Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада жаяу жүргінші жолы көбейіп келеді

27.08.2026, 8:00 66

Қала  көшелерінің  сән-салтанаты, жаңарған жолдар мен бой көтерген нысандар туралы бұған дейін де жаздық. Ендігі сөз күн сайын жаяу жүретін тұрғынға жасалған жағдай жайында. Биыл Қызылордада жаяу жүргіншілер жолына қатысты қандай жұмыстар атқарылды, қай көшелер қамтылды, қанша қаржы жұмсалды? Осы сауалдардың  жауабын  іздеп  көрдік.

Қазіргі дерекке сүйенсек, Қызылорда қала­сындағы 826 көшенің 121-інде жаяу жүргіншілер жолы бар. Олардың жалпы ұзындығы 293,1 шақырымды құрайды. Демек, шаһар көшелерінің шамамен 15 пайызы тротуармен қамтылған. 2023 жылы қаладағы 102 көшеде жалпы ұзындығы 259 шақырым жаяу жүргінші жолы болған. Үш жылға жуық уақыт ішінде тротуар бар көшелер саны 19-ға, жалпы ұзындығы 34,1 шақырымға артқан. Өсім болғанымен, қаладағы 705 көшеде арнайы жаяу жүргінші жолы әлі жоқ. Бұл мәліметтер Қызыл­ордада  тротуар  желісін кеңейту жұ­мысы алдағы  уақытта да  жалғасатынын  көрсетеді.

Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің 2026 жылдың екінші тоқсаны бойынша есебінде жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға жалпы құны 34 млрд 815,5 млн теңге болатын 7 жоба іске асырылып жатқаны көрсетілген. Бүгін­ге дейін аталған жобаларға 17,5 млрд  теңге  нақты бөлінді. Жоспар бойынша 39 көшенің 43,4   шақырымы  қайта  жаңғыртылып,  күрделі жөндеуден өтеді. Жаяу жүргінші жолдары­ның құрылысы жеке есептелмей, көшелерді қайта жаңғырту  жобаларының  құрамына  енгізілген.

Жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұры­лым қарастырылған негізгі нысанның бірі Сағымбаев көшесінде орналасқан. Торайғыров көшесінен «Қызылорда – Құмкөл» автожолына дейінгі ұзындығы 2,1 шақырымнан асатын көше төрт жолаққа дейін кеңейтіліп жатыр. Жоба бойынша жолдың бойына тротуар мен жарықтандыру жүйесі салынады. Келісімшарт құны 1 млрд 634,2 млн теңге болатын жұмысты «Қыран» серіктестігі жүргізуде. Қалалық бөлімнің тамыздағы мәліметі бойынша құрылыс 65 пайызға орындалған, нысанды қыркүйекте  аяқтау  жоспарланған.

– Дәл осы қыркүйек айында Торайғыров көше­сінен «Қызылорда – Құмкөл» автожолына дейінгі Сағымбаев көшесіндегі қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтаймыз. Жаңартылған көше «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі мен Астана қаласынан келетін жолды түйістіретін үлкен әрі заманауи қақпаға айналады, — деді  қала  әкімі  Нұржан  Ахатов.

Бәйтерек тұрғын ауданындағы Оңтүстік магистрал­ды канал арқылы өтетін жаңа көпірде де жаяу жүргіншілерге арналған бөлік пен жарықтандыру жүйесі қарастырылған. Жоба құны 975,9 млн теңгені құрайды. Құрылысқа қажетті қаржы толық бөлініп, 575,9 млн теңгесі игерілген. «Асанар-Дар» серіктестігі жүргізіп жатқан жұмыс 65 пайызға орындалды. Нысан­ды қыркүйекте пайдалануға беру көзделіп отыр. Көпір іске қосылғанда тұрғындардың канал арқылы қауіпсіз өтуіне және ауданның орталық көшелермен байланысына мүмкіндік жасалады.

Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол асты өткелінде де жаяу жүргінші жолы салынады. Құны 4,7 млрд теңге болатын жобаға екі жолақты өткел, көпір, тіреу қабыр­ғалары, жаңа жол жабыны мен тротуар енгізілген. Қазір айналма теміржол желілері төселіп, электр,  байланыс, сыртқы жарықтандыру және  ауыз­су желілерін  көшіру  аяқталған. Қала жағындағы  және  Шанхай тұрғын ауданындағы тіреу қабыр­ғалары бетондалып, көпір тіректерінің іргетасы қаланды. Нысан пайдалануға берілгенде Шанхай, Гагарин және теміржолдың арғы  бетіндегі  тұрғын  аудандардың  орталық­қа  жаяу  қатынауы  қауіпсіз  болмақ.

Президент  саябағын  қайта  жаңғырту  кезінде де жаяу жүргіншілерге арналған кеңіс­тік ұлғайтылды. Жалпы аумағы 30,94 гектар сая­бақта кеспетас төселген негізгі жаяу жүргінші жолының ұзындығы 2989 метрге жетті. Мұнан бөлек, Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетінің жиегінде жаяу жүргінші мен велосипедке арнал­ған екі жолақты бағыт салынып жатыр. Қала әкімдігі бұл аумақты тұрғындар серуендейтін және спортпен айналысатын жаңа демалыс орнына айналдыруды жоспарлап  отыр.

– Бөгет жиегінде екі жолақты жаяу жүргінші және велосипед жолы салынуда. Жоспар бойын­ша  өзен жағалауын су тасқынынан қор­ғап, тұрғындар үшін тағы бір жақсы демалыс аймағын қалыптастырамыз. «Астана» мөлтек ауданы мен Президент саябағын жалғайтын жаяу жүргіншілер көпірінің жобасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Енді нақты жұмыс  басталады, — деді  шаһар  басшысы  Нұржан  Ахатов.

Қызылордада жыл басынан бері атқарыл­ған жұмыстар жаяу жүргінші жолын көше құрылысының ажырамас бөлігі ретінде қарау басталғанын аңғартады. Ендігі міндет – салын­ған жолдың ұзындығын көбейтумен қатар, оның жарықтандырылуына, су жиналмауына және балалар арбасы мен мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың еркін қозғалуына жағдай жасау. Сонда жаңа тротуар қарапайым құрылыс ныса­ны болып қалмай, қала тұрғындарының күнделікті  қауіпсіздігіне  қызмет  етеді.

Халық-хабар

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: