Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Туризм – қазіргі заманның креативті индустриясы

28.07.2026, 8:30 27

HALYQLINE.KZ

Қазіргі заман туризм заманы болып кетті. Адамдар тек өз мемлекетінде өмір сүріп, сол жерде мәңгілікке аттанатын дәуір келмеске кетті. Техниканың дамуы жер бетіндегі коммуникация байланысын әмбебап күйге келтірді. Бүгінде әлемдегі кез келген нүктеге жету, алдын ала хабар алмасу, ауа райын білу, адамзатқа ортақ тарихи-мәдени құны бар «әлем кереметтерін» көру, теңізге шомылу, тауға шығу – қазіргі заманның басты тренді десе болады… Оның жалпы атауы – туризм.

Бүгінде әлем мемлекеттері арасында туризмнен көп пайда тауып отырған мемлекеттер саусақпен санап аларлық қана. Туризм көптеген елдің экономикасының негізгі тіректерінің біріне айналды. Ол мемлекеттер туризмнен жыл сайын миллиардтаған АҚШ доллары көлемінде табыс табады (соңғы жылдардағы шамамен алынған деректер):

МемлекетТуризмнен жылдық табысТуристердің негізгі қызығушылығы
АҚШшамамен 215220 млрд АҚШ долларыНью-Йорк, Лас-Вегас, ұлттық парктер, Диснейленд, бизнес туризмі, мәдениет, шопинг
Испания95105 млрд АҚШ долларыЖерорта теңізі жағажайлары, Барселона, Мадрид, тарихи мұра, футбол
Ұлыбритания7075 млрд АҚШ долларыЛондон, мұражайлар, король сарайлары, білім және бизнес туризмі
Франция6575 млрд АҚШ долларыПариж, Эйфель мұнарасы, Лувр, сән индустриясы, шарап пен гастрономия
Италия5560 млрд АҚШ долларыРим, Венеция, Флоренция, Ватикан, теңіз жағалауы, тағам мәдениеті
Біріккен Араб Әмірліктері5055 млрд АҚШ долларыДубай, сәнді қонақүйлер, сауда орталықтары, шөлдегі сафари
Түркия5560 млрд АҚШ долларыАнталия, Ыстанбұл, Каппадокия, тарихи ескерткіштер, қолжетімді демалыс
Таиланд5060 млрд АҚШ долларыПхукет, Паттайя, Бангкок, аралдар, ұлттық тағамдар, қолжетімді демалыс
Жапония4050 млрд АҚШ долларыТокио, Киото, сакура, Фудзи тауы, технология және мәдениет

 

Туристер бұл елдерге не үшін барады?

Негізгі себептер:

* Тарихи және мәдени мұра – Франция, Италия, Ұлыбритания, Түркия.

* Теңіз және жағажай демалысы – Испания, Түркия, Таиланд, Индонезия.

* Заманауи сәулет пен ойын-сауық – АҚШ, БАӘ, Жапония.

* Табиғат пен ұлттық парктер – АҚШ, Канада, Жаңа Зеландия.

* Шопинг – Дубай, Париж, Милан, Нью-Йорк.

* Гастрономия туризмі – Италия, Франция, Жапония, Таиланд.

* Іскерлік туризм – АҚШ, Ұлыбритания, БАӘ, Сингапур.

Бұл елдер туризмді қалай дамытты?

Олардың жетістігі бірнеше ортақ факторға негізделген:

1. Туристік инфрақұрылымның (әуежайлар, жолдар, қонақүйлер) жоғары деңгейде дамуы.

2. Әлемдік деңгейдегі тарихи және мәдени ескерткіштердің сақталуы.

3. Қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасының жоғары болуы.

4. Туризмді халықаралық деңгейде белсенді жарнамалау.

5. Виза рәсімдерін жеңілдету және әуе қатынасының кең болуы.

Мысалы, Түркия 2025 жылы 60 миллионнан астам туристі қабылдап, туризмнен шамамен 60 млрд АҚШ долларына жуық табыс тапты. Ал Франция жыл сайын 100 миллионға жуық туристі қабылдай отырып, әлемдегі ең көп баратын елдердің бірі болып қала береді.

Қазақстандағы туризмнің дамуына не кедергі?

Қазақстанның табиғи және тарихи әлеуеті де жоғары болғанымен, қазіргі уақытта туризмнен түсетін табыс жоғарыда аталған жетекші туристік елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Дегенмен, дұрыс инвестиция мен инфрақұрылым дамуы арқылы бұл саланы ел экономикасының маңызды кіріс көздерінің біріне айналдыруға мүмкіндік бар.

Бірақ, біз Қазақстан ешқашан АҚШ, Франция, Испания, Италия және т.б. бола алмайтынын білуіміз қажет. Біздің менталитет пен дәстүріміз, тамағымыз, дүниетанымымыз бұл елдерден мүлдем бөлек. Тіптен, көрші Өзбекстанға да біз ұқсамаймыз. Табиғатымыз да бөлек. Ендеше, бізге туристерді елге тартудың тек бір жолы қалады, ол – «туризмді дамытудың қазақстандық жолы» деп аталады!

Ол қандай жол?

Біріншіден, Қазақстанның алып территориясын ескере отырып, бізге «туристік кластерлерді» дамытуды қолға алу керек. Ол үшін әрбір облыс, әрбір туристік маңызы бар аймақ кешенді жобалар жасап, қазіргі заманғы туризм саласындағы барлық креативті жаңалықтарды ескере келе, өз жобаларын жасауы керек. Мысалы, бүгінгі күні Қызылорда өңірі «туризмге кедей аймақ» қатарына жатады делік…

Оның әлеуетін қалай арттырамыз?

Естіп жатырмыз, жазушы Е.Құлбек ағамыз Қызылорда облысы әкімінің тапсыруымен қаланың Қазақстан астанасы мәртебесіне ие болған уақыты туралы екі томдық тарихи-танымдық кітабын аяқтапты. Әрине, бұл өте құнды кітап екені сөзсіз. Яғни, бұдан біз қызылордалықтардың «Ел астанасы» брендін туризмді дамытуға қолдану ниетін байқаймыз. Бірақ бұл туризмді дамытуға жеткілікті ме? Әрине, жеткіліксіз. Өйткені, бұл тарих ішкі аудиторияны қамтуы мүмкін. Ал, сыртқы аудиторияны өзіне тартады дей алмаймыз.

Осыдан келіп, біз жалпы туризм туралы айтқанда «ішкі туризм» және «сыртқы туризм» деген мәселеге келіп тіреледі екенбіз. Олай болса, өңірлердегі туризмді дамытуды да осы «ішкі» және «сыртқы» де аталатын қос жобаны ұсыну арқылы өркендету қажеттілігі пайда болады. Ал, ол, өз кезегінде, туристерге қызмет көрсетуде, тағам өндірісінде, қызмет көрсету бағасында, мәдени іс-шараларды ұйымдастыруда елеулі айырмашылықтарға ие болып шығады…

Мәселен, Қызылордада Қорқыт ата кешені бар. Алдында үлкен амфитеатр салынған. Мүмкін жылына бір-екі іс-шара өткізбесе, сол амфитеатр қаңырап бос тұр. Міне, осы амфитеатрды туристерге қалай толтыру мәселесін ойлаған адам бар ма? Бар шығар, бірақ, ондай ұсынысты естіген адам жоқ әзірге…

Ал, Қорқыт ата – бүкіл түркі жұртының әулиесі саналатын Қобыз Атасы. Ал оның «мәңгілік өмір философиясы» әлі де әлемдегі өте креативті ойлар қатарында тұр… (Ол туралы неше түрлі диктатор, әртіс және т.т. үнемі айтады ғой). Сондықтан, облыста «Қорқыт атаның басына түнеу ‑ Өзіңе өмір тілеу», «Қобызбен жанды емдеу» сияқты бағдарламалар жасалып, Қорқыт ата кешені жанынан соған сай инфрақұрылым (қонақүйлер, жергілікті халыққа арналған заманауи хостелдер, асхана мен кафелер) салынса, жыл сайын Түркі әлемінің басын қосатын фестивальдар ұйымдастырылса, түркі әлемінде «Қорқыт атаға барып қайту» брендтік үлгісі қалыптаса бастар еді…

Бірақ, Қорқыт ата есімі Ұлттық бренд болғандықтан, мұндай жобаны басыбүтін жекеменшікке беріп жіберуге тағы болмайды. Ендеше, мұндай жоба 50/50 үлесімен жалға беру арқылы іске асырылуы қажет: 50 – мемлекет үлесі, 50 – инвестор үлесі. (Мысалы, көрші Өзбекстан үкіметі әлі де осы жолмен туризмнен көп пайда тауып отыр).

Бұндай принципті еліміздегі барлық туристік аймақтарына тән болуы керек. Мысалы, Барел қорығы, Алтай таулары, Бурабай жағалауы, Каспий жағалауы, Айша бибі, Арыстан баб кешені және т.т. тарихи ескерткіштер мен қорықтар ешкімнің жекеменшігі емес, олар – Ұлттық құндылықтар. Ендеше, осы туристік құндылықтарды пайдалану арқылы тапқан табыстың да қомақты бөлігі Ұлттық қазынаға (халықтың байлығы) түсуі тиіс. Біз ондай нысандарды осыған дейін жекеменшікке беріп, тек тапқан табыстан салық алумен шектеліп келдік. Нәтижесінде, салықтан да пайда жоқ, ал тарихи кешендер жылдар бойы жөндеу көрмей, азып-тоза бастағанын білеміз.

Мәселен, аса құнды қазына – Шарын шатқалдары. Үкімет енді ғана «Табиғатты қорғау» бабымен оның инфрақұрылымына назар аудара бастады. Болмаса, оған дейін оны «меншіктеген» фирма жөні түзу дәретхана да салмап еді ғой?! Мұндай жағдайды «меншікке өткен» Қапшағай жағалауларына да көруге болады…

Ал, егер, туристік нысанда мемлекет үлесі бар болса, онда өз міндетін орындамаған «инвесторды» кез келген уақытта өзгерту де еш қиындық тудырмайды. Осы жүйемен жұмыс істеген өзбек кәсіпкерлері жалға алған қонақүйден, туристік кешеннен айырылып қалмау үшін барын салады. Оны Самарқанға барғанда Гүр Әмір мен Регистан маңындағы қонақүйді ұстап отырған өзбектен естіп риза болған едім. Ол: «Мұндайға кез келген өзбектің қолы жетпейді. Жеткен соң, одан айырылмауға әркім барын салады» деп еді…

Міне, біздегі жағдай әзірге осыған кереғар болып тұр. Себебі, Үкімет туристік нысандарды әлі де «бюджеттің табыс көзі» деп санамайды. Олардың басты мақсаты – «инвестор табу». Инвестор келе қалса, «жұмыс орнын ашады, салықтан пайда түсіреді» деп, нысанды басыбүтін беруге даяр. Бұл дұрыс емес. Өйткені, ол нысан – халық қазынасы. Ол – мұнай өндіретін бұрғы кешенінен ешбір кем емес қазына. Ендеше, туристік нысандар де ешқашан жекеменшікке толық өтпеуі тиіс. Өйткені, олардың бәрі дерлік Ұлттық мәртебесі бар табиғи құндылыққа жатады. Соның бірі – Алматыдағы Медеу шатқалы, Көкжайлау сияқты табиғи інжу-маржандар!

Біз бүгін туризм мәселесіндегі ең өзекті деген тақырыпты қозғадық. Егер, оны әрмен қарай қаузай берсек, ішкі туризмді ұйымдастыру, сыртқы туризм мәселелері, жол бойы кемпингтер мәселесі және «жасыл табиғат», «таза су» сұрақтары қылаң береді… Осыны ойласақ, біздегі туризм деңгейі әлі де «креативтік экономика» деңгейінен қаншалықты алыс жатқанын көреміз, көреміз де қынжыламыз…

Қазақтың қонақжайлылығы туризмді дамытуға жеткілікті болмай жатыр әлі!

Әбдірашит  БӘКІРҰЛЫ,

философ-публицист

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: