауда айналымына қатысты деректерді Үкімет отырысында жария­лады.

– Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымы­ның  көлемі 36,2 триллион теңгені құрап, 15,3 пайызға өсті. Негізгі өсім  азық-түлік сегменті есебінен қамтамасыз етілді.  Оның  өсімі  шамамен 30 пайызды құрады. Отандық агроөнеркәсіп өндірушілерінің сыртқы нарық­тағы ұстанымдары да нығаюда. Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша  азық-түлік экспорты 34,4 пайызға өсіп, 1,6 миллиард АҚШ долларын құрады, — деді  Арман  Шаққалиев.

Министрдің  айтуынша,  импорттың  үлесі 14,7  па­йыз  қысқарған.

– Бүгінде Қазақстан ең қажетті өнімдермен ішкі сұранысты қамтамасыз етеді. Күнбағыс майы, ұн, күріш, картоп, пияз, сәбіз, макарон өнімдері, сиыр және қой еті бойынша 100 пайыз қамтылған, — деді  министр.

Министрдің мәлімдемесі отандық өндірістің қауқарын аңғартады. Дегенмен, өнімнің елде жеткілікті өндірілуі мен халықтың сол өнімді қалтасы көтеретін бағамен сатып алуы – екі бөлек әңгіме. Ет мол болғанымен, бағасы табыстан жылдам өссе, оның қызығын қарапайым тұтынушы көрмейді. Қамба астыққа толып, дүкендегі нан қымбат­таса, есептегі тоқшылықтың дастарқанға шапағаты тимей­ді. Күріштің отаны саналатын Қызылордада да өнімнің егістіктен қанша теңгемен шығып, қала­дағы дүкенге қандай бағамен жеткені маңызды. Шаруа ақмаржанын арзанға өткізіп, тұтынушы оны қымбатқа алып отырса, ортадағы сыбағаның кімге бұйырғанын ашып көрсету керек. Азық-түлік қауіпсіз­дігі өнімнің бар-жоғымен бірге, жұрттың оны  сатып  алу  мүмкіндігімен  өлшенеді.

Сыр өңірінде азық-түлік саясатының бір ұшы суға барып байланады. Қызылорда облысы күріш өндірісі арқылы ішкі нарыққа да, экспортқа да елеу­лі үлес қосып келеді. Бірақ Сырдарияның төменгі ағысында отырған аймақ үшін әр гектар егістің тағды­ры өзеннің аңысын аңдап тұр. Жоғарыдан су аз келсе, атыздың ажары қашып, күріштің шығымы кемиді. Шығым азайған сайын шаруаның шығыны көбейіп, оның салмағы өнімнің бағасына қосылады. Сондықтан Қызылордадағы азық-түлік қауіпсіз­дігі базар сөресінен әлдеқайда бұрын, Сырдариядан егістікке  су  бұрылған  сәтте  басталады.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Дала күні – 2026» іс-шарасында Сыр елінің диқаншылық дәстүрі мен аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне қосып отырған үлесіне тоқталды. Ақмаржанның абыройын сақтап қалу үшін ескі сүрлеумен жүре бермей, ғылым мен жаңа  технологияға  арқа  сүйеу  керегін  айтты.

– Сыр елі – ежелден диқаншылық дәстүрі орныққан, несібесін қара жерден терген берекелі өңір. Ақ күрішімен аты шыққан аймақ еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосып келеді. Алайда кешегі тәсілмен бүгінгі су мәселесін шеше алмаймыз. Су қоры шектеулі кезде әр гектарға ғылымның көзімен қарап, әр тамшыны есеппен жұмсауымыз керек. Басты міндет – дәстүрлі саланың әлеуетін заманауи технология, ғылым және инновациямен сабақтастырып, су ресурсын тиімді пайдалану арқылы мол өнімге қол жеткізу. Мемлекеттік қолдау мен ғылымның мүмкіндігі шаруалардың жылдар бойы жинаған тәжірибесімен  ұштасқанда ғана бөлінген қаржының қайырымы  болады, — деді  Мұрат  Ергешбаев.

Биыл аймақтағы күріш алқабы 70 мың гектарға дейін қысқартылды. Мұны Сырдың басты дақылынан ат құйрығын кесісу деп қабылдауға болмайды. Керісінше, судың әр тамшысын кәдеге жаратып, аз аумақтан сапалы әрі мол өнім алуға бет бұрғандықтың белгісі. Күріш көлемін есепсіз ұлғайту бір маусымда табыс бергенімен, келер жылдың несібесін бүгін тауысып қоюы ықтимал. Ендігі жерде аймақ үшін қанша гектарға дән себілгенінен бұрын, әр гектардан қанша өнім алынғаны, оған қанша су жұмсалғаны және шаруаның еңбегі қаншал­ықты ақталғаны маңызды. Ақмаржанның абыройы атыздың аумағымен емес, сапасы мен нарық­тағы  бағасымен  көтеріледі.

Сырдария ауданындағы «Құндыз-жер» ЖШС биыл суды үнемдеу мақсатында күріш алқабын 70 гектарға  қысқартқан. Шаруашылық жерінің 80 пайызға жуығы лазерлік тәсілмен тегістеліп, күрішпен бірге бидай мен жоңышқа өсіруге де ден қойылған. Серіктестіктің бас директоры Бөлеген Рахмет биылғы су жағдайын өткен жылмен салыс­тырып, шаруашылықтың тапшылық көріп отырмағанын  жеткізді.

– Былтырғыға қарағанда су жақсы, жеткілікті мөлшерде ағып жатыр. Былтыр Сырдарияның өзі бөлініп-бөлініп қалған тұғын. Ал қазіргі кезде Сырдарияның  өзі  Аралға  ағып  жатыр. Демек, су бар, — деді  Бөлеген  Рахмет.

Сыр өңірінің егінжайына жыл басында 3,2 миллиард текше метр су лимиті қарастырылып, соның 2,4 миллиард текше метрі алқаптарға жеткізілген. Каналдар  мен  арықтардың тазартылуы, гидротехникалық нысандардың жаңғыртылуы және судың белгіленген кесте бойынша кезекпен берілуі маусым­ды қиындықсыз  өткізуге  мүмкіндік  жасаған.

Облыстық  ауыл  шаруашылығы   және  жер  қаты­настары басқармасының бөлім  басшысы Асылжан Жарылқасынов  суару маусымындағы жағ­дайға  тоқталды.

– Сырдария   өзенінен  төмен  қарай  секундына 450 текше  метр  су  жіберіліп, қазіргі кезде облыс шекара­сына секундына 463 текше метр су келіп тұр. Вегетациялық кезең былтырғы жылмен салыстыр­ғанда тұрақты жағдайда өтті. Жұмыс жоспарға сәйкес атқарылды. Су тапшылығы болған жоқ. Барлық алқапқа су жеткізілді, — деді Асылжан Жарыл­қасынов.

Атызға судың жетуімен шаруаның барлық тілегі орындала қалмайды. Күрішті егіп, баптап, орып алғаннан кейін оны кептіру, сақтау, өңдеу және тиімді бағамен өткізу машақаты басталады. Өнімнің өзіндік құнына тұқым мен тыңайтқыш, техника мен жанармай, су жеткізу қызметі, жұмысшының еңбек­ақысы мен тасымал шығыны түгел кіреді. Осылардың бірі қымбаттаса, күріштің бағасы да орнында тұрмайды. Халыққа арзан азық керек деген желеумен бар ауыртпалықты шаруаның иығына арта беру де жөн емес. Диқан еңбегінің өтеуін алмаса, келесі жылы егісін қысқартып, кетпенін керегеге ілуі мүмкін. Сондықтан тұтынушыға қолжетімді баға мен өндірушіге тиімді нарық бір-біріне кереғар қойылмай,  екеуінің  де  ебі  табылуы керек.

Қызылорда  облысында  бағаның  негізсіз  өсуіне жол бермеу және  сауда  заңнамасының  сақталуын  қамтамасыз ету мақсатында  биылғы алты  айда 98 кәсіпкерлік  субъектісіне  бақылау  жүргізілген. Тексеру нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтар жөнінде Сауда және интеграция министрлігінің Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының  орынбасары  Әділхан  Төлегенов  мәлімдеді.

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін заңнамада белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесін сақтамаған кінәлі тұлғалар әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. Бұдан бөлек, сауда объек­тілерінде  тауар бағасын заңнама талабына сәйкес рәсімдемеу фактілері тіркелді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 193-бабының 4-тармағына  сәйкес  42 кәсіпкерлік субъектісіне 544 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, оны орындау туралы міндетті нұсқамалар берілді, — деді Әділхан  Төлегенов.

Дегенмен, қымбатшылықтың құрығын тексеру мен айыппұл арқылы толық қысқарту қиын. Өнім азайып, қойма жетіспей, тасымал қымбаттап немесе өндірушінің айналым қаражаты сарқылса, баға қайта бас көтереді. Әлеуметтік дүкендер, жәрмеңкелер мен тұрақтандыру қоры белгілі бір мезетте жұрттың жүгін жеңілдетіп, маусымдық қымбатшылықтың бетін қайтарады. Бірақ күн сайын дүркін-дүркін су шашып отыратын өрт сөндіру шарасына айналса, одан түбегейлі нәтиже шықпайды. Бағаның бұйдасын уақытша тартқанмен, тапшылық пен шығынның себебі жойылмаса, қымбатшылық басқа тұстан қайта  қылаң  береді.

Шешім ауылдағы қырманнан қаладағы сөреге дейін созылған шұбалаң жолды қысқартудан бас­талуы керек. Шаруаға өнімін сақтайтын қойма, қолжетімді несие, жарамды техника мен тұрақты өткізу нарығы қажет болса, тұтынушы сапалы азықты қалтасына қонымды бағамен алғысы келеді. Осы екі мүддені қырғиқабақ етпей, шаруа мен сауданы бір арнаға тоғыстыру – мемлекеттің міндеті. Өндіруші ірі сауда орындарымен тікелей жұмыс істесе, та­уар бірнеше қойманы аралап, әр есіктен бір үстеме арқалап шықпайды, шаруа өнімін су тегінге өткізіп налымайды, тұтынушы да оны шарықтаған бағамен алмайды. Қамба мен қазанның арасы жақындаған сайын бағаның бұралаң жолы да түзеле түседі. Азық-түлік қауіпсіздігін бір министрліктің есебіне сыйғызу мүмкін емес, өйткені оның тамыры су мен жерге, энергетика мен көлікке, сауда мен бәсекеге, салық пен несиеге, ең соңында халықтың табысына барып тіреледі. Суы кешіккен егіннің шығымы кеміп, электрі қымбаттаған кәсіпорын шығынын тауар бағасына қосып, жолы нашар ауылдың өнімі қалаға жеткенше рәсуа болып, несиесі қымбат шаруа өндірісін кеңейте алмай отырғанда, осы түйіндердің біреуін ғана тарқатқаннан қымбатшылықтың көбе­сі сөгіле қоймайды. Нағыз азық-түлік қауіпсіздігі қоймадағы қаптың санымен емес, қарапайым отбасының ет, сүт, көкөніс пен жемісті қарызға кірмей сатып ала алуымен өлшенеді. Дүкен сөресі майысып тұрғанымен, жұрттың оған қолы жетпесе, қағаздағы молшылықтың дәмі сезілмейді. Дастарқандағы сая­саттың бар мәні осында: ол Сыр­дариядан атызға бұрылған судан басталып, Қызыл­ордадағы базар сөресіне дейін жалғасады, ал осы аралықта диқанның маңдай тері, ғалымның ізденісі, мемлекеттің қолдауы, кәсіпкердің жауапкершілігі мен тұтынушының қалтасы тоғысады. Бір буын босаң тартса, бүкіл тізбектің берекесі қашады. Халық үлкен экономикалық бағдарламалардың нәтижесін ресми баяндамаға үңіліп емес, күн сайын дүкенге кіргенде таразылайды. Өз жерінде өндірілген өнім өз халқына қолжетімді бағамен жетсе, жүргізілген саясаттың қадірі артады. Ал шаруа өнімін арзан өткізіп, тұтынушы оны қымбат алса, екі ортадағы сыбағаның кімге бұйырып жатқанын сұрайтын кез келді. Өйткені елдің ырысы алдымен есептен емес, дастарқаннан  көрінеді.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ.

Коллажды  жасаған  автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: