Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баланы мектепке дайындау қанша тұрады?

20.08.2026, 8:00 47

Қыр астында қыркүйек. Ата-аналарда қарбалас. Ал жәрмеңкелерде сауда қызып жатыр. Жаңа оқу жылына санаулы апта қалды. Базар мен дүкендерде оқушысына қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын түгендеген ата-ананың қарасы көбейген. Бірі мектеп формасын іздесе, енді бірі сөмке, аяқкиім мен кеңсе тауарларының бағасын салыстырып жүр. Биыл баланы мектепке дайындау қанша тұрады? Аймақтағы нарық бағасын бағамдап, зерттеу жүргізген едік.

2026  жылғы  тамыз  айындағы қызылорда­лық  ашық  нарық  бағаларына сүйенсек, бір баланы мектепке  дайындауға  орта  есеппен 100-120 мың теңге қажет.  Үнемдеген жағдайда  негізгі  қажеттіліктерді   60-80 мың теңгеге жинақтауға болады. Ал бірнеше ауыстыратын форма, сапалы аяқкиім, ортопедиялық сөмке мен брендтік тауарлар таңдалса, шығын 170-200 мың теңгеден асып кетуі  ықтимал.

Ең қымбат шығынның бірі – мектеп формасы. Қарапайым шалбар немесе белдемше, жейде мен жилеттен тұратын жинақ шамамен 15-30 мың теңге тұрады. Ал пиджак, бірнеше жейде және ауыс­тыратын киім қосылған толық жинақ­тың бағасы 40-70 мың теңгеге жетеді. Сондықтан бірінші сыныпқа баратын баланың шығыны өзгелерге қарағанда көбірек болуы заңды. Өйткені, бұл жаста қажетті заттардың басым бөлігі алғаш рет алынады. Мектепке күнделікті киетін аяқкиімнің бағасы шамамен 7-25 мың теңге аралығында. Ал дене шынықтыру сабағына арналған спорттық киім мен кроссовкаға 17-35 мың теңге жұмсалуы мүмкін. Сөмке таңдауда да ата-ана қалтасы қағылады. Қарапайым мектеп сөмке­лері 5 мың теңгеден басталғанымен, қатты арқалығы мен бірнеше бөлімі бар сапалы үлгілер 15-30 мың теңге тұрады. Ал брендтік ортопедиялық модельдердің бағасы  40-50  мың  теңгеден  жоғары.

Кеңсе тауарлары да жалпы шығынның елеулі бөлігін құрайды. Мәселен, дәптер, қалам, қарындаш, қаламсауыт, желім, бояу, пластилин, түрлі түсті қағаз секілді қажеттіліктердің негізгі жиынтығына 10-18 мың теңге шамасында қа­ра­жат керек. Брендтік тауарлар мен қосымша оқу құралдары алынған жағдайда бұл  сома  20-30  мың  теңгеге  дейін  өседі.

Бұған қоса су құтысы, ауыстыратын аяқкиімге арналған сөмке, дәптер қап­тары, шұлық, колготки секілді ұсақ-түйек­ке тағы 5-15 мың теңге жұмсалуы мүмкін. Айта кетерлігі, бұл есепке күзгі-­қысқы сырт киім, смартфон, планшет, жолақы, ақылы үйірмелер және қосым­ша оқулықтар кірмейді. Демек, оқу жылы басталғанға дейінгі шығын мұны­мен  шектелмеуі  мүмкін.

Салыстырмалы түрде алғанда мектепке дайындық шығынын қарапайым базар мен сауда үйлерінен айтарлықтай айырмашылықты аңғаруға болады. Әсі­ресе, түрік не қытай фабрикасының өнімі деп сатылатын тауардың сапасы да баға бойынша біршама жоғары рөл ойнап  тұр.

Осы ретте, «Кәусар-жан» көтерме сау­да желісінің иесімен тілдесіп, баға мен сапа реттілігін саралап қайттық. Шолпан Меңдібайдың айтуынша, халыққа қолжетімді  тауар  түрі  қашанда  сұраныста.

– Әр жыл сайын жаз айының аяғы мектепке дайындық жұмыстарымен қызу қайнайды. Өздеріңіз байқағандай, халық­тың қарасы көп. Шілде айынан бастап оқу формасы мен сөмкелер әкеліп, халыққа тиімді бағада ұсынамыз. Нарықта 10 мың теңгеден жоғары бағаланып жүрген мектеп сөмкелерін біз көтерме бағада даналап та 5 мың теңгемен нарықтағы бағадан екі есе тиімді бағалап ұсынудамыз. Ал балалар жейдесі 2500 теңге мен 4000 теңге арасында. Оқушы киімінің сапасын да, бағасын да қалтаға қонымды етіп ұсынуға тырысып жатырмыз. Өзге саудагерлердегі тауар түрімен ұқсастық болғанымен, бағада айырмашылық болуының басты себе­бі тауар көлемінің көптеп келуінде, яғни көтерме бағада ұсынуымызда. Расын айту керек, қарапайым халыққа ұсынған бағада қаламыздағы түрлі саудагер жандар  қаптап  алып  кетіп  жатыр.

Одан бөлек, әр жыл сайын осы мезгілде арнайы білім ордасындағы әлеуметтік осал топтағы отбасы балаларына «Мектепке жол» акциясымен жүзге жуық сөмкені оқу құралдарымен, мектеп формасын толыққанды тарту етуге тырысып жатыр­мыз, — дейді  Ш.Меңдібай.

Сондай-ақ, баға өзгерісінің себебін де сұрап білдік. Яғни тауардың өткен жылғы бағамен салыстырғанда қымбатырақ болуының себебін сараладық. Саудагердің айтуынша, сырттан келетін тауар бағасы оның экспортталған нарықтың өзі қойған бағасымен, сонымен қатар, Қазақстанға келудегі жол шығынымен қоса бағаланады. Демек, тауардың өткен жылғы есеппен салыстыруда қымбат не арзан болуы доллар бағамына әрі транспорт  шығынына тікелей әсер етеді.

Мектепке қажетті заттардың бағасы ата-аналардың да назарында. Әсіресе бірнеше баласы мектепте оқитын отба­сылар үшін оқу жылы қарсаңындағы шығын аз емес. Бағаның жыл сайын өзгеруі ата-аналарды алдын ала дайындалуға мәжбүрлейді.

– Биыл мектепке қажетті заттардың бағасы біршама қымбат сияқты. Бір баланың өзіне форма, аяқкиім, сөмке және кеңсе тауарларын алудың өзі қомақты қаражатты қажет етеді. Сондықтан мектепке қажетті дүниелерді бірден емес, алдын ала алып, бағаларын салыс­тырып қарауға тырысамыз. Бірнеше баласы бар отбасыларға бұл шығын тіпті ауыр тиеді. Дегенмен, балаға қажетті сапа­лы затты  алған  дұрыс  деп  ойлаймын, — дейді ата-ана Ақтоты Шынберген.

Айта кетейік, биыл әлеуметтік аз қамтылған отбасындағы балалардың мектепке дайындалуына мемлекеттен 50 851 теңге берілуде. Нақтырақ айтсақ, қаржылай жәрдем ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қарау­сыз қалған, отбасында зорлық-зомбы­лыққа тап болған бүлдіршіндер мен әлеуметтік немесе тұрмыстық жағдайы қиын отбасылардағы балаларға арнал­ған. Көмек алу үшін 30 қыркүйекке де­йін әр ата-ана мектепке барып, өтініш жазуы  керек.  Қаражат  заңды  өкілдердің есепшотына  аударылады.  Кейін  олар  10 жұмыс күні ішінде сатып алынған заттардың түбіртегі мен басқа да растайтын құжаттарды мектепке тапсыруға мін­детті.

Сондай-ақ, биыл  мектеп  формасына қатысты талапқа өзгеріс енген жоқ. Яғни балалар былтырғы киімін қайта кисе  бола­ды.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министр­лігі мектеп сөмкесін таңдауда оның  салмағына  мән беруге кеңес  бере­ді. Толық  жиналған рюкзак баланың дене салмағының 10%-ынан аспауы керек. Мысалы,  бала 30  келі  болса, сөмке  3 келі  болғаны  абзал. Бос рюкзактың салмағы 1 келіден аспағаны жөн. Сөмкенің арқасы тығыз, иықбауы кең әрі жұмсақ болуы керек. Рюкзакты екі иыққа қатар асқан дұрыс. Жәрмеңке бағасы қалтаға қолайлы болғанымен, сапа да маңызды. Ал тез тозбайтын киім­нің  арзан  тұрмайтыны  анық.

П.ЗАХРАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: