Белгілі журналист Ержан Байтілес «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры болып тағайындалды. Бұл туралы Egemen.kz хабарлады.
Ержан Байтілес 1981 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2001 жылы «Қазақстан» газетінде тілші болып бастаған.
Әр жылдары «Ақ жол Қазақстан» газетінде аға тілші, «Алматы ақшамы» газетінде бөлім меңгерушісі, «Ақшам-ақпарат» тобының жетекшісі болды. 2008–2011 жылдары «Ана тілі» республикалық газеті бас редакторының бірінші орынбасары, 2011–2016 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды.
2016–2018 жылдары Қызылорда қалалық мәслихатының VI шақырылым депутаты, кейін «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары болды. 2019 жылдан Президент Әкімшілігі жүйесінде еңбек етіп, Президент баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі, Мемлекеттік хатшы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2023 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысының орынбасары болып тағайындалған.
«Қазақ газеттері» ЖШС құрамына «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Ана тілі», «Ұлан» газеттері және бірқатар республикалық журналдар кіреді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!