Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралдағы «Дара мото»

04.09.2026, 9:20 64

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысы Арал ауданында мотоцикл құрастыратын кәсіпорын ашылды. Дала төсін тілгілей жүйткитін техниканың бірнеше түрін шығаратын зауыттың алғашқы өнімдері нарыққа жол тартып үлгерген.

Ұзақ жыл бойы теңіз жағалауындағы жұртшылықтың негізгі кәсібі мал мен балық шаруашылығы болып келді. Аралдың айдыны тартылған тұста тұрғындардың біразы басқа өңірден нәпақа іздеп, үдере көшкені де рас. Кейіннен кіші теңіз пайда болып, байырғы жұрт берекелі ісіне қайта кірісті. Су маржанын сүзумен қатар мал шаруашылығын дамытты. Осының қатарында өңір экономикасын әртараптандыру талаптары да қосақабат жүріп жатты. Еліміздегі мотоцикл құрастыратын жаңа зауыт – осындай ізденістің нәтижесі.

Бұл күндері зауыттан жеңіл техниканың бірнеше түрі шығарылады. Негізгі бөлшектері Қытайдан жеткізілетін заманауи дизайндағы мотоцикл мен скутерге сұраныс бар.

Кәсіпорын жетекшісі Ханбек Қуанғали Ішкі істер министрлігі мен шекара қызметінен квадроциклдерге сұраныс түскенін айтады. Алда осы бағытта жұмыс істеу жоспарда бар. Одан басқа электрлі скутерлер шығару ойластырылып отыр.

Жаңа өндіріс инвесторы «Тоғыс-Аралотын» ЖШС бұл жобаға 1 млрд теңге жұмсапты. Жылына 20 мың техника құрастыру жоспарланып отыр. Зауыт өнімінің 50 пайызы ішкі нарыққа шығарылса, қалғаны сыртқа экспортталады. Қазір жұмыс істеп тұрған құрастыру, бояу цехтары да алда сұранысқа сай жұмыс аясын кеңейте береді.

Жаңа жобаның өңір экономикасын әртараптандырудағы, жұмыс орындарын ашып, экспорттық әлеуетті арттырудағы маңызы зор.

Былтыр аудан көлемінде 9 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жоба жоспарланып, оның ішінде 3,2 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылған. Қазір ауданда тұрмысқа қажетті ұнтақ өндіретін «Ase Invest» ЖШС, Сексеуіл жолындағы «Sinooil» жанармай құю бекеті, «Қарашалаң балық» зауыты мен «Petro Retail RFS» серіктестігінің жол бойында қызмет көрсету орталығы табысты жұмыс істеп тұр. Дәл осындай инвестициялық жобалар биыл да жалғасын тауып жатыр. Биыл құны 5,8 млрд теңге болатын 3 жоба кезең-кезеңімен пайдалануға беріле бастады. Олардың қатарында түйе сүтінен құрғақ ұнтақ сүт өндіру зауыты, жоғары сұрыпты ас тұзы өндірісі, сондай-ақ көпсалалы жол бойы кешені бар.

Осылайша, жеке инвестор көмегімен жүзеге асқан жоба арқасында қазір жаңа мотоциклдер әр ауылда жүйткіп жүр. Ішкі нарықпен қатар алда экспорттық бағыттарды қамтитын өндіріс орны елде көлік құралдарын құрастыру саласын дамытып, импортқа тәуелділікті азайтуға өз үлесін қоспақ.

Мұрат  ЖЕТПІСБАЕВ.

egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: