Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еңбекшіде жаңа өрт сөндіру пункті ашылды

14.08.2026, 16:25 68

HALYQLINE.KZ

Шиелі ауданының Еңбекші ауылдық округінде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру пункті ашылды. Жаңа нысан Еңбекші, Жиделіарық және Қосүйеңкі ауылдарында болуы мүмкін өрттер мен төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Жаңа нысанның ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбаев құттықтау сөз сөйлеп, жаңа өрт сөндіру пунктінің елді мекендер қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығына тоқталды.

– Баршаңызды бүгінгі жаңа нысанның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Құтқарушы – нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі» деп айрықша атап өткен болатын. Бұл – сіздердің жауапты әрі абыройлы еңбектеріңізге берілген жоғары баға.

Өткен жылы Шиелі кентіндегі №16 өрт сөндіру бекетіне күрделі жөндеу жүргізіліп, нысан заманауи талаптарға сай жаңартылды. Сонымен қатар, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Бәйгеқұм ауылында жаңа өрт сөндіру пункті ашылды.

Төтенше жағдайлар бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгін ашылып отырған жаңа өрт сөндіру пункті – ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы тағы бір маңызды қадам.

Қазақта «Өрт – тілсіз жау» деген сөз бар. Елдің амандығы мен халықтың тыныштығын күзетіп жүрген азаматтық қорғау қызметкерлеріне әрдайым алғысымыз шексіз. Жаңа нысанның іргесі берік болып, халық игілігіне ұзақ жылдар бойы сапалы қызмет етсін! — деді Арман Дүйсенбаев.

Өз кезегінде облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Жасұлан Түйменов жаңа өрт сөндіру пунктінің ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне тоқталып, құтқарушыларға жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.

Жаңа өрт сөндіру пунктінің ашылуы ауылдық елді мекендердегі төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін арттырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң ықпал етпек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: