Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кеше VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан қоржынына 8 медаль түсті

03.09.2026, 9:35 54

HALYQLINE.KZ

Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасының спортшылары кеше ұлттық спорт түрлерінен жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына 4 алтын, 1 күміс және 5 қола – барлығы 8 медаль салды.

АУДАРЫСПАҚТАН – ЕКІ АЛТЫН

60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрталап Керім финалдық белдесуде Қырғызстан спортшысынан басым түсіп, жарыс чемпионы атанды.

Ал 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сайлау Мұхаммеджан финалда қырғызстандық қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, алтын медаль иеленді.

Бұл – Қазақстан құрамасының VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы алғашқы алтын медальдары.

ЖАМБЫ АТУДАН – АЛТЫН

Жамбы атудың қырғыз стилінен сынға түскен Тұлыбеков Абзал шеберлігін дәлелдеп, жарыстың жеңімпазы атанды. Спортшымыз алтын медаль иеленіп, Қазақстан қоржынына кезекті чемпиондық жүлдені қосты.

АРҚАН ТАРТУДАН – АЛТЫН

Арқан тартудан «8×8» бағдарламасы бойынша Қазақстан құрамасы ерекше өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

АУДАРЫСПАҚТАН – КҮМІС

80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Расул Құрайыш күміс жүлдегер атанды. Ақтық сында қырғызстандық қарсыласына есе жіберді.

АЛЫШТАН – 3 ҚОЛА

Алыштың классикалық стилінен 60 келі салмақ дәрежесінде күрескен Тұрмұханбет Қалмұхан қола жүлде иеленді. Аталған күрестің осы салмақпен еркін стилінен күрескен Әбубәкір Жандос та үшінші орынды қанағат тұтты.

Сондай-ақ, алыш күресінен Қожагелді Нұрсұлтан еркін стильде (100+) бес рет белдесуге түсіп, нәтижесінде жүлделі үшінші орыннан көрініп, қола медаль иеленді.

ТАЯҚ ТАРТУДАН – ҚОЛА

Маст-рестлингтен 90 келі салмақта сынға түскен Есімбай Нұрсұлтан қарсыластарынан басым түсіп, жарыстың қола жүлдесіне ие болды.

ОМЫРТҚА СЫНДЫРУДАН – ҚОЛА

Жарыс бағдарламасына жаңадан енген омыртқа сындыру жарысынан отандастарымыз үздік үштіктің қатарынан көрінді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы кешегі жарыс күнін 4 алтын, 1 күміс және 5 қола медальмен қорытындылады.

Бүгін, 3 қыркүйекте, көкпар, көкбөрі, эр эңиш (аударыспақ), овари, мангала, тогуз коргоол (тоғызқұмалақ), ат марафоны, ордо, құсбелігік, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, арқан тарту, сумо, стронгмэн, самбо, қырғыз күрөш, ссирым, армрестлинг, арқан тарту, тазы жарысы бойынша жарыстар өтеді.

Жадыра  ЖҮСІП

Фото: baq.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: